Әлеуметтік желіде қалжыңдап, астарлы мысқалмен пікір жазушылардың бірі: «Каспий» сонау алыстағы Шымкентке барып ойнағанша, түбінде тиіп тұрған Бакуге барып ойнай салмай ма?» депті. Жалпы, қазақ футболында қисынсыз әңгіме көп қой. Бірақ, мынау енді ешбір ақылға сыймайтын жағдай. Футбол негізі о бастан жанкүйерлер үшін арналған ойын. Стадионға барып, трибуна толтырып отыратын көрермен болмаса, ол футбол кімге керек? Көрерменсіз өткен спектакль секілді болмай ма?
Ал негізі «Каспий» клубының тарихы бай. Кезінде әжептәуір дүркіреген де еді. 1996 жылы бұл команданың бапкері атақты Құрбан Бердыев болған. Сәрсен Келжанов екеуі бұрын-соңды қазақ даласында болмаған ерекше тактика құрып, футболшыларды даярлаудың соны әдістемесін қолданған. Сол жылы «Мұнайшы» командасы Қазақстан кубогының финалында ойнады. Құрамында кейіннен «Динамо» (Киев) сапында жарқылдаған Иван Яремчук, танымал бапкер болып жүрген Дмитрий Огай, «Динамода» (Мәскеу) тер төккен Владимир Рыков секілді футболшылары бар еді. Сол жылы маңғыстаулық клуб «ҚазМұнайГаз» компания-
сының демеушілігімен ішкі бірін-
шілікте 4-орын алды. Қазақстан Президенті кубогына қатысып, Бразилияның «Флуминенсе» командасын 2:0 есебімен жеңді.
Бірақ, кейіннен қаржы мәселесі қиындап, команда ауыр кезеңдерді бастан өткерді. 1998 жылы «Каспий» стадионына жасанды алаң төселініп, команда өз алаңындағы ойындарын сонда өткізіп жүрді. 2001 жылға дейін жергілікті клуб Қазақстан премьер-лигасында ойнады. Одан бері мінекей 17 жыл бойы бірінші лиганың тұрақты қатысушысы. Тозығы жеткен стадионға 2005 жылы қайтадан жаңа жасанды алаң төселініп, өлместің күнін кешіп жүреді. Алайда, ол алаң әлі күнге дейін жаңартылмай, 13 жыл бойы тапжылмай тұрды. Міне, соның салдарынан «Каспий» стадионы талаптарға сай келмей, футбол матчтарын өткізе алмайтын болды. 2017 жылдан бастап «Каспий» клубы ойындарын Шымкентке барып өткізіп жүр. Өйткені шырайлы Шымқалада жаттығу жасайтын база да, ойындар өткізетін стадиондар да жеткілікті. Ал Маңғыстау облысы футболының күні жалғыз осы «Каспий» стадионына қарап отыр.
Ғалымжан БАЛТІЛЕУ, «Каспий» ФК президенті:
– Бұл стадион жергілікті әкімдіктің балансында.Біз ол жерге барып жөндеу жұмыстарын жүргізе алмаймыз. Әкімдік қашан жөндейді – сол кезде ойнай аламыз. Жақын арада стадион футбол клубының балансына өтеді деген әңгіме бар. Солай болса тіпті жақсы болар еді. Енді құрылыс жұмыстарының біткенін күтеміз. Әкімдік әйтеуір жеке кәсіпкерлерді тартып, стадионды қалыпқа келтірейін деп жатыр. Бірінші лиганың екінші айналымы басталған кезде өз алаңымыздағы матчтарды қайтадан Ақтауда ойнайтын шығармыз деп күтіп отырмыз.
Стадионға жауапты облыстық әкімдік өткен жылдан бері шарқ ұрып, құрылысқа керекті қаражатты іздестірген. Түбінде жергілікті кәсіпкерлер бас қосып, стадионды қалпына келтіру үшін жұмыла кіріскен. Енді мамыр айының соңына дейін барлығы жоспарға еніп, келесі айдың соңында стадион пайдалануға берілмек. Ол үшін заманауи соңғы үлгідегі жасанды алаң мен оған төселінетін қиыршық Ресейден келуі тиіс.
Нұрбек ҚАРАБАЛАЕВ, Маңғыстау облыстық дәнешынықтыру және спорт басқармасының басшысы:
– Облыс әкімі Ералы Тоғжанов қызметке келгелі бері бірінші кезекте осы мәселені шешуді тапсырды. Біз бірден іске кірісіп кеттік. Күні кеше ғана облыс басшысы стадионға келіп, құрылыс жұмыстарының басталғанын тексерді. Жақын аралықта барлығы қалпына келтіріледі. Стадионның жасанды алаңнан өзге де жөндеуді қажет ететін тұстары бар. Жарық мәселесі, киім ауыстыратын бөлмелері, бапкерлер отыратын техникалық аймақтардың барлығы түгел жөнделеді. Егер стадион қалпына келіп, командамыз Ақтауға қайта оралса, клубтың да премьер-лигаға шығу мәселесін қарастыратын боламыз.
Соңғы 17 жыл бойы премьер-лиганы көрмеген клубтың биыл да жоғары топқа қосылатын шамасы жоқ. Үміт біржолата үзілген. Себебі команда қазір 12 ұжым ойнайтын бірінші лигада соңғы 12-орында келе жатыр. Материалдық және техникалық база қалпына келтірілсе, жылдың соңына қарай «Каспийдің» қайта өрлеуі талқыланады. Қазіргі күні команданың негізгі бөлігі жергілікті жастардан құралған. Оның төртеуі: қақпашы Олжас Мұқанов, қорғаушы Айдар Хуснадинов, жартылай қорғаушылар Мақсат Тәйкенов, Айса Сәрсенғалиевтер «Оле Бразил» жобасы бойынша Бразилиядан тәлім алып келгендер. Команда бас бапкері – Асқар Келжанов. Ойыншылар тізіміне көз жүгіртсеңіз Кот Д`Ивуарлық легионер Драмане Коне мен Магомед Узденовтен басқасы түгелімен өзіміздің қаракөздер.
Келер жылы команда сапына жақсы деңгейде ойнай алатын тәжірибелі 2 легионер шақыртылып, «Каспий» премьер-лигаға шығуды көздейді. Бір айта кетерлігі, Маңғыстау облысында шағын футболдан бірнеше лига құрылып, 90-ға жуық команда өнер көрсетеді екен. Ал үлкен футбол лигасы мүлде құрылмапты. Футбол клубының өзі әркімнің стадионын бір жағалап жүргенде, жастар тәрбиелеу ісі қалай оңсын? Стадионның жөндеу жұмыстары әдеттегідей ұзаққа созылып, сиырқұйымшақтанып кетпесе, Маңғыстау футболы қайта жандануы керек. Әйтпесе «Футбол Англияда дүниеге келіп, Маңғыстауда қайтыс болды» деп жүрген жанкүйерлердің әзілі шындыққа ұласып кетер.
Ермұхамед МӘУЛЕН,
«Егемен Қазақстан»