Мен дәстүрлі оқыту жүйесімен білім алған түлектің бірімін. Бүгінгі ел мақтаныштарының барлығы сол жүйемен білім алған, ол жүйе олардың өмірден өз орнын табуына кедергі жасамады деп ойлаймын. Мен де мектепте жақсы оқыдым. Нашар білім алдым деп есептемеймін. Қазіргі таңда математика пәнінің мұғалімімін. Бірақ мен бұл мамандықты қалай таңдадым? Бір сәт өткен күнге шегініс жасап көрейікші. 2005 жыл. Арман қуған түлектерміз. Біз ҰБТ тапсырған екінші түлек болатынбыз. Қандай пән таңдау керек деген сұраққа жауап іздеп көп толғандым. Ақыры мектептің дәлізінде жасақталған стендтен физика пәнін таңдау көптеген мамандыққа сәйкес келетінін көріп, физиканы таңдаған болатынмын. Мақсат ҰБТ-ны сәтті тапсыру ғана болды. Себебі алған білімім жақсы болғанымен, жаңа өмірді бастауға дайын емес едім. Мен үшін болашақ бұлыңғыр болатын. Мамандықты сонан соң таңдармын деп шештім. Кейін ұстазымның ақылымен математиканы таңдадым.
Университетті бітіріп, мектепте істеп жүріп, өмірден не күтетінін айқындай алмаған мектеп түлектерінің ішінде жалғыз болмағанымды көрдім. Мектеп бітіріп жатқан оқушылардың алға мақсат қоя алмайтыны мені ойға қалдырды. Бұрынғы ата-бабамыз он үште отау иесі деген, ал бүгінгі қазақ 17 жасында да өмірге есейген көзбен қарай алмайды. Жаңартылған білім беру жүйесімен танысқаннан кейін мені мазалаған сұрақтың шешілетініне көзім жеткендей. Сөйтіп жаңартылған бағдарлама бойынша оқытылатын сыныптарға сабақ бере бастадым. 2014 жылы деңгейлік курстан өткен маған бұл жүйе бойынша оқыту қиынға соқпады. «Алайда математика пәнінің маманы ретінде бұл жүйе мүлдем біздің салаға келмейді» деген пікірде болатынмын. Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша біліктілікті арттыру курсына барып келген соң жұмысқа ерекше құлшыныспен кірістім. Бұл жүйенің қыр-сырын меңгергеннен кейін пікірім де өзгерді. Енді осы мақала арқылы қоғамда орын алған жаңартылған оқыту жүйесін түсініспеушіліктерге, кері пікірлерге кішкентай болса да оң әсерімді тигізіп, көзқарастарын жақсы бағытқа аударғым келді. Бұл жүйе біздің балаларымызды қиындықтан шығатын жол табуға да, оны жеңуге де, түрлі адамдармен қарым-қатынас орнатуға да, оларға не қажет екенін түсінуге де, ол үшін қандай қызмет атқару керектігіне бейімдейтініне де толықтай сенемін.
Жаңартылған оқыту жүйесінің артықшылығы көп деп ойлаймын. Оқушылар арасында сауалнама жүргізгенде бұл жүйенің ең бірінші артықшылығы 5 күндік оқыту жүйесі деген еді. Кейбір ата-аналар мен оқушылар 5 күнде 7-8 сабақтан оқу ауыр емес пе деген пікір білдірді. Дамыған мемлекеттердің оқу жүйесіне көз жүгіртсек, олардың тәжірибесінде де бұл бар нәрсе. Әлем қарқынды дамып келе жатқан кезеңде мұны қажеттілік деп санаймын.
Сонымен жаңартылған білім жүйесінің артықшылығы неде?
Артықшылық – бағаның қойылмауы деп есептеймін. Бұл оқушының жаңа сабақты терең меңгеруіне көмектеседі. Осы ретте Р.Амоношвилидің «Оценки – костыли хромой педагогики» деген пікірі есіме түседі. Дегенмен бағаның қойылмауы оқушылардың оқуға ынтасына кері әсерін де тигізді. Баға алу үшін оқуға үйренген олар әрі қарай не үшін оқу керектігін түсінбей қалды. Жаңартылған оқыту жағдайында үй жұмысын орындағаны және жаңа сабақты түсінгені тек қалыптастырушы бағамен бағаланады және оқушылар бұл бағалаудың тоқсандық бағасына әсер ете алатынын, қалыптастырушы бағалау тапсырмалары бөлім бойынша бағалауда және тоқсандық бағалау жұмыстарын орындауда маңызды екенін түсінді. Бұл жағдай баланың сабағын емес, бүкіл санасын өзгертеді деп ойлаймын. Балалар осылайша бағалану үшін емес, білімдерін қолдану үшін оқып, білім алуға тырысатын болады.
Жаңартылған оқыту жүйесі туралы қарсы пікірді ата-аналардан ғана емес, білім саласына тікелей қатысы бар адамдардан да естуге болады. Менің ойымша, әр маман бұл жүйенің артықшылығын жанымен түсінуі қажет. Мен де оқу жылының басында сондай пікірде болғанымды айттым. Себебі математиканы есеп шығара беру арқылы ғана ұғып, түсінуге болады деп ойладым. Ал сабақтың үстіндегі топқа бөлу, шаттық шеңбері, топтық жұмыстар тек өзі қысқарған аз уақытымды алады деп ойлағанмын. Әрине сабақта көңіл күйі жоқ, оқуға ынтасы жоқ оқушы ешқашан еңбектенуге тырыспайтынын түсіне тұра уақытқа тіреліп қалатынмын. Екі апталық біліктілікті арттыру курсына барғанымда оқушылардың орнында болып, көзім ашылған секілді. Сабақта біздің қолданып жүрген әдіс-тәсілдеріміз де, бүгінгі сабақтың формасы да өте дұрыс екеніне көзім жетті. Бүгінде бұл жүйенің дұрыстығына сендім, әріптестерімді де сендіргім келеді. Ата-аналарға өткізген сабақтың соңында бір ата-ананың пікірі маған үлкен түрткі болды. Ол: «Бұл жүйе математикаға өте жақсы екен, бірақ ауызша сабақтарға мүлдем келмейді», деді. Бірнеше ай бұрын осы пікірге қарама-қайшы пікірді білдірген едім. «Бұл жүйе – тек ауызша сабақтар үшін ғана тамаша. Ал математика, физика және химияны бұлай оқыту дұрыс емес. Бізге бұрынғы жүйе өте жақсы», дедім. Сөйтсем «бұл жүйе бізге емес, басқа пәндерге жақсы» деген ой өзгелерге де келеді екен. Менің түсінуіме ата-ананың пікірі әсер етті.
Ойымды аяқтай келе ата-аналарға білім жүйесіндегі жоспарды іске асыратын ұстаздарға сеніңіз дегім келеді. Ұстаз – үздіксіз білім алатын жалғыз мамандық иесі. Сондықтан біз бұл жүйенің қыр-сырын меңгеріп, болашақ ұрпақты күткен дәрежеге жеткізетінімізге уәде бергім келеді. Алдымызға бір мақсат қоя отырып, сол мақсатқа жету жолында шәкірттердің жүрегіне жол тауып, әрекеттендіре білу шеберлігіне жетсек, егемен елдің ұл-қыздары сыни тұрғыдан ойлана алатын болады. Мақаланың басында айтылғандай, «мен кім боламын, қандай пәнді таңдаймын?» деген сұрақ оларда болмайды. Себебі алған білімін өмірде қолдана білуге үйреніп шығады. Жаңартылған бағдарлама бойынша білім алған түлектің арманы асқақ, ойы кемел, болашағы жарқын. Соның арқасында біз бәсекеге қабілетті, іргесі мықты ел боламыз. Сөзімнің соңын «Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі», деген А.Байтұрсыновтың сөзімен сабақтағым келеді. Жаңартылған білім жүйесін қолдаймын!
Әлия БАЙМУРЗИЕВА,
Пугачев мектеп-балабақша кешенінің мұғалімі
Батыс Қазақстан облысы,
Бөрлі ауданы