Кино • 22 Мамыр, 2018

Самал Еслямова: Туған еліңнің ықыласын сезіну – нағыз бақыт

67 реткөрсетілді

Бүгін Астанада 71 Канн кинофестивалінде «Үздік әйел рөлі» номинациясының жеңімпазы атанған Самал Еслямованың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Жиынға мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, режиссер Сергей Дворцевой қатысты.

Ұлттық кино өнеріміздің даму тарихындағы ерекше жетістік екенін атаған министр Арыстанбек Мұхамедиұлы актриса Самал Еслямованы «Үздік әйел рөлі» номинациясының жеңімпазы атануымен құттықтады. 

«Бұл ұлттық кино өнерімізден бөлек, әлемдік өнердің үлкен жетістігі. Осы орайда талантты режиссер Сергей Дворцевойға, актриса Самал Еслямоваға алғыс білдіремін. Кереметтей тандем болған шығармашылық ұжым 10 жылдан бері ынтымақта жұмыс істеп келеді. Кеңес Одағы кезінде пост кеңестік елдер арасында мұндай марапат бұрын-соңды болған емес», деген Арыстанбек Мұхамедиұлы Самал Еслямова мен режиссер Сергей Дворцевойға арнайы сый-сияпат тарту етті.

«Бірнеше күннен бері қаншама құттықтаулар келіп түсіп жатыр. Туған еліңнің ықыласын сезіну – нағыз бақыт. Туып-өскен ел-жұртыма зор ризашылығымды білдіремін», деді актриса Самал Еслямова.

Самал Еслямова Солтүстік Қазақстан өңірінде, қарапайым отбасында дүниеге келгенін айтады. «Әкем орманшы, анам почтада жұмыс істеді. Кезінде анам мені орыс мектебіне бермек болғанда, алты жасымда қазақ мектебіне барамын деп табандап тұрып алдым. Осылайша қазақ мектебінде білім алдым», деп өткенді еске алды актриса.

Мектеп бітірген соң Петропавлдағы өнер колледжінде актер мамандығы бойынша білім алған Самал Еслямова, 2011 жылы Ресейдің театр өнері университетінде (ГИТИС) оқуын жалғастырған.

Режиссердің сөзінше, «Айка» фильмі алты жыл бойы түсірілген. Фильм бюджеті 2,5 млн еуроға жете қабыл. 

Бұған дейін Самал Еслямова «Қызғалдақ» (реж. С. Дворцевой) фильмінде басты рөлді сомдаған. Бұл туынды 2008 жылы Каннда «Ерекше көзқарас» конкурсының бас жүлдесін, жас әділқазылардың жүлдесін, Францияның білім министрлігінің жүлдесін жеңіп алған болатын.

Ая ӨМІРТАЙ,

Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ,

«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар