«Сонымен қатар, ҰБТ-ға дайындық барысында шешуді қажет ететін мәселелер де бар. Бірінші, мониторинг нәтижесі бойынша министрлік тарапынан облыс әкімдеріне бірнеше рет техникалық құралдарды, оның ішінде 4G мобильді байланыс сигналдарын басу құралдарын, металл іздегіштер, онлайн трансляциялау камераларын сатып алу және ҰБТ өткізу пунктерін қамтамасыз ету туралы хат жолданды», - деді министр.
Оның айтуынша, бүгінгі мониторинг нәтижелеріне сәйкес өңірлердің ҰБТ пунктері әлі күнге дейін заманауи техникалық құралдармен толық қамтамасыз етілмеген.
«Екінші, жергілікті атқарушы органдардан бітірушілерді тасымалдау, қажет жағдайда оларды тамақтандыру мен орналастыруды қамтамасыз ету, сондай-ақ тестілеу кезінде бітірушілер мен ата-аналар үшін арнайы ауыз суы, кондиционер, медициналық-психологиялық көмек, жалпы қауіпсіздік мәселелерін ұйымдастыру бойынша міндеттері сақталады. Осыған байланысты облыс әкімдері ҰБТ-ны ұйымдастыру және өткізу мәселелеріне арнайы назар аударуды сұраймыз», - деді Ерлан Сағадиев.