10 Желтоқсан, 2011

Адам құқықтары – жалпыадамзаттық мәдениеттің қуатты бөлігі

5127 рет көрсетілді
Өзін демократиялық елміз деп санайтын кез келген мем­лекет адамдардың құқықтары мен бостандық­та­ры­ның тапталуына жол бермейді. Былайша айтқанда, ешкім ешқандай жағдайда кінәсіз жапа шекпеуі керек. Біздің елі­міз­дің де Конституциясында мемлекеттің ең қымбат қа­зынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бос­тандықтары деп тайға таңба басқандай жазылғаны белгілі. Сондықтан біз ел Конституциясына және осы сала­да­ғы халықаралық құжаттамаларға сәйкес азамат­тары­мыз­дың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға тиіспіз. Ендеше, осыған орай біз Дүниежүзілік құқық қор­ғау күніне бай­ланысты Президент жанындағы Адам құ­қық­­тары жөні­н­де­гі комиссияның төрағасы Сағынбек ТҰРСЫНОВҚА жолы­ғып, бірқатар сұрақтарға жауап алдық. – Сағынбек Тоқабайұлы, адам құқықтары мен бостан­дықтарын қорғау дегеннің ма­ңызы өте зор екені белгілі. Бұл орайда айтар болсақ, респуб­ли­камызда құқық қорғаушы бірнеше институт бар, мәселен, өзіңіз басқарып отырған Комиссия, Омбудсмен, Ұлттық ор­талық, оған қоса халық­ара­лық ұйымдар да аз емес. Со­ның ішінде сіз басқаратын Комиссияның рөлі қандай? – Иә, адам құқықтары – жо­ғары құндылық, оны құрметтеу, сақтау және қорғау – мемле­кет­тің міндеті. Әрбір адамның өз құқықтары мен бостандықтарын іске асыру мен қорғаудағы жеке белсенділігін ешқандай да тө­мен­детпестен, қоғамдық және жеке бастың мүдделерінің тиісті теңдестігін қамтамасыз ете оты­рып, қажетті алғышарттарын жа­сайтын мемлекеттің айқын­дау­шы рөлін мойындауымыз қа­жет. Сондықтан да осы Президент жанындағы Адам құқықта­ры жөніндегі комиссия құрыл­­ған болатын. Комиссия қызме­ті­нің негізінде Мемлекет басшы­сы­на оның маңызды функциясы – адам­ның және азаматтың құ­қық­тары мен бостандықтары­ның кепілі болу қызметін атқа­руы­на жедел және жүйелі көмек көрсету жатыр. Ол адам құқықтарын қам­та­ма­сыз ету ісіне көп үлес қосады. Бұл әрі адам құқықтарын қолдау мен қорғаудың қоғамдық және мемлекеттік тетіктерін күшейту және осы саладағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен әзір­леуге атсалысу әрі адам құқық­та­рын қамтамасыз ету сала­сын­дағы халықаралық ынтымақтас­тық­ты нығайтуға жәрдемдесу. Де­мек, еліміздегі азаматтық қо­ғам институттарының қалыпта­суы мен дамуына, адамның және азаматтың құқықтарының халық­аралық стандарттарға сай қор­ғалуында, жалпы адам құқығы саласындағы мемлекеттік сая­сат­ты қалыптастыруда Елбасының жанындағы Адам құқықтары жө­ніндегі комиссияның атқарар рөлі зор. – Дегенмен, азаматтардың өз құқықтарын қорғау үшін қайда жүгінгені дұрыс, жо­ға­ры­да атал­ған мекемелерге ме, әлде, мәселен, Адам құқық­та­ры жөніндегі уәкілге ме (Омбудсмен) немесе Комиссияға ма? – Бұл жерде, ең алдымен, осы екі институттың функционалдық айырмашылықтарын айыра білу қажет. Біздің елімізде жалпыға ортақ танылған Париж принциптеріне сәйкес адам құқықтары жөніндегі ұлттық мекемелердің екі түрі: Мемлекет басшысы жа­нындағы Адам құқықтары жө­нін­дегі комиссия және Адам құ­қықтары жөніндегі уәкіл (Омбудсмен) жұмыс істейді. Комиссия қызметінің негізгі нысандарының бірі ұсыным ретінде Мемлекет басшысына, Үкі­метке, Парламентке және кез келген мемлекеттік органға адам құқықтары саласындағы баян­да­маларды ұсыну. Ол шын мәні­сінде ел Президентінің адамның құқықтары мен бостандық­тары­ның кепілі ретіндегі қызметін қамтамасыз етеді және Мемлекет басшысы мен азаматтық қоғам арасындағы «көпір» бола оты­рып, адам құқықтарының жүйелі түрде бұзылуы мәселелерімен шұ­ғылданады, консультативтік және ағартушылық қызметтер ат­қарып, адам құқықтарына байла­нысты мемлекеттік саясаттың стра­тегиялық бағыттарын ай­қын­дайды. Ал Омбудсмен институты өз­дерін мемлекеттік билік органда­ры мен оның лауазымды тұлға­лары, басқа да ұйымдар тара­пы­нан болған әділетсіз іс-әрекет құрбаны санайтын жеке адам­дар­дың бұзылған құқықтарын қор­ғау үшін құрылған. Өзінің мәрте­бесі бойынша Адам құқықтары жөніндегі уәкіл нақты адамның бұзылған құқықтарын қорғайтын өзіндік халықтық адвокат болып табылады, мәселен халық­ара­лық стандарттарға сай айтатын бол­сақ, Омбудсменнің негізгі тікелей міндеті азаматтардың арыз-ша­ғым­дарын қарау болып та­бы­лады. – Дұрыс екен. Ендеше, Ко­миссияға түсіп жатқан шағым­дар мазмұны не туралы болып келеді және олардың өтініш­терін орындау қалай жүзеге асады? – Адам құқықтары мен бос­тандықтары сан салалы бол­ған­дық­тан, келіп түсетін шағымдар да сан түрлі. Алайда барлық ша­ғымдарды саралап отырып, осы­дан бірнеше жыл бұрын сот шешіміне шағымдар көптеп түсе­тін, енді қазір ішкі істер қыз­мет­керлері мен жергілікті әкімдер­дің жұмысына көңілі толмай­тындардың қатары көбейіп отыр. Жыл сайын Комиссия хатшылы­ғына 1000-нан астам азаматтардан жазбаша шағым хаттар тү­седі. Ол арыздар Комиссияның тиісті ұсынымдарымен не болмаса қорытындыларымен уәкілетті мемлекеттік органдарға: прокуратура, сот, орталық және жергілікті атқарушы билік органда­рына мәні бойынша қарауға жіберіледі. Конституция қағидаларына, сондай-ақ басқа да заңнамалық актілер нормаларына сәйкес Қа­зақстан Республикасының аза­мат­тары, шетел азаматтары, ор­ал­­мандар, азаматтығы жоқ адамдар, ұйымдар өз құқық­та­рын қор­ғау үшін заңда белгіленген тәр­тіппен Комиссияға ша­ғым­да­нуға құқылы. Тек Адам құқық­тары жөніндегі комиссия қарау тәртібі негізінен әкімшілік құқық бұзушылық туралы заң­на­мамен, қылмыстық іс жүргізу және аза­маттық іс жүргізу заң­на­мала­рымен шешілетін азамат­тар­дың шағымдарын қарамайтынын атап өткім келеді. – Адамдар үкіметтік емес ұйымдардан да қорғаныш іздейді. Комиссия үкіметтік емес құқық қорғау ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасай ма? – Жалпы, Адам құқықтары жө­­ніндегі комиссия үкіметтік емес ұйымдарды өзінің тең дә­ре­жедегі әріптесі ретінде та­ни­ты­нын баса айтқым келеді. Ел­ба­­сының Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республика­сын­да аза­­маттық қоғамды дамы­ту­дың 2006-2011 жылдарға арнал­ған тұжы­рымдасын» Комиссия күн­­делікті қызметінде кеңінен қолданады. Біз үкіметтік емес ұйымдар­мен өз ынтымақтастығымызды одан әрі жандандыра түспекпіз. Конференциялар, «дөңгелек үс­­тел­дер», семинар-тренингтер, оты­рыстар өткізу, тергеу изо­ля­торлары мен түзеу мекемелерін, құрылыс нысандарын және әл­еу­меттік саланың басқа да мекемелерін бірге аралау шеңберіндегі кездесулер кеңінен тараған. Комиссия өкілдерінің өзі де үкіметтік емес құқық қорғау ұй­ым­дар өткізетін іс-шараларға түр­лі әдістемелік және ақпарат­тық көмек көрсете отырып, белсене қатысады. Өзара екі жақты тиімді келісім бойынша үкі­мет­тік емес құқық қорғау ұйымда­рына келіп түскен азамат­тар­дың күрделі шағымдарын Комиссияда қарау тәжірибеге енгізілген. Үкіметтік емес ұйым­дар өкіл­дері Адам құқықтары жө­ніндегі ко­миссияның және он­ың са­рап­та­малық кеңесінің құрамына кіреді. Адам құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесінің құрамдас бір бөлігі болып табылатын үкімет­тік емес құқық қорғау ұйымдар да өз тараптарынан Комиссия­ның жұмысына оң бағаларын беріп, әрдайым өзара іс-қимыл жа­сауға дайын екендерін білдіріп отырады. Комиссия өз тарапынан үкіметтік емес ұйымдар туралы заңнаманы және құқық қолдану практикасын жетілдіру туралы ұсынымдарын Мемлекет бас­шы­сына, Парламентке және Үкімет­ке жібереді. – Сағынбек Тоқабайұлы, Дүниежүзілік құқық қорғау күні осы адамдардың құқығы мен бостандығы үшін тер төгіп жүрген әріптестеріңізге қандай тілек айтар едіңіз? – Ең алдымен жалпы Қазақ­стан азаматтарын еліміздің 20 жылдық мерейлі мерекесімен құт­тықтағым келеді. Жиырма жыл деген бір белес, сол белестен Елбасының сындарлы саяса­тының арқасында, бүкіл хал­қы­мыздың сабырлылығы мен тө­зімділігінің, ізденімпаздығының нәтижесінде үлкен жетістіктерге жеттік. Сол жетістіктеріміз баян­ды болсын дегім келеді.

– Әңгімеңізге көп рахмет.

 Әңгімелескен Александр ТАСБОЛАТОВ.

Соңғы жаңалықтар

Спорт жаңалықтарына шолу

Спорт • Бүгін, 09:11

Суретшілер үйі ашылды

Аймақтар • Бүгін, 09:08

Бал бұлақ болып ақты

Аймақтар • Бүгін, 09:07

Оңайлықпен ем қонбайды

Медицина • Бүгін, 09:05

Ұқсас жаңалықтар