Білім беру ұйымдарында үштілділікті енгізу мәселелері бойынша сындарлы мәселелерді талқылау және тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға жалпы орта білім беру ұйымдарының басшылары, пән мұғалімдері, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалдарының директорлары, ПҚ БАИ кафедраларының оқытушылары, Алматы қаласы Білім басқармасының өкілдері қатысты.
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Алматы қаласы бойынша ПҚ БАИ директоры, п.ғ.д. Р.А.Садвакасова үш тілде білім беру жобасында мұғалімнің кәсіби құзыреттілігін жетілдірудің маңыздылығына тоқталды. «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Алматы қаласы бойынша ПҚ БАИ «Білім беру үдерісін психологиялық-педагогикалық жетекшілік ету» кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ.к. А.Қонырова осы бағытта филиал тарапынан жүргізілген жұмыстарға кеңінен тоқталды.
Алматы қаласы білім Басқармасының жалпы орта білім беру бөлімінің бас маманы Қ.Абдиманапова Алматы қаласының 2015-2020 жж. жол картасы аясында Алматы қаласында үш тілді білім беруді енгізу үдерісі туралы айтып өтті. Ол Алматыда 8-сынып оқушыларының ағылшын тілінде жаратылыстану-математикалық пәндерді игеруі бойынша 27 пилоттық мектеп жұмыс істеуді бастап кеткеніне ерекше тоқталды.
Көп тілді білім беруге көшу кезеңінде педагогикалық ұжымды басқару процесі жөнінде А. Розыбакиев атындағы № 153 мектеп-гимназиясының директоры Ш.Умаров, О. Жандосов атындағы № 105 гимназия директоры Ә.Сандықбаева, № 34 гимназия директоры З.Бейсембаева үштілді білім беруді енгізу жағдайында семинарлар, коучингтер арқылы мұғалімнің кәсіби құзыреттілігін жетілдірудің қыр-сырына тоқталды.
«Өрлеудің» Қарағанды облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты директорының орынбасары М.Жетписбаева «CLIL бағалаудың кейбір мәселелері» тақырыбына баяндама жасады.
О. Жандосов атындағы № 105 гимназияның мұғалімі Ю.Пайсов, «Мамандандырылған «Білім инновация» лицей-интернаты КММ биология пәнінің оқытушысы Ж.Алмағамбетов, «Білім инновация» лицейі директорының орынбасары, магистр Байрам Турель, түрік тілі пәнінің оқытушысы Енер Унал өз жұмыс тәжірибелерін ұсынды.
Дөңгелек үстел отыз жеті байланыс желісі бойынша онлайн режимде өткізіліп, мұғалімдердің тақырыпқа қатысты пікірлерді тыңдауына мүмкіндік жасалды. Іс-шара соңында арнайы сертификаттар тапсырылды.
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ