Кино • 25 Мамыр, 2018

Сергей Дворцевой: Самал – шынайы сезімнің актрисасы

689 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Биылғы Канн кинофестивалінің еліміз үшін бәсі де, бағасы да бөлек болды. Франция төрінде 71-ші мәрте ұйымдастырылған өнер додасы Самал Еслямованың арқасында жаһан назарын қазаққа бұрғызды. Режиссер Сергей Дворцевойдың «Айка» фильмінде басты рөлді кейіптеген өнер иесі «Үздік әйел рөлі» аталымында топ жарды. Бұл режиссер мен актрисаның алғашқы жұмысы емес. Осыдан тура 10 жыл бұрын жарыққа шыққан «Тюльпан» фильміндегі таланттар тандемі сол кездің өзінде-ақ Канн фестивалі сарапшыларын таңғалдырып, аталған кинокартина 2008 жылы  «Айрықша көзқарас» аталымындағы жүлдеге лайық деп танылған болатын. Енді міне, араға 10 жыл салып өмірге келген «Айка» психологиялық драмасы да әйгілі кинофестиваль сарапшыларын бейжай қалдырмады. Таланттар тандемі тағы да жеңіс тұғырынан көрінді. Бір қызығы, күні кеше Еуропа масштабында мойындалған үзік актриса Самал Еслямованың шығармашылық биографиясына жазылған қос фильмнің екеуі де режиссер Сергей Дворцевойдың жұмысы екен. Небәрі 19 жастағы қаршадай қазақ қызының талантына, мүмкіндігіне сенім артып, шығармашылық бағын ашқан режиссердің пікірін білгіміз келіп, әңгімеге тартқан едік. Сөзі ғана емес, ісіне де мығым суреткер бүкпесіз ойын ортаға салды.

Сергей Дворцевой: Самал – шынайы сезімнің актрисасы

– Сергей мырза, күні кеше әлем деңгейінде мойындалып, үздік актриса атанған  Самал Еслямовны өнер әлемінде небәрі 19 жасында жолықтырып, бірден басты рөлге бекіткен екенсіз. Актриса несімен баурап алды?

– Мен Самалды бірінші рет «Қазақ­фильм» киностудиясымен бірлесе түсірген туындымыз – «Тюльпан» фильмінің кастингінде көрдім. Ол кезде Самал Петропавлдағы өнер колледжінің студенті болатын. Әри­не психологиялық фильм үшін өте жас әрі «19 жастағы бойжеткен 3 бала­ның анасын өз деңгейінде алып шыға алар ма екен» деген де ішкі күдігімнің болғанын жасырмаймын. Бірақ режиссерлік түйсік деген болады. Шығармашылық адамы­на тән сол бір ішкі сезім мені жібер­мей қойды. Сөйтіп тәуекел етіп Са­мал­ды басты рөлдердің біріне бе­кіттік. Менің үміт артқаныма сай, актриса  жан дүниесі бай, бар­лық көңіл күйді ішінен өткізетін психологиялық рөлдің актері болды. Ол сыртқы жарқ-жұрқты басты планға шығарған иллюстратор емес, шын мәніндегі сезімнің актрисасы екенін аз ғана уақыттың ішінде дәлелдеп көрсетті. Жалпы, актерге туа бітті таланттан бөлек, мінез де керек. Самалдың бойында қолға алған ісін соңына жеткізбей тынбайтын қайсар да өжет мінез бар. Сырттай өте нәзік көрінгенімен, ішкі қуаты мықты. Осы тұрғыдан келгенде біз жақсы түсі­ністік. Өйткені мен – өте талапшыл ре­жиссермін. Мен үшін фильмімдегі әр детальдің шынайылығы маңызды. Табыс үшін емес, өнер үшін тырбанып жүргеннен кейін де, әрбір жұмысымда адамның тағдыры, адамның сезімі алға шықса деймін. Себебі сезім бар жерде шы­найылық қатар жүреді.  Өзіңіз ойлап көріңізші, мына жалғанда сезімнен аяулы не бар?! Меніңше, өнер деген – сол!

– Күні кеше 71-ші Канн кино­фес­­тивалінде жүлдегер атанған «Ай­ка» фильмі де Самал екеуіңіз­дің шы­ғармашылық тан­деміңізден ту­ған туынды. Түсірілім барысында үне­мі бір актрисамен жұмыс істеу режиссерлік стиліңізді тап­тау­­­рын­дылыққа түсіріп жібереді деп қорық­падыңыз ба?

– Жоқ, керісінше. Мен «Айка» арқылы Самалдың актриса ретіндегі шығармашылық өсу эволюциясын көрсеткім келді. Алғашқы фильммен салыстырғанда бұл кинотуындының тақырыптық һәм әлеуметтік сал­мағы ауырлау. Режиссерлік талап та бір­неше есеге жоғары болды. Ак­три­саға психологиялық тұрғыда жіті із­дену жауапкершілігі жүктелді. Оның үстіне, отбасын құрып, әлі ана атанып үлгермеген бойжеткенге баласын өмірге әкеле салып, тұр­мыс тауқыметінің салдарынан одан бас тартуға мәжбүр болған қырғыз қы­зы­ның шарасыз һәм трагедиялы күйін шегіне жеткізе ойна деп та­лап қоюым да менің тарапымнан әділетсіздік болар еді. Тіпті өз­гені айтпағанда, жұмысымның шы­найы шығуын ойлап, басты рөлге қа­зақты емес, қырғыздың актрисасын бекітуді ойладым. Бірақ та­ғы да режиссерлік ішкі түйсігім Са­малды таңдады. Себебі алда түсі­рілім жұмысының ұзақ та қиын жо­лы күтіп тұрды. Маған өзім мүм­к­індігін жақсы білетін, сенетін ак­тер қажет болды. Және дәл осы рөл­ді басқа емес, Самал алып шығу керек­тей болып көрінді. Оның бі­лімі мен кәсіби шеберлігіне, ішкі қуатына сендім. Сөйтіп,  сценарийді де арнайы актрисаның табиғаты мен мүмкіндігіне лайықтап жазып шықтық.  

– Жалпы, «Айка» фильмінде көтерілетін мұндай ауыр тақы­рып­қа қалай келдіңіз? Идея қалай туды?

– Мәскеуге қоныс аударып, тұр­мыстың түрлі қиындығына шыдамай туған баласынан бас тартып, перзентханада қалдырып кетіп жатқан 250-ден аса қырғызстандық әйелдің ауыр тағдыры турасындағы сұмдық статистиканы естіп қалдым бірде. Қазақстанда туып-өскен мен үшін азиаттық әйелдердің өз баласынан бас тартуы таңғаларлық жайт болып көрінді. Өйткені өзім білетін шығыс халқында ана мен баланың қарым-қатынасы, махаббаты басқа құндылық биігінде берілетін. Мен туып-өскен Шымкент аумағында аналар баласына аялай қарайтын, өз өмірін перзентінің амандығы жолында құрбан етуден та­йынбайтын. Сондықтан да бұл дерек жанымды қатты түршіктірді. «Бауыр еті – баласын жанынан артық көретін аналар неге мұндай қадамға барып жатыр? Оған нендей жайттар мәжбүрледі?» – деген ой мазалады. Мәселенің мәні­сін білгім келіп, осы тақырыпты тереңі­рек зерттей бастадым. Зерттеу барысында жекелей тағдырлармен бетпе-бет кездесіп, пікірлескенде, бұл да бір қоғамның қасіретті құбылысы екен­дігіне көз жеткіздім. Өмірдің, тұр­мыстың қиын­дығы оларды осындай қадамға мәжбүрлейді екен. Бұл – жеке адамның тағдыры болып көрін­генімен, шындап келгенде тұтастай ұлттың, жалпы адамзаттың трагедиясы ғой. Сөйтіп осы бір тақырыпты кино тілінде көрсеткім келді. Кейін Самалға лайықтай отырып «Айка» фильмінің сценарийін жаздық. Мәскеуге келіп қиын тағ­дырды басынан өткерген эмигрант қырғыз қызының тауқыметті тағдыры баяндалатын фильм осылай өмірге келген болатын.

– Әлі жалпыхалықтық про­кат­қа шығып үлгермегеніне қара­маст­ан, атағы жаһанға жайыл­ған «Ай­ка» фильмі біздің де қызы­ғу­шылығымызды арттырып үл­гер­ді. 7 жылға жуық түсірілген фильм­­нің қандай ерекшелігі бар?

– Жоғарыда атап өткенімдей, фильм түсірудегі басты ұстанымым – өнер деңгейіне көтерілген шы­найылық. Меніңше, шынайылық де­геніміздің өзі өнер болса керек. «Айка» фильмінің түсірілім жұмы­сы да ұзақ әрі қиын  жолдан өтті. Та­би­ғаттың әр құбылысына сай эпи­зодтарымыздың көркемдігі мен шынайы шығуына мән бере отырып, жұмыс істедік. Әрине бұл жерде ең көп салмақ басты рөлдегі актриса Самалға түсті. Қар аралас жаңбырда, боранда түсірілім жасадық. Тоңу, аяқ­тан су өту секілді қиындықтарға төзу ғана емес, актерлік ойынды да өз деңгейінде алып шығу керек болд­ы. Оның үстіне фильмнің жанры да ауыр. Осы қиындықтардың бар­лығын еңсеру жолында Самал аян­бай тер төкті. Тіпті қырғыз тілін, өмір сүру салты мен жалпы ұлттың мен­талитетін зерттеу мақсатында бір­неше ай Қырғызстанға да барып өмір сүріп көрді. Мұның барлығы үлкен еңбек. Самалдың сол тынымсыз ізденісі, еңбегі, міне, ақталды. 

– Ал фильмнің жалпыхалықтық прокатқа шығуы қашанға жоспарлануда?  

– Мен сізге бір қызық айтайын, қазірдің өзінде біз фильмді әлі то­лыққанды аяқтаған жоқпыз. Алда әлі біраз монтаждау жұмыстары күтіп тұр. Бұл шамамен, 1-2 ай уақыт алады деп күтілуде. Соның бәрін есепке алғанда, фильм жалпыхалықтық кинопрокатқа күзге қарай шығып қа­луы керек. 
Фестивальде де кинотуындының аяқ­талмаған нұсқасы көрсетілді. Жал­пы, алғашқы 40 минутын ғана көріп, фильмді іріктеуден өткізу бұрын-соң­ды Канн кинофестивалінің тарихында болып көрмеген жайт. Біз бірінші болып сол қағиданы бұздық (күлді). Сарапшылар жұмысты дайындалып болған жеріне дейін көріп, фестивальге дейін аяқтай аласың ба? – деп сұрады. Мен қандай тәуекелге барғалы тұрғанымды білсем де, ойланбастан «Иә» деп уәде бердім.  Сөй­тіп, фестивальге небәрі 2 күн қал­­ғанда картинаның «черновой» нұс­қасын аяқтап, киноның кіл мықтылары жиналған өнер бай­қауында көрсеттік. Самалдың ойыны шынайы әрі мықты шыққанының ай­ғағы болар, қазылар алқасы айтулы жүлдеге бізді лайық деп тапты. Бұл ешбір талқылауға жатпайтын, таза жеңіс деп ойлаймын. 

Осы тұста мен сізге мына бір ерек­ше жайтты айтып берейін. Көр­сетілім аяқталған соң залдан шы­ғып, баспалдақпен төмен түсе бер­геніміз сол еді, алдымыздан  бір әйел шықты да, ешқандай сөз айтпастан Самалды құшақтай алды. Сөйтіп құшақтап, 2-3 минуттай үнсіз тұрды. Фильмнен алған бар әсерін солай жеткізді де ләм деместен кетіп қалды. Кейін білдік, ол – қазылар алқасының төрайымы Кейт Бланшетт екен. Марапаттау рәсімі аяқталған соң, ол кісімен бейресми жағдайда әңгімелесудің реті түсті. Сонда Кейт ханым фильмді көріп болған сәтте-ақ, қазылар алқасы мүшелерінің бірауыздан қолдауымен «Үздік әйел рөлі» жүлдесі Самалға лайық деп танылғанын айтты. 

– Жалпы, өзіңіз бұл жеңісті қа­лай бағалайсыз? 

–  Мұндайда ауызға сөз түспейді екен. Талас жоқ, бұл – үлкен марапат, кино өнерінің жаңа бір белесі деп білемін. Канн дегеніміз не? Канн фес­тивалі  – әлемнің 20 үздік фильмі сынға түсетін жаһандық мас­штабтағы өнердің ұлы оқиғасы. Соның ішінен үздіктердің үздігі таңдалып алынады. Осыдан-ақ кинофестивальдің деңгейін бағамдай беруге болады деп ойлаймын. Сіз білесіз бе, әлемде қанша фильм тү­сіріліп жатыр? Қанша актер бар? Соның ішінен суырылып шығып, қазақстандық ак­триса үздік атанды. Мұндай талантты қазақ топырағы өмірге әкелді, тәрбиеледі. Сон­дықтан да бұл жеңіспен мақтану керек. 

Самал Еслямова – талантты ғана емес, кәсіби деңгейде білім алып, шыңдалған өнер иесі. Ол Мәскеудің ең үздік оқу орындарының бірі – Ресей театр өнері университетінде (ГИТИС) оқыды. Біз қарбаласта жүріп, кейде өмірлік маңызы бар дүниелерге мән бермей жатамыз. Кино саласында ұзақ жылдар қызмет етіп келе жатқан адам ретінде айтамын. Бұған қуану керек және қазақ киносының болашағы туралы ойлануымыз қажет. Мен қазір де Самалға жалғыз ғана дүниені айтамын: сол алған біліміңді Қазақстанға алып келіп, кәсіби мектептер ашып, сол арқылы еліңдегі өнерге құштар жастарға  әлемдік деңгейдегі ак­терлік мектепті үйретіп, жаһандық кино мен театр мәдениетінің талаптарын солардың бойына сіңіруге күш салсаң, Отаныңа бүгінгіден де көбірек пайда келтіресің деймін. Өйткені, Самалдың өте ұлтжанды қыз екенін білемін. Жүрген жерінде үнемі Қазақстанды айтып жүреді. 

– Ал өзіңіз ше? Туған жеріңіз­ге жиі келіп тұрасыз ба? Сіз­дің шы­ғармашылықтағы жолы­ңыз бен көзқарасыңыздың қалып­та­суына Қазақстанның әсері қан­ша­лықты?

– Оны сөзбен жеткізу мүмкін емес. Дәл қазіргі уақытта Мәскеуде тұрып жатқаныммен, негізгі туған жерім – Қазақстан. Шымкент қаласында туғанмын. 20 жылдан астам уақыт сол жақта тұрдым. Анам да, туған-туыстарым да әлі күнге Шымкент қаласының тұрғындары. Сондықтан да еліме жиі келіп тұрамын. 

Маған Ресейдегі, басқа де шет мемлекеттердегі әріптестерім: «Не­ге сенің фильмдеріңе үнемі қа­зақ­­тар түседі немесе әрдайым жұ­мысыңды Қазақстанда түсіресің?» деп сұрайды. Қарап отырсам, шынымен де, фильмдерімнің барлығы Қазақстанмен байланысты екен. Міне, тіпті қырғыздар жайлы тү­сірген туындымда да қазақ қы­зы Самал басты рөлді сомдайды. ­ «Тюльпан» фильмі де қазақ же­­рінде – Оңтүстік Қазақстан об­лы­­сының Созақ елді мекенінде түсірілді. Бұл кездейсоқтық емес, туған жердің құдіреті деп ойлаймын. Адам өзінен жерініп, өткенін ұмытуы мүмкін емес. Сол секілді менің де кіндігім туған жеріме байланған. Балалық шағымның аяу­лы сәттері, өмірімдегі ең керемет уақыт осы елде өтті. Қазақ жері – менің екінші Отаным, туған жерім.  Сонысымен де маған бұл өлке ыстық. Осы уақытқа дейін сан түрлі мемлекетпен, сан алуан ұлт өкілімен жұмыс істедім. Бірақ дәл қазақтармен түсініскенімдей ешбірімен түсінісіп көрмеппін. Менің болмысыма қазақ табиғаты өте жақын.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен
Назерке ЖҰМАБАЙ, 
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше