Елбасы Н.Назарбаевтың арнайы тапсырмасымен «Қазақстандық термоядролық материалтану реакторы Токамакты құруға ғылыми-техникалық қолдау (Токамак ҚТМ)» атты бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында термоядролық реакторды жасау үшін қазақстандық ғалымдар 15 жылдан бері тынымсыз еңбек етіп, нәтижесі халықаралық деңгейде белгілі болды. 2010 жылы 5 қыркүйекте «Токамак ҚТМ-нің» алғашқы жобасы іске қосылды. Онда алғаш рет қуаты 25 кА болатын «плазма» алынды.
Осы орайда Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры Ерлан Батырбеков: «Бұл ірі жобаны жүзеге асыру жұмыстары Қазақстан Ұлттық ядролық орталығында 2003 жылдан бері жүргізіліп келе жатыр. Бұл Токамакқа әлемдегі ядролық ғылыми қауымдастық мүшелері тарапынан үлкен қызығушылық бар. Болашақта осы жобаны бірнеше ел бірігіп пайдаланбақ. Олардың барлығы да өздерінде термоядролық энергетиканы дамытуды көздейтін мемлекеттер. Егер Жапония, Франция, Ресей сияқты ғылымы дамыған елдер Қазақстанға келіп, тәжірибе жинақтап жатса, қалай мақтанбасқа?! Ал бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тың жобасы аясында нәтижелі жүзеге асып жатыр», дейді.
– Осы орайда жалпы ғылымда термоядролық энергетиканы қандай мақсатта дамытады? Дамыған мемлекеттер неге бұл жобаға құштарлық танытады деген заңды сұрақ туады – деп жалғады сөзін Ерлан Батырбеков, – жер шарында көмір мен уран қоры шектеулі. Сондықтан біз болашағымызды ерте бастан қамтуымыз қажет. Көмір, уранды пайдалану кезінде, ауаға таралатын улы газдар, түрлі қоспалар табиғатты бұзып, ауаны ластайды. Осыны болдырмас үшін, біз термоядролық энергетика саласын дамытуды қолға алдық. Жыл сайын тек Қазақстанда емес, бүкіл дүние жүзінде де электр энергиясына деген сұраныс күннен-күнге артуда. Бұл сұраныстың арту төркінін түсіну қиынға соқпайды, яғни жаңа технологиялар көбейген сайын қуат көзін көп қажет ететіні белгілі ғой. Үйіңізде немесе жұмыс орныңыздағы компьютер, тоңазытқыш, ауа баптағыш секілді түрлі жаңа технологиялар, медициналық құрал-жабдықтар тек электр энергиясының қуаты арқылы жұмыс істейді. Оған шетелде әлдеқашан қолданысқа енген электр энергиясынан қуат алатын көліктерді қосыңыз. Қазіргі таңда қарапайым тәсілмен өндірілетін электр энергиясы солардың барлығына бірдей жете бермейді. Міне, осы кезде термоядролық энергия көмекке келеді. Термоядролық энергия көзі өндіретін қуат қазіргі электр энергиясы беретін қуаттан миллион есе күшті! Сол себепті термоядро көптеген мемлекеттердің қызығушылығын туғызды. Осы ретте қазақстандық «Токамак ҚТМ» – термоядролық қуат көзін өндіру бағытындағы айтулы жаңалық. Мұны әлем ғалымдары да мойындап отыр.
Ғалымның айтуынша, басқармалы термоядролық синтез – қуат көзінің таусылмас қайнары. Ол сутегі изотоптары арқылы іске қосылады, ураннан 100 есе, ал көмір қуатынан 10 млн есе күшті. Ең бастысы – қоршаған ортаға еш зияны жоқ, нағыз қалдықсыз жасыл технология. Токамактағы материалтану реакторының негізі – термоядролық реакция, ғылыми тілде термоядролық синтез деп аталады. Ол миллиондаған градус температурада жүзеге асатын ядролық бірігу реакциясын білдіреді. «Токамак ҚТМ» – энергиямен үздіксіз қамтамасыз ететін термоядролық синтез. Токамакты тіпті жердегі жасанды күн көзі деуге де әбден болады. Бұл үлкен жобаның ресейлік, жапониялық ғалымдармен бірлесе жасап жатқан бөлімдері де бар екенін айта кету керек. 2012 жылы ТМД елдерінің АТОМ-ТМД комиссиясы болашақ тероядролық реакторлардың вакуумды камера және ішкі камералық бөліктерін іске қосуға болатындығын анықтады. Содан бері алыс-жақын шетелден жобаға қызығушылық танытқан термоядролық қоғамдастықтар әріптестік орнатуға асыққан. Нәтижесінде еліміз әлемдегі ең ірі ғылыми орталықтармен, атап айтқанда, Ресейдің Курчатов институты, италиялық INEA, испаниялық CIEMAT, жапониялық JAEA және тағы басқа елдермен меморандумға қол қойды. «Бізге болашақта «Токамак ҚТМ-ны» қолданушылардың халықаралық коалициясын құру жөнінде ұсыныс түсті. Ал орталықтың халықаралық ITER ұйымымен жасалған термоядролық энергетика келісімшарты аясында жаңа токамактар салу құрылысы қолға алынбақ. Бірақ олардың Курчатовтағы алғашқы материалтану «Токамак ҚТМ-нан» айырмашылығы жер мен көктей. Өйткені оның маңызы, әлеуеті дүние жүзі бойынша өте күшті термоядролық қабілетке ие. Токамак – адамзат игілігі үшін қолға алынған жоба. Оның бейбіт атомды насихаттауда маңызы зор. 2016 жылы жоба құрылысын жүзеге асыруға бюджеттен бөлінген қаражат жұмыстың тоқтап қалмай, сәтті аяқталуына мүмкіндік берді. Жобаның аяқталуы, іске қосылуы Астанада ашылған ЭКСПО-2017 көрмесіне тұспа-тұс келіп ел мәртебесін тағы бір асқақтатты. Бұл ауқымды істің бастауында Елбасы Н.Назарбаевтың тұрғанын ерекше атап өткім келеді», деді Е.Батырбеков.
Ғалымның ойынша, Токамактың екінші бөлімін іске қосу үшін физикалық тұрғыда ғалымдарға кемі екі жыл керек. Себебі ол өте күрделі жүйе. Негізі материалтану реакторынан тұратындықтан, оны жеңіл-желпі қоса салу мүмкін емес. Оны бағыттап, қатты күшке салмау – бәрі қазақ ғалымдарының біліктілігі мен білімділігіне, ептілігіне байланысты.
Ұлттық ядролық орталықтың атом энергиясы қауіпсіздігін сақтау шаралары термоядролық синтезге де байланысты жоғары дәрежеде сақталады. Қазақстандық ғалымдардың ҚТМ-дегі қауіпсіздікті жоғары дәрежеде қамтамасыз еткенін әлем мойындап отырған көрінеді. ҰЯО директоры Е.Батырбековтің айтуынша, тіпті Жапония елі ғалымдарының тарапынан «Фукусима-1» аралында орын алған апаттың салдарын іздестіріп, шығар жолын қарастыруға ұсыныс түскен.
Қазіргі уақытта Ұлттық ядролық орталық жаңа термоядролық реакторларды жасау үшін құрылымдық материалдарды зерттеу және оларды сынақтан өткізу мақсатында жұмыс істеуде. Сондай-ақ «Токамак ҚТМ-да» түрлі ыстыққа төтеп беретін материалдарды шаршысына 20 МВт жылу қуатымен сынақтан өткізу жоспарлануда. Ал ҚТМ кешенінде жас зерттеушілер мен ғалымдар инженерлік және түпкілікті ғылыми жұмыстарын жүргізуге мүмкіндігі бар. Соның нәтижесінде жақын болашақта адамзатты экологиялық таза, үзіліссіз, қуаты мол энергия көзімен қамту көзделіп отыр. Осы орайда ғалымның энергияның болашағы – басқарылымы бар термоядролық энергия көзі деген пікірімен келіспеске амалың жоқ.
Раушан НҰҒЫМАНБЕК,
журналист
СЕМЕЙ