Руханият • 24 Мамыр, 2018

Шерменде шарана (әңгіме)

863 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Балам биыл бірінші маусымда алтыға толады. Бірақ оны өз қолыма алып, әрі қарай тәрбиелеуге дайын емеспін» деп опынғандай күй танытты ол. Алайда безбүйрек жүзінен, мейірімсіз жанардан, жасанды кейіптен жылылықтың, аналықтың ізін көре алмадым. Жасы отызды еңсерген бойжеткеннің әлдеқашан отбасын бауырына басып отыратын кезі-ау, әттең-ай дегеннен басқа амал бар ма?..

Шерменде шарана (әңгіме)

Бұл талайларды арманынан адастырған үлкен қала. Қарлыға да қызық қуып жүріп, от басқан жандардың бірі. Өнегелі отбасында өсті. Мектепте жақсы оқыды. Қыздар оқитын жоғары оқу орнына түсті. Бірақ білімін аяғына дейін жалғастыра алмады. Әлдебір жылпылдақ жігіттің «Жақсы көрем, үйленеміз» деген сөзіне алданды. Ақырында оқуын тастап, қала орталығынан жырақтау маңда тұрып жатқан таныс құрбыларының пәтеріне барып тығылды. Хабарласқан ата-анасын, туыстарын алдап күн кешіп жатты. Ал мына өмірге ынтыққан тіршілік иесі жарық дүние есігін ашпаққа асығыс еді. Бүйірі бұлтиған сайын шүберекпен шарт байлап, оны тұмшалап тастағандай болады. Алайда жатырда жатып жарық дүниеге ұмтылған шаранаға ешқандай кедергінің әсері болмады. Таң атпайын десе де күн қоймайды. Ол күн санап өсе берді.

Ал шерменде қыз үшін шаһар қанша үлкен бол­ғанымен оның тұрғындары да бір-бірін танитын сияқты көрінетіндей. Жаңалықтың да құлақтан-құлаққа жылдам жетуі заңдылық...

Ақыры оны әпкесі іздеп тапты. Әке-шешесіне айтпауын өтінген қыз оның аяғына жығылды. Ол да тездете баладан құтылуға асықты. Елге қарабет болғанша оған өлім тілеген әпкесі де осы тірлігімен сіңілісін азаптан аман алып қаламын деді ме, сәбиден құтылудың барлық жолын іздеді. Өзі шешім қабылдап, дереу іске кірісті.

Сол күн әпкесі үшін аспан айналып жерге түскендей алашапқынмен өтті. Пора-пора тер басқан жалғыз жанашыры перзентхананың табалдырығын тоздырып болды. Әлдеқашан амалын ойластырып, сіңлісінің бұл жерден соқа басын алып шықпаққа әбден бел буған. «Сүйінші» сұрап жүгірген медбике оның түнерген түріп көріп состиып тұрып қалды да: «Мен хабарлауға міндеттімін, неме­реңіз – ұл бала, салмағы – 3200, бойы – 51», деді де жалт бұрылып жоқ болды. «Рақмет». Осы сөзден бас­қа айтарын ішіне бүккен оның безбүйрек сиқы беті­не шық­ты. Аз шыдаса бір-екі күнде бұл шаруа да ұмыт болар.

Үлкен бір тағдырдың шағын ұзын-ырғасы міне, осындай. Одан бері де алты жыл алты күндей де болмай, сырғып өте шығыпты. Осы жылдарда анасы сәби күлкісінен ада көкектің күйін кешсе, мейірімге зарыққан сәби ана алақанынан жырақта өсіп жатыр.

Мен ол қызды жиі кездестіремін. Сымбатты, әдемі жасанған бойжеткен жиі іссапарға кетіп бара жатады. Оны таситын қымбат көліктер де жиі ауысып тұрады. Өзінің айтуынша, жұмысы – «массажист». Шетелдерге шығып, білімін жетілдіріп жүрген де сыңайлы.

Ал тастанды сәбидің тағдыры беймәлім. Қаладағы жетімдер үйінің бірінде ме, әлде бала сүйгісі келген отбасының қамқорлығына алынды ма, ол жағы әлі ешкімді толғандыра қойған жоқ. Ал шерменде балапан шешесін аңсаумен күндері өтіп жатқан шығар...

Мира СЕКЕН

АЛМАТЫ