Ат спорты • 22 Мамыр, 2018

Астанада теңге ілуден Азия чемпионаты өтеді

644 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алдағы маусым айының алғашқы күні Астана қаласында ұлтымыздың дәстүрлі спорттық ойыны теңге ілуден, келесі күні бес салмақ бойынша аударыспақтан Азия чемпионаты өтетін болды. Бұл сайысқа 10-ға жуық мемлекеттің спортшылары қатысады деп күтілуде.

Астанада теңге ілуден Азия чемпионаты өтеді

Елбасының «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы аясында елор­даның 20 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылып отырған спорттық шараның жос­парымен таныстыру және жарысты жоғары деңгейде өткізу мақ­сатында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұ­ха­медиұлы аталмыш салаға қатысты адамдардың басын қосып жиын өткізді.

Соңғы жылдары елімізде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен ұлттық спорт түрлерінен халықаралық жарыстар көптеп өткізілуде. Атап айтар болсақ, ау­да­рыспақтан алғашқы Азия чемпионаты 2014 жылы Астанада, екін­шісі 2016 жылы Қытай елін­де өткен болса, теңге ілуден  бірін­ші ашық Азия чемпионаты 2015 жылы елорда төрінде ұйым­дас­тырылған еді.

Мәжілістің күн тәртібінде алда атқарылатын жұмыс жоспары мен регламенттері, шетелдік спортшыларды визамен қамтамасыз ету және қауіпсіздік мәселелері қаралды.

«Бұл реткі жарыстың маңызы зор, өйткені біздің ұлттық спортымызды тамашалауға ЮНЕСКО-ның Дәстүрлі спорттар мен ойындар комитетінің өкілдері келуге ниет танытып отыр», деді ұйымдастырушылар.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»