Компания басшылары электронды үкіметті дамыту барысын, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында қолға алынған жобалар жайын сөз етті. Акционерлік қоғамның басқарма төрағасы Әсет Тұрысовтың айтуынша, алдағы уақытта мекенжай анықтамасы, жылжымайтын мүліктің бар немесе жоқ екендігі туралы анықтаманы, заңды тұлғаларға және жеке тұлғаларға қатысты басқа да анықтамаларды SMS-хабарлама арқылы алуға болады. Бұл қызмет түрлерін қолдану үшін мобильді азаматтар базасында тіркелу қажет. Яғни телефоныңыздың нөмірі egov.kz порталының профиліне бекітілуге тиіс. Алынған анықтаманы телефонға сақтап қоюға немесе e-mail арқылы жолдауға болады. Акционерлік қоғам жуық арада басқа да қызмет түрлерін көбейтуді жоспарлауда.
Сонымен бірге компания egov.kz порталының редизайнын жасауды қарастырып отыр. Порталдың қазіргі дизайны 2012 жылы жасалған, қазіргі заманауи талаптарға сай емес. Қолданушымен кері байланыс орнату үшін порталдың beta-нұсқасы әзірленген. Азаматтар онда өздерінің ұсыныс-пікірлерін қалдыра алады, дейді Ә.Тұрысов. Жоспарға сәйкес, Ұлттық куәландырушы орталықтың (pki.gov.kz) да сайты қайта жасалмақ.
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ e-gov.kz порталын іске қосқаннан бергі 8 жылда оны пайдаланушылар саны 650 есеге көбейіпті. Ал аталған уақыт аралығында электронды үкіметтің қолданыстағы 235 қызметі мен сервисі бойынша азаматтарға 200 миллионға жуық қызмет көрсетілген. Бұл дегеніміз қағазбастылықтан арылып, қажетті құжаттарды электронды түрде алудың қолжетімді бола түскендігін көрсетеді.
Бұған дейін «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 94, 96-қадамдарын іске асыру бойынша «Ашық үкімет» порталы іске қосылған болатын. Онда 2828 ашық дерек жиынтығы, 25 492 нормативтік-құқықтық акті, 26 357 бюджеттік бағдарлама, 7 408 аудит, қаржылық бақылау, 63 мемлекеттік органдардың бюджеттік есептерінің электрондық нұсқасы қамтылған. Бұған қоса, «Ашық диалог» алаңы құрылып, оған соңғы 5 жылда 221 мыңнан аса өтініш келіп түсіпті. Олардың 88 пайызына мемлекеттік органдармен бірлесе отырып нақты жауаптар берілген.
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»