09 Желтоқсан, 2011

Тәуелсіздік толғауы

2067 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Редакцияның жанынан құрылған «Егемен» баспасы соңғы екі жылдың орайында бірер кітап шығарып үлгерді. Тәуелсіздік тойы қарсаңында ол кітаптар сериясы «Тәуелсіздік» атты көлемді жинақпен толыға түсті. Бүгін, Астанадағы академиялық кітапханада баспахана бояуы да кеуіп үлгермеген тың туындының тұсаукесері өтеді. Кітапқа «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының президенті Сауытбек АБДРАХМАНОВ жазған алғысөзді оқырман назарына ұсынып  отырмыз. «Егемен» баспасының кезекті кітабы  «Тәуелсіздік» ата­лады. Бұған дейін, 2010 жылы Президент Н.­Ә.На­зар­баев жай­ындағы жарияла­ным­дардан «Ел­басы» жина­ғын, одан кейін, 2011 жылдың басында еліміз­дің Еуропа төріне көтеріліп, кәрі құр­лық­қа төбебилік еткен мерей биігі жөніндегі мақала, репортаж, сұхбаттардан «Салтанат» кі­табын құрастырған бо­латын­быз. Бұл жинаққа өткен жи­ырма жылда бас басылым бетінде Тәуелсіздіктің  қадір-қа­сиеті, тәуекелге толы та­ғылымды тарихы, жеңістер мен жемістерге толы жасам­паз­дық жолы жайында жазы­лып, жа­рық көрген материалдар топ­тастырылды. Осы ар­қылы ел газеті қазақ тіліндегі саяси жур­налистиканың тұң­ғыш три­ло­гиясын оқырман назарына ұсы­нып отыр деп те айта аламыз. Тәуелсіздік... Мына дүние­де 2500-ден астам халық бар екен. Соның екі жүзге жуығы ғана өзінің мемлекеттілігіне ие екен. Саны жағынан қазақ­ты сан орап кететін ұлттар­дың ара­сын­да да өз елі өзіне өлең төсе­гі болмай, туған жерінен бір жа­пырақ туын тігетін ала­қан­дай төбе таппай жүргендері жетерлік. Тіпті туған жерге туын тіккен ел­дердің бәрін бірдей толық мағынасында тәуелсіз деп тани алмайтынымыз тағы бар. Бұл биікке ел тәуелсіздікті жариялаумен, гимнді, гербті, туды белгілеумен, тіпті Біріккен Ұлттар Ұйымының мүше­лігіне өтумен де бірден жете қалмайды. Тәуелсіздік ұғы­мы­ның аясы кең. Әлемдік қауым­дастық мойындаған өз аумағы болуы да, сол аумақты басқара­тын мемлекеттік би­лік­тің бо­луы да бұл үшін аз­дық етеді.  Тәуелсіздік ең ал­дымен мем­лекеттің өз саяса­тын өз еркімен жүргізуге қабі­леттілігін білдіреді. Күніңді зорға көріп, көршілеріңнен көмек сұрап, барар жеріңе бара алмай, айтар сөзіңді айта алмай, жан-жағыңа жалтақтап жүрсең қанша жерден атың тәуелсіз болса да затың тәуелді елсің деген сөз. Шүкіршілік, артта қалған жиырма жылдың алғашқы бе­лестерінен-ақ Қазақстан Рес­публикасы толық тәуелсіз­дікке жетудің жолына түсті,  небір тайғақ кешулерден аман-­есен өтіп, азаттықтың алғашқы әрі азап, әрі ғажап асуларынан абы­роймен асты, айналасы он­шақты жылдың жүзінде егемен ел ретінде да­мудың даңғылына қарай қа­дам басты. Одан кейінгі он­жылдықта қазір бүкіл әлем «Қазақстан жолы» деп ат қой­ып, айдар таққан шын мәнінде  феномен құбылысты дүниеге әкелді. Бүгінде біздің еліміз эко­номикадағы ішкі жалпы өнім­нің өсу қарқыны жөнінен әлем­дегі ең алдыңғы көрсет­кіш­тердің біріне қол жеткізіп отыр. Бір сөйлеммен айтыла салған осы жайдың астарына көз жіберсек, тарих сағатының тілі сырт ете қалғандай қысқа кезеңде кешегі кеңестік импе­рия­ның шет аймағы, шикі­зат­тық шы­лауы ретінде  келген рес­публикадан экономикасы қуат­­ты, саясаты тұрақты, сүйегі мығым мемлекетке, сөздің то­лық мағынасындағы еңселі елге, ел болғанда да алыс та, жақын да мойындайтын, Батыс та, Шығыс та бірдей сый­лайтын елге, көп дінді, көп тілді, бірақ бір ділді елге ай­на­лу­дың қандайлық қиын­дығын сергек сана сезінбей қоймайды. Осының бәріне ең алдымен табиғатынан кең жаратылған, мол пішілген  хал­­қымыздың, сол халыққа  дана басшылық жасай білген Елбасымыздың – халқы­мыз­дың бағына туған перзент, еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев­тың ар­қасында қол жетіп отыр­ғаны шығар күндей шындық. Кітапта басы қосылған дү­ниелер Қазақстанның осы жи­ырма жылдағы жүріп өт­кен жолы атқан оқтай түзу, тө­сел­ген тақтайдай тегіс бол­ма­ға­нын, жас мемлекеттің ал­дынан талай-талай сынақтар тосыл­ғанын, оларды еңсеру елдің елі­нің, ердің ерінің қо­лы­нан келетінін көрсетеді. Қазақ елінің де, елді бас­қарған ердің де қо­лынан келді сол шаруа. Осы жиырма жыл­дың ішінде дала­мыз да өзгер­ді, қаламыз да өз­герді. Олай болатыны – бәрінен бұрын біздің санамыз өзгерді. Ата-бабаларымыз аңсап, армандап өткен азаттыққа   арпа­лысқа толы жасампаз жұмыс қана  апаратынын, тәуелсіздік­ке тәуе­келі тұратындардың ғана  қолы жететінін айқын ұғын­­­­ған  бостан сана ол. Тәуел­сіздіктің басқа бір қонса мәң­гілікке шегеленіп қалмай­тынын, баянды бостандық ба­қыттың бағасын білгендердің ғана қолында тұратынын да біледі біздің халқымыз. Бар адамзат бір базарда бәсеке­лесіп, барын салып, бағын сынап жатқан мына жаһан­дану­дың жанталасты жағдай­ында ұлт ретінде ұпайыңды жоғалт­пау, халық қалпыңда қадіріңді кетірмеу,  мемлекет күйінде мы­ғым тұру барған сайын қиындай түсетінін де біледі біздің халқымыз. Бұл кітап шын мәнінде Тәуелсіздік толғауы. Оны оқи отырып, сіз бен біз ата-бабалар аманатын ақтаған ұрпақ екенімізге мақтанамыз, сіз бен біздің мына жердің бетіне келген кезіміз халқымыздың тарихындағы ең бір ғажайып тұсқа – азаттық алған, тәуел­сіз мемлекет құр­ған тұсқа тап болғанына, біздің маңдайы­мызға осы елдің кірпішін қалау бақыты бұйыр­ға­нына шүкіршілік етеміз, оны оқи отырып, келер ұрпақ өзде­ріне Елбасы бастап, елі қостап құрып берген Қазақстанның қадір-қасиетін тани түседі, тәуел­сіздік туын желбіретіп ұстаудың жауапкершілігін сезіне түседі. Ел газеті «Егемен Қазақ­стан» баршаңызға Тәуелсіз­дігіміздің ұлы тойы тұсында осы кітапты тарту етеді, ар­дақты ағайын. Торқалы тойымыз құтты болсын!