16 Ақпан, 2010

БЕЙБІТ ЖОЛМЕН РЕТТЕУ ОРТАҚ КҮШ-ЖІГЕРДІ ҚАЖЕТ ЕТЕДІ

1289 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
14 ақпан, жексенбі күні ЕҚЫҰ-ның Іс ба­сын­дағы төр­аға­сы, Қазақ­стан Рес­публика­сы­ның Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев өзінің Оңтүстік Кавказ елдеріне сапарын Әзірбайжан Республикасының астанасы – Баку қаласынан бастады. Сапардың басты мақсаты посткеңестік кеңістікте осы өңірде орын алып, әлі күнге дейін шешілмей келе жатқан жанжалдарды реттеуге ықпал ету болып табылады. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төр­аға­сы, Қазақстан Республикасы­ның Мемлекеттік хатшысы – Сырт­қы істер министрі Қанат Сау­дабаев Баку­ге келген күні қаланың “Лэнд­марк” бизнес ор­та­лығының ғимара­тын­да орналас­қан ЕҚЫҰ офисінде болып, онда Ұйым қызметкерлері­мен кездесті, олармен әңгімелесті. Ал ертесінде түске дейін Әзірбайжан Республи­ка­сының саяси партиялары өкіл­дерімен кездесу өткізген соң, Әзір­байжан Сыртқы істер ми­нистр­лі­гінің ғимаратында осы елдің Сырт­қы істер министрі Эльнар Ма­ме­дъяровпен кездесіп, жоғарыда аталған мәселелер жөнінде әңгіме­лес­ті. Одан кейін кездесу сыртқы саясат ведом­ство­лары басшылары­ның қатысуымен кеңейтілген құрам­да жалғасып, тараптар тиісті мәселелерге қа­тысты келіссөз жүргізді. Оңтүстік Кавказ елдерінде қауіп­сіздік пен тұрақтылықты ор­нық­­ты­рып, Таулы Қарабақ жан­жа­лын бейбіт реттеуге ықпал ету Қа­зақстан Республикасының ЕҚЫҰ-ға төраға­лы­ғы басымдық­тарының бірі болып табылады. Ұзаққа созылған бұл проб­лема­ның оң шешілуіне Қазақ­стан Пре­зиденті Нұрсұлтан Назар­баев та бірнеше рет баса назар аударт­қан болатын. Өкінішке қарай, бұл мәселе әлі күнге дейін шеші­мін таппай келеді. Енді, міне, Қа­зақстан өзінің ЕҚЫҰ-ға төраға­лығы ая­сында Таулы Қарабақ проблемасын реттеуге кірісіп отыр. Ежелден көр­ші екі мем­лекет – Әзірбайжан мен Арме­нияның өзара достық ын­ты­мақ­та болғаны өздеріне де, өзге­лер­ге де пайдалы. Бұл жанжал оты өткен ға­сыр­дың соңында, дәлірек айтқанда, 1988 жылдың ақпанында тұтанды. Әзір­байжан аумағына қарайтын Таулы Қарабақ автономиялы облысында сан жағынан басым­дық­қа ие армян халқы Әзірбай­жаннан бөлініп шығу туралы мәлімдегені көпшіліктің есінде болса керек. Кейін, яғни 1995 жыл­ғы қыркүйекте олар Таулы Қа­рабақ автономиялы облысы аума­ғында Таулы Қарабақ рес­пуб­ликасы құрылғандығын, оған сол аумақта жақын орналасқан елді мекендер де қосылғандығын мә­лім­деді. Бұл ресми Баку тара­пынан ашу-ыза ту­ғызып, оны заң­сыз акт деп жария­лады. Көр­шілес екі мем­лекет ара­сын­дағы жанжал, міне, осы жай­лардан туындаған еді. Жер дауынан басталып, мыңда­ған бейбіт тұрғынды құрбан  еткен, босқынға ұшыратып, атажұртынан айырған кикілжің кейін қарулы қақ­тығысқа ұласты. Қарулы қақ­ты­ғыс 1994 жылға дейін созылды. Әзір­байжан Таулы Қарабаққа ба­қылау жа­саудан айырылып қалды. Арме­ния мен Әзірбайжан арасын­дағы жанжалды бейбіт реттеуге 1992 жыл­дан бастап бүгінге дейін беделді ха­лық­аралық ұйымдар да араласып келеді. Әсіресе, соңғы жылдары АҚШ, Ресей және Франция тең төр­ағалық ететін ЕҚЫҰ-ның Минск тобы белсенді жұмыстар жүр­гізе бастады. Әзірбайжанның та­л­абы – өз аумақтық тұтастығын қал­пына кел­тіру, ал Армения болса, та­ныл­маған Таулы Қарабақ респуб­л­ика­сының мүддесін қорғап келеді. Де­генмен, соңғы кезде Таулы Қара­бақ проблемасын реттеу мәселе­сін­де сәл де болса, ілгері басушылық бар. Сондай-ақ 2008 жылғы нау­рызда БҰҰ Бас Ассамблеясы таныл­маған Таулы Қарабақ республи­касынан ар­мяндардың қарулы күштерін шұғыл шығаруды талап еткен қарар қабылдады. Ал Қазақстанның Таулы Қара­бақ проблемасына қатысты ұста­ны­мы айқын. Ол – кикілжіңді ЕҚЫҰ Минск тобының жүргізіп жатқан жұмыстарына сәйкес келіссөздер арқылы шешу. Яғни, бар мәселені бейбіт жолмен реттеу. Осыған бай­ла­нысты Қазақстан Республикасы ЕҚЫҰ төрағасы ретінде Таулы Қа­рабақ мәселесіне ғана емес, бүкіл Кавказ өңірінде қауіпсіздік пен тұрақ­тылықты қамтамасыз етуге ықпал етуді көздеп отыр. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы Қанат Сауда­баевтың Оңтүстік Кавказ елдеріне сапарының басты мақсаты да – осы. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төр­а­ғасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев кеше Әзірбайжанның Сыртқы істер министрлігінде Таулы Қарабақтағы әзірбайжан қауымының өкілдерімен де кездесіп, олардың ұсыныс-пі­кірлерін тыңдады,  ой бөлісті. Одан соң Қ.Саудабаев пен Э.Мамедъяров қазақстандық, әзірбайжандық және шетелдік БАҚ журналистеріне арнап баспасөз мәслихатын өткізіп, кездесу мен келіссөз қорытындысы жайында айтып берді. Бірлескен баспасөз мәслиха­тын­да ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төра­ғасы Қазақстан Президенті Н.На­зар­баев­тың ЕҚЫҰ саммитін шақыру туралы бастамасына тоқ­тал­ды. Қанат Саудабаевтың хабар­дар етуінше, Ұйым саммиті ша­қырылмағаннан бері 10 жылдан астам уақыт өтті. Ұйым кеңістігінде шешімін күткен проблемалар бар, соның бірі – Тау­лы Қарабақ мәселесі. Оны тек ке­ліс­сөздер ар­қы­лы бейбіт жолмен реттеу қажет. Мұны Қазақстан Президенті бір­неше мәрте көтерген болатын. Қанат Саудабаевтың сөзін Әзір­байжан Сыртқы істер министрі Эльнар Мамедъяров жалғастыра келіп, Таулы Қарабақ пробле­масына байланысты Қазақстан басшысының кезінде Әзірбайжанға арнайы кел­генін атап өтті. Ми­нистрдің айтуын­ша, ЕҚЫҰ төра­ғасы ретінде Қазақ­станға бұл мә­селе жақсы таныс. Сондықтан Әзірбайжан Қазақстанға үлкен үміт артады. Биылғы жылы Сочиде Ресей, Әзірбайжан, Армения президенттері кездесіп, Таулы Қа­рабақ проблемасын реттеу мә­селесін талқылады. Әзірбайжанның ұсы­нысы – Таулы Қарабақты толық қайтарып алып, екі мемлекет ара­сында үзіліп қалған көлік қаты­на­сын, коммуни­кациялық байла­ныс­тарды қайта қалпына келтіру. Жоғарыда атап өткеніміздей, ертеңгісін Қанат Саудабаев Әзірбай­жанның саяси партиялар жетекші­лерімен кездескен еді. Кездесуде ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы сөз алып, Қазақстан тарапынан Оңтүстік Кавказ өңірінде тұрақтылықты қамтамасыз ету жұмыстары жүргі­зіліп жат­қанына тоқталды. Ал одан кейін сөз алған “Демократиялық Әзірбайжан” партиясының төрағасы  Асим Мулла-Заде Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде Таулы Қарабақ мәселесін шешуге байла­нысты пікірін білдірді. Партия төрағасының айтуынша, Қазақстан Таулы Қарабақ пробле­масын жақсы біледі. Әзірбай­жан­ның аумақтық тұтастығы бұзылды. Арменияның қарулы жасақтары Таулы Қарабақты басып алды. Мыңдаған әзірбайжандық туған жерінен қуылып, босқындыққа ұшырады. БҰҰ Бас Ассамблеясы бірнеше мәрте қарар қабыл­даға­нымен, Армения билігі оны мойындамай келеді. Босқын болған әзірбайжандар өз мекеніне, туған жеріне қайта оралуы тиіс. Партия төрағасы ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасынан осыны өтінді. Осы тұста атап өтейік, Әзірбай­жан­да 11 партия бар. Бүгінде парла­менттен 7 партия орын алыпты. Билік партиясы парламенттен 70 пайыздан астам мандат алған “Жаңа Әзір­байжан” партиясы болып табылады. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төра­ғасы Қанат Саудабаев кеше, сондай-ақ Әзірбайжан Республи­касының Президенті Ильхам Әли­евпен, ал түстен кейін Әзірбайжан Парламен­тінің спикері О.Асадовпен кездесті. Кездесуде тараптар Қазақ­стан мен Әзірбайжан арасындағы қатынас­тарды тереңдету, екі елдің парла­ментаралық байланыстарын дамыту және басқа да мәселелер жөнінде пікір алмасты. Ал кеше кешкісін Қанат Сауда­баев Арменияның астанасы – Ере­ванға сапармен келді. Онда ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы Арме­ния бас­шы­лығымен, саяси партия­лар же­тек­шілерімен кездеседі деп күтілуде. Одан кейінгі сапар Гру­зия­да жалғасады. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ – Бакуден.