Кино • 23 Мамыр, 2018

«Айка» фильмінің сценарийі Самалға лайықтап жазылды - Сергей Дворцевой

416 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кеше Министрліктер үйінің Мәжіліс залында 71-ші Халықаралық Канн кинофестивалінде «Үздік әйел рөлі» аталымында жүлдегер атанған қазақ қызы Самал Еслямова мен актриса ойнаған «Айка» фильмінің режиссері Сергей Дворцевойдың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Айтулы іс-шараға Мә­де­ниет және спорт министрі Арыстанбек Мұха­меди­ұлы арнайы қаты­сып, журналистердің сұра­ғына жауап берді.

«Айка» фильмінің сценарийі Самалға лайықтап жазылды - Сергей Дворцевой

– Әрине, бәріміз үшін бүгін ерекше сәт. Оны зор мақ­танышпен айтқымыз келе­ді. Өйткені отандасымыз Самал Еслямова 71-ші Канн кино­фестивалінде әйел бейнесін үздік сомдаған актриса ретінде кино саласындағы мәртебелі марапатты жеңіп алды. Бұл – ең алдымен, қазақ өнерінің, жалпы қазақтың жеңісі. Кеңес одағы кезінде посткеңестік елдер арасында мұндай марапат бұрын-соңды болған емес» – деп Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы аталмыш кинофестивальдің әлем­дік кинонарықтағы орны мен маңызына және бұл жеңіс­тің ұлттық кино өнерінің зор жетістігі екеніне баса тоқталып, құттықтауын жеткізді.  

Иә, күні кеше Францияда өткен Канн кинофестивалі Алаш үшін үлкен өнер оқиғасына айналғаны сөзсіз. Қазақтың талантты қызы Самал Еслямова айтулы кино думанында топ жарып, «Үздік әйел рөлі» аталымында жүлдегер атанғанын естігенде, қуанбаған қазақ кемде-кем. «Ақсарбас!» деп бөркі­мізді аспанға аттық! Қалай­ша қуанбассың, Еуропа­ның басты кинофорумы қазақты үздік деп мойындады. Сөйтіп кинорежиссер Сергей Дворцевойдың «Айка» фильмі кинофестиваль сарап­шыларының бірауыздан қол­дауына ие болды. 

– Бірнеше күннен бері толассыз келіп жатқан құттықтау­лар көңілімді ерекше қуаныш­қа бөледі. Туған еліңнің ықыла­сын сезінуден асқан бақыт жоқ екенін осы санаулы күннің ішінде шын сезініп үлгердім. Әр­дайым қолдап, жеңісіңе шын қуана білетін туып-өскен өлкем, ел-жұртыма зор риза­шылығымды білдіремін», – деп Самал Еслямова жиында барша қазақ еліне өз алғысын жолдады. 

Солтүстік Қазақстан облысында өмірге келіп, Петропавл қаласындағы өнер колледжіне актер мамандығы бойынша оқуға қабылданған болашақ өнер иесі кейін білімін Мәскеудегі іргелі оқу орны – Ресейдің театр өнері университетінде (ГИТИС) жалғастырады. Оқуы мен түсі­рілім алаңындағы жұмысты қатар алып жүріп, алдына биік мақсаттар да қойып үлгереді. Ол мақсатының бірі – осы «Айка» фильмінің жетістігі болатын. Режиссер Сергей Дворцевой актрисаны алғашқы түсірі­лім процесі басталған сәттен-ақ тұрақтылыққа, сапалы нәтиже­ге жұмыс істеуге тәрбиелейді. Кәсіби маман ретіндегі кеңесін аямайды. Сол үшін де актриса «Айка» фильмі түсірілген 6 жылдың бедерінде ұсынылған талай ауқымды жобалардан бас тартып, аталмыш рөліне барынша адалдық танытыпты. Бұл шешім өнер иесін шығармашылық тұрғыда шиырықтырып, психо­логиялық драма актрисасы ретінде жан дүниесін байытып, тереңдете түскені анық. Мұ­ны фильм режиссері Сергей Двор­цевой да айрықша атап өтті.

– Мен Самалды бірінші рет «Қазақфильм» киносту­дия­сы­ның өнімі – «Тюльпан» фильмі­нің кастингінде көрдім. Ол кезде Самал небәрі 19 жаста болатын. Шығармашылық адамында ішкі сезім қатты дамыған ғой, Самалды алғаш көргенде-ақ менің фильміме дәл осы актриса керек­тігін түсініп, басты рөлге бекіт­тім. Түйсігім алдамапты. Кейін Самалға лайықтай отырып «Айка» фильмінің сцена­рийін жаздық. Мәскеуге келіп қиын тағдырды басынан кешкен эмигрант қырғыз қызы­ның тау­қы­метті тағдыры баяндалатын фильм солай өмірге келген бола­тын», – деп режиссер түсірілім жұ­мы­сының барысын баяндап өтті. 

Артхаус бағытында түсіріл­ген бұл фильмнің жалпы бюджет қоры 2.5 миллион еуроны құрайды. Актриса үшін «Айка» фильмінің салмағы да, жауапкершілігі де үлкен болды. Рөлінің шынайы шығуы үшін Самал режиссердің кеңесі­мен біршама уақыт Қырғыз­станға барып өмір сүріп, ұлт­тың менталитеті мен жалпы табиға­тын зерттейді. Бұл жерде тағы бір ерекше атап өтерлік жайт, әлі ана атанып үлгермеген бойжеткен қос фильмде де ана рөлін кескіндейді. Оның өзі де актрисадан жіті ізденісті талап етеді. Бірақ әрдайым алған бетінен қайтпайтын, мақсатына жетпей тынбайтын өжет қыз қос рөлін де өз биігінде алып шығады. Нәтижесі – міне, көз алдымызда!

2008 жылы түсірілген «Тюльпан» фильмі (режиссері – Сергей Дворцевой) өз кезегінде Канн кинофестивалінде «Ай­рық­ша көзқарас» номинациясында топ жарса, араға бірнеше жыл салып түсірілген «Айка» фильміндегі Самалдың ізденісі тағы да киносыншылардың назарынан тыс қалмады. Байқау қорытындысы бойынша қазылар алқасы бірауыздан «Үздік әйел рөлі» аталымындағы жүлдені қазақ қызының қанжығасына байлап берді. 

– Ойлап қарасам, маған үнемі аналар рөлі бұйырады екен. Ең алғаш 19 жасымда түс­­кен «Тюльпан» фильмінде 3 бала­ның анасын сомдасам, «Айка» кинотуындысында да баласын өмірге әкеле салып, одан бас тартқан жас қыздың бейнесін кейіптедім. Оңай болды демеймін. Үлкен ізденісті талап етті. Бірақ соның нәтижесінде кино өнеріне басқа, байыпты көз­қа­распен, жауапкершілікпен қарап үйрендім», – дейді актриса. 

Иә, қай кезде де маңдай тер еңбектің өтеуі болған. Халық­аралық Канн кинофестивалінде Алаш елінің абыройын асқақ­татып, әлем назары қазақ хал­қы­на бұрылып жатса – оны қар­шадай қазақ қызы Самал Еслямова­ның тынымсыз ізденісі мен өнерге деген зор сүйіспеншілігінің же­місі деп бағалау керек. Бұл же­ңіс, сөзсіз, қазақ өнерінің жеңісі!

Назерке ЖҰМАБАЙ, 

Суретті түсірген Ерлан ОМАР,

«Егемен Қазақстан»