Аймақтар • 22 Мамыр, 2018

Сыр өңіріндегі тарихи-мәдени ескерткіштердің 3D картасы әзірленеді

1016 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Цифрлы Қазақстан» Мемлекеттік бағдарламасы және «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» аясында Қызылорда облысы тарихи-мәдени мұрасының 3D-форматты интерактивті картасы жасақталмақ. Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Орталық коммуникациялар қызметінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аймақта орындалу барысы туралы өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді. 

Сыр өңіріндегі тарихи-мәдени ескерткіштердің 3D картасы әзірленеді

Интерактивті карта 2018 жылдың аяғына дейін жасақталады. Ол республикалық және жергілікті маңызы бар 150 ескерткішті қамтитын болады. 

ЮНЕСКО ұйымы Бүкіләлемдік мұрасының алдын-ала тізіміне облыстан 9 ескерткіш еңгізілді: Сығанақ, Жанкент, Кескен-күйік, Шірік-Рабат, Бәбіш мола, Жент, Баланды, Жетіасар мәдениетінің ескерткіштері мен Сауысқандық петроглифтері еніп отыр. 

Аймақта «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» бағдарламасының бірінші кезеңі іске асты. Оның аясында тізімге 12 жалпыұлттық және 35 облыстық тарихи-мәдени ескерткіш еңгізілді. Қазақ хандығының тұңғыш астанасы Сығанақ пен Жанкент, Сортөбе, Жент, Шірік-Рабат пен Кердері кесенесінің археологиялық зерттеулері жүргізілді. 

Сонымен қатар, отандық және шетелдік туристер Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата мемориалдық кешені мен этноауылға үлкен қызығушылық білдіріп жатыр. Естеріңізге сала кетейік, мемориалдық кешен 1980-ші жылдары түркі әлемінің абызы Қорқыт атаның құрметіне салынып, 2014 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен нысанның толық реконструкциясы жасалып, зиярат ету орталығы салынды. Кешен «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автожолының бойында орналасқан, сондықтан келіп жатқан туристер ағыны, әсіресе «ЭКСПО-2017» көрме жұмысының аясында, үнемі артып келеді.