Бүгінде «Нұр Отан» партиясы бірқатар стратегиялық жобаларды қолға алып отыр. Соның аясында алдағы үш жылда елімізде 1000 ІТ-сынып ашылып, жылына 8-16 жас аралығындағы жүз елу мың бала бағдарламалау мен робот техникаларының негіздерін үйренетін болады. Партия аталған жобаны мемлекеттік органдармен, жергілікті әкімдіктермен, үкіметтік емес ұйымдармен және бизнес қауымдастықпен бірлесіп жүзеге асырмақ.
Партия Төрағасының бірінші орынбасары ат басын бұрған №73 мектеп-лицейде ғылымға қызыққан жастар үшін барлық жағдай жасалған. Мұнда физика, химия, биология және арнайы STEM зертханалары жұмыс істейді. Одан бөлек, білім ордасында 1-9 сынып оқушыларына арналған робот техникалары, радио техникалары, логика, онлайн бағдарламалау және компьютерлік модельдеу курстары ашылған. М.Әшімбаев жастарға бағдарламалау мен робот техникаларының негіздерін үйретудің маңызы зор екенін айтты.
– Елбасының тапсырмасына сәйкес «Нұр Отан» партиясы еліміз бойынша 1000 тегін ІТ-сынып ашу жобасын қолға алып, сол бағытта жұмыс істеуде. Бүгінде еліміздің барлық өңірлерінде осындай сыныптар ашылып, өз жұмыстарын бастап жатыр. ІТ-сыныптар факультативті түрде тереңдетілген білім береді. Сондықтан бұл бастаманы партияның «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына қосқан үлесі деп те қарастыруға болады, – деді Мәулен Әшімбаев.
Аталған сыныптарда білім беру ісі халықаралық тәжірибе бойынша жүргізіледі. Яғни, оқушылар қарапайым алгоритмдер құрудан бастап, арнайы бағдарламалар мен WEB-сайттар жасауды еуропалық білім беру стандарттарына сәйкес үйренеді. ІТ-сыныптар Astana Hub халықаралық ІТ-стартаптар технопаркімен бірлесіп жұмыс істемек. Жоба бойынша бірінші кезекте шағын және ауылдық жерлердегі мектеп оқушыларын заманауи цифрлы жүйемен қамтып, сол бағытта жан-жақты білім алуына көңіл бөлінеді.
«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын табысты жүзеге асыру үшін білікті мамандар қажет екені түсінікті. Осы мәселеге назар аударған партия Төрағасының бірінші орынбасары жастарды мектеп кезінен бастап даярлап, оны жүйелі түрде жүргізу керектігін айтты.
– ІТ-сыныптармен қатар партияның бастамасымен еліміз бойынша 20 ІТ-орталық ашылады. Олардың да бірқатары бүгінде өз жұмысын бастап кетті. Ол жерде кез келген жұмыссыз азамат бағдарламалау негіздері бойынша білім алады. Аталған орталықта жарты жылдай оқып, кейін осы бағытта жұмыс істеуге мүмкіндік туады. Партия бұл жобаларды Үкіметпен, жергілікті әкімдіктермен, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп жүзеге асырады, – деді М.Әшімбаев.
Алдағы жаңа оқу жылынан бастап тегін ІТ-сыныптар елордамыздағы барлық 84 мектепте ашылмақ. Онда ең алдымен әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларының білім алуына жағдай жасалады.
Сонымен қатар «Нұр Отан» партиясы өскелең ұрпақтың денсаулығын нығайту мақсатында мектеп асханаларының жұмысын жаңғырту ісін де қолға алды. Осы бағыттағы жұмыс барысымен танысу үшін М.Әшімбаев №15 мектеп-лицейге арнайы келді. Бүгінде бұл білім ордасында «Авиценна-мектеп» қанатқақты жобасы жүзеге асырылуда. Оның мақсаты – мектеп оқушыларының медицина саласындағы біліктіліктерін арттырып, дайындықтарын пысықтау. Соған орай аталған мектеп «Астана» медициналық университетімен, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің биотехнология курсымен, «Даналық» медициналық-фармацевтикалық колледжімен, Қарағанды қаласындағы Ж.Әбішев атындағы химия-металлургия институтымен және Астанадағы №10 емханамен бірлесіп жұмыс істейді.
Мектеп асханасының жұмысымен танысқан партия Төрағасының бірінші орынбасары елімізде осы салада кейбір келеңсіздіктер бар екенін айтып, кейбір оқу орындарында тиісті талаптар сақтала бермейтініне назар аударды.
– Біздегі кейбір мектеп асханаларының жұмысы көңіл көншітпейді. Бұл өз кезегінде аталған салада қордаланған мәселелердің көп екенін аңғартады. Сондықтан барлық мектептерге ортақ бірыңғай стандарт дайындап, асхана жұмысын сол талаптарға сай жүргізудің берері мол, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар ол кейбір оқушылардың түрлі тағамдарға аллергиясы болуы мүмкіндігін айтып, бірыңғай стандартты даярлауда осы жайттың да ескерілуі керектігін тілге тиек етті. Соған орай партия Төрағасының бірінші орынбасары осы саладағы алдағы атқарылар жұмыстардың басым бағыттарын айқындап берді.
– Біріншіден, мектеп пен бизнес қауымдастықтың ұзақмерзімді ынтымақтастығын қалыптастырудың тиімді тетігін табуымыз керек. Себебі бүгінде мектеп асханасын жалға алып отырған кәсіпкерлердің келесі жылы да сол жерде жұмыс істейтініне ешқандай кепіл жоқ. Сондықтан олар жаңа қондырғылар алып, қызмет сапасын жақсартуға құлықсыз болып отыр. Егер ұзақмерзімді келісіммен жұмыс істейтін болса, жағдай оң бағытта өзгеретіні сөзсіз. Екіншіден, еліміз бойынша барлық мектептерге арналған міндетті, нақты, бірыңғай базалық стандарт қалыптастыру. Бұл жұмысқа тиісті министрлікпен қатар ата-аналар комитеті мен білікті мамандар да қатысып, жаңа жүйені көп кешікпей қолданысқа енгізуіміз керек. Үшіншіден, осы жұмыстардың барлығына тұрақты әрі жүйелі қоғамдық бақылау жүргізудің берері мол болмақ. Сол арқылы бизнес қауымдастықтың өз міндеттерін қалай атқарып жатқаны жіті бақылауда болады, – деді Мәулен Әшімбаев.
Өз кезегінде партия хатшысы Тамара Дүйсенова бұл ауқымды жұмысқа Білім және ғылым министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі және Тағамтану академиясы да белсене қатысып, бүкіл қоғам болып күш біріктіру керектігін айтты.
Іс-шара барысында Астана қалалық ата-аналар комитеті мен бизнес қауымдастық тарапынан тағамтану комбинатын құру бастамасы да айтылды. Бұл бастаманың басымдықтарын ескерген нұротандықтар оған қолдау білдірді.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»