13 Ақпан, 2010

ЖЕР САТЫЛМАЙДЫ!

1246 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Осыдан біраз уақыт бұрын ел ара­сында шет­жұрт­тықтарға жер сатылады екен деген қауесет желдей ескені өзімізге белгілі. Ата-баба­ларымыз ақ найзаның ұшы­мен, ақ білектің күшімен қорғаған қасиетті жерінен қымбат қазақ үшін не бар? Содан да бұл сөзге жүрегі­міз күпті болып, көңіліміз алаңдап жүретін. Өткен жыл­дың аяғына қарай өзінің 90 жылдығын атап өткен “Егемен Қазақстан” газеті­нің жаңа ғимаратына келген Қазақстан Пре­зи­денті Н.На­зар­баев бір­­қатар бұқара­лық ақпарат құрал­дары басшы­­ларына сұхбат бергені есте. Сол кезде Мемлекет бас­шысы қоғам өміріндегі көкейкесті мәсе­ле­лерді тілге тиек ете келіп, жер сатылады деген сөздің жалған екендігін айтып, әлгі жел сөзге нүкте қойған болатын. Мәселенің ақиқатын Елбасы­ның өз аузынан есту барша қазаққа зор қуаныш сыйлағаны анық. Сол қуаныштың әсерінен менің де көкірегімнен бір ән кептер болып көкке ұшқан. Бүгін сол әнімді жұртшылық назарына “Егемен Қазақ­стан” газеті арқылы ұсын­сам деймін. ЖЕР САТЫЛМАЙДЫ! Батырларым қорғаған, Ақындарым толғаған, Қазағымның даласы – Жаннан қымбат ол маған! Жер сатылмайды! Алтын қанат даламнан, Алаш үні таралған. Ақ сүтінен анамның, Ұл-қыздары нәр алған! Жер сатылмайды! Ошақ отым жанған Жер, Қасық қаным тамған Жер. Бабамыздан мәңгілік Мұра болып қалған Жер! Жер сатылмайды! Жоламан ТҰРСЫНБАЕВ, композитор. ЕЛ ҮШІН ЕҢБЕК ЕТСЕҢ ХАЛҚЫҢ СҮЙМЕК Адамның асыл мұраттары көп қой. Біреу мал, дүние жияды, ал енді біреу өмір бойы оқу-білім іздеп, жоғалмайтын қазына қуғанда балам білімнің шырағымен нұр­ланып, рухани бай адам болып өссе екен деп тілейді. Қазір осы екеуінің арасында қызған майдан. Дүние, байлық дегеннің бір кездегі өктем үні қарлы­ғып, қартайған жанның беліндей бүгіле түссе, ал білімді адамның кемесі кеңістікке қарай көсіле жүзіп бара жатқандай әсер қалдырады. Жұрт оқу-білімге қайта бет бұруда. Тоқсаныншы жылдар­дың тапшылық жарасы жазылып, жастар базардан гөрі назарын білім ордаларына тікті. Осының бәрі еліміздің өркениетке қарай қаққан қанаттарының өрнек­тері екенді­гін­де дау жоқ. Жастардың оқу-білімге құштарлығы арқылы бүгінде Қазақ­стан шетелдерге танылуда. Бала­лары әлемдегі ең айтулы оқу орын­дарында білім алуы үшін “Бола­шақ” бағдарламасын әзірле­ген ТМД аумағында Қазақ­станнан басқа тағы қандай ел бар? Жас шыбықтың басын қалай қарай исе, сол жаққа қарай бейім­деліп өседі десек, баланың білімге деген құштарлық сезімін оятушы ұстаздың мойнында да дәл соған ұқсас қорғасыннан ауыр міндет тұр. Ол – үміт еткен шырағын мұғалім­нің қолына сеніп тапсырған ата-ананың аңсар-арманы, ертеңгі мұра­ты. Осынау күрделі де жауапты кәсіпті адал атқарып, әріптестерінің қай кезде де құр­метіне бөленген Нарбек Мұсабай­ұлы туралы айта кетудің жөні келіп тұрғандай. Оның өмір жолына көз тіксеңіз, жан-дүниесі теңіздің бетіндегі тіршілік­тей үнемі дамыл­сыз тулапты. Әуелгі еңбек жолын “Ащысай түсті­металл” комбинаты автоматика цехында электр мон­тажшысы маман­дығынан бастауы­ның өзі көп жәйтті аңғартса керек-ті. Білім көкжиегіне қара­пайым жұмыстың дәмін татып келген жанның мақсат-мұраты мек­теп бітіріп кел­ген жасқа қара­ғанда басқашалау өріледі емес пе? Шым­кент пед­инсти­тутын ойдағыдай бітірген соң, Кентаудағы тау-кен металлургия техникумында физика пәнінен сабақ берді. Көп ұзамай техникум­ның бөлім меңгерушісі болып, осы орында тапжылмай он алты жыл қызмет етіпті. Білікті маман ретінде республикалық инспекция құра­мын­да Жезқазған, Рудный, Риддер (Лениногорск), Балқаш, Жамбыл, Қаратау, Жаңа­тас сияқты қалалар­дағы техни­кум­дар­дың білім дең­гейін тексеруге қатыс­қан. Белсенді еңбегі мен тексеру кезінде оқу-тәрбие және әдістемелік жұмыс­тар­ға қолұшын бергені үшін министр­ліктен ар­найы алғыс алған азамат 1983 жылы білім саласын­дағы елеулі еңбегіне орай Арнаулы орта білім берудегі үздік жетістіктері үшін төсбелгісімен марапатталған. Кен­тау қалалық оқу бөлімін біраз уақыт басқарған соң, 1986 жылы Кентау­дағы кәсіптік-техникалық училищеге директор болып таға­йын­далған. Осы оқу шаңырағында өткен он жыл ұстаз үшін ширығу, қайта қалыптасу кезеңі болды десек, артық айтқандық емес. 1990 жылы ол Мәскеу, Минск қала­ларына арнайы іссапармен барып, өзгенің озығынан көп нәрсе үйре­­ніп қайт­қан еді. Нәтижесінде келер жылы училищені техникалық ли­цей­ге айналдырды. Мұндай лицей­­лер республиканың өзге де өңір­лерінен кездесер, бірақ техника­лық лицей­дің оқу жоспары мен бағдар­лама­ларын алғашқылардың бірі болып әзірлеп және оны қол­даныс­­қа енгізу­ді тиісті орындарда дәлел­деп шыққан адам біреу, ол – Нарбек Мұсабайұлы. Кейін осы негізгі құжаттарды өзге облыстар­дағы басқа техникалық лицейлер пайда­ланған. Оңтүстік Қазақстан облы­сындағы №2 техникалық ли­цей – жоғары кәсіптік училищенің өмір­намасы осылай әспеттеледі. КСРО кәсіптік-техникалық білім беру ісінің үздігі 1996-2006 жыл­дары Кен­­тау қаласындағы Тұрар Рыс­құлов атындағы №24 қазақ орта мектебінің директоры болып тұр­ған­да 2001-2003 жылдары қатары­нан білім ошағы жоғары оқу орын­дары­на мемлекеттік грант пен несие­мен оқуға түсу көрсеткіші бойынша рес­публикадағы таңдаулы жүз мек­тептің қатарына ілікті. Бұл еңбектер елеусіз қалған жоқ. Оң­түс­тік Қазақ­стан облыстық білім департа­менті­нің Құрмет грамота­сы­­мен, еліміз тәуелсіздігінің 10 жыл­дығына арнал­ған мерекелік төсбел­гімен марапат­талса, қала бойынша 2003 жылы ол басқара­тын мектеп “Ең үздік мек­теп” ар­найы дипломы тапсыры­лып ерек­ше­ленді. Ұлағатты ұстазға 2008 жылы Кентау қаласы­ның “Құрмет­ті азаматы” атағы берілді. Мұғалім беделі деген сөз сірә, өмір соқпағы осылай дәріп­теле­тін білім саласы қызметкер­лерінің еңбегіне байла­ныс­ты ай­тыл­са керек. Бүгінде зей­нет дема­лы­сындағы ұстазды бұл кәсіптен мүлде қол үзіп кетті деп айта ал­май­сыз. Сүйген кәсібін адам ұмыта ма? Әдебиет пен өнерге бала кезі­нен жақын Нәкең кезінде театр тар­ланы Райымбек Сейтметовпен бір мек­тепте оқып қана қоймай, өзара достығы жарасқан жақын жандар еді. Өзі басқарған мектепте талай рет сахна саңлағының кез­десу кештерін өткізді. Сол күн­дер естелігі санада сәуледей жарқырап, жанына жылы шуақ төгер еді. Арттағы бе­лес­тер қимас сезімге толы. Жоғары оқу орнын бірге бітіріп, өзімен бір­дей мектеп­те бала оқытқан өмір­лік жары Алмагүл екеуі үш перзент сүй­се, бүгінде тоғыз немеренің қызы­­ғына бөлен­ген бұл әулет өне­гелі бәй­­терекке ай­налып кеткендей. Бала­­ның сана­сына жарық сәуле құюдан асқан киелі нәрсе бар ма? Таңдаған асыл мұраттары ғұмыр­ларын шексіз шат­тыққа толтырған мұндай әулет­тің өнегесін қанша айтсаң да көп көрмей, айта бергің келеді. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ. ҚАРАСАЗДАҒЫ КЕЛЕЛІ БАСҚОСУ Келесі жылы халқымыздың аяулы пер­зенті, өлеңнің отын маздатқан мұз­балақ ақын Мұқағали Мақатаевтың туға­нына 80 жыл толады. Облыста мерейтойға дайын­дықты бастау мақсатында құрылған ұйым­дастыру алқасының алғашқы жиыны ақынның туған топырағы Қарасазда өтті. Оған рухани құндылықтың бағасын біле­тін, әрі оған қызмет етуді парыз са­най­­тын облыс әкімі Серік Үм­бетов және Қазақ­стан Жазу­шылар одағы басқар­масының төраға­сы Нұрлан Оразалин бастаған респуб­ли­­ка­лық, облыстық басылымдардың бас редак­тор­лары, ақын-жазушылар қатысты. Жиын­ға қатыс­қан­дар Қара­саз­­дағы Мұқағали Мақа­таевтың әдеби-мемориалды мұра­жайын күр­делі жөндеуден өткізудің жоба-жоспарымен, жаңа кескін-келбеті бей­неленген ғимараттың сызбасымен танысса, ол баршаның көңілінен шығып, қолдауға ие болды. Мерейтойға дайындық жайлы респуб­ли­ка­лық “Жас Алаш” газеті­нің бас редак­торы Рысбек Сәрсен­баев, ақын, халықара­лық “Алаш” сыйлығының лауреаты Ораз­ақын Асқар, “Мұқаға­ли” қо­ғам­дық қоры­ның төрайымы Бақыт­гүл Ай­дарова және басқалар ақын ескерт­кі­шін орнату, мұражайды жөндеу, ауылды көркей­туден басталатын жыл бойы атқарылатын көптеген шара­лардың тиянағын келтіру жөніндегі орайлы ойларын ортаға салды. Сөз соңында облыс әкімі Серік Үмбетов Қара­саздан Талас ауылына дейінгі жолды жөндеу мәселесін, жалпы тойға дайындық­тағы бар жұмыс осы бастан назарға алына­тынын айта келіп, “Мұқағалидай біртуар ақын жайлы естелік кітап­тар жазыңыздар. Ақынға арналған шығармаларды дүниеге кел­тіріңіздер. Халықтың рухани жан-дүниесін байытатын ақынның өмі­рі­нен жазыл­ған кітаптан қаражат аямай­мыз. Өйткені, бұл халқымыз үшін, ұрпақ үшін қажет. Ақынмен бірге болған, сыйласқан қаламдас әріптес­терін де ұмытпаңыздар”, деді. Осы күні облыс әкімі Қара­саздағы өнер мектебінің жұмысы­мен де танысты. Саз және көркем­сурет бөліміне қарасты сәндік қолданбалы өнер, мүсін, зергерлік бұйымдар сыныбын аралап, жас­тар­дың еңбегіне бағасын берді. Мектепке қажетті күйсандық әперу мәселесі қарастырылатынын айтты. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы. ЖҰБАН ЕЛІНІҢ ТАМАША КОНЦЕРТІ Ақжайықты ежелден ән мен күйдің, жырдың елі деп бекер атамаса керек. Бұл топырақ қай кезде де таланттарға кенде болған емес. Сол таланттар сабақтас­ты­ғын жиырма бірінші ғасырға жал­­ғастыру, өнерпаздардың ше­бер­лік деңгейін сарапқа салу жә­не жас дарындарды анықтау мақ­сатында облыс орталығында аудан­дар көркемөнерпаздарының концер­тін қою белгіленді. Сөйтіп бүгінде олар ел-жұртқа шығарма­шылық есептерін беру үстінде . Кеше Орал қаласындағы жас­тар Мәдениет үйінде Ақжайық ау­да­ны өнерпаздары өз өнерлерін қа­ла жұртшылығына ұсынды. Кон­церт бағдарламасының компо­зи­­ция­лық тұтастығы, орындалған музыкалық нөмірлердің кәсіби деңгейінің биіктігі оралдықтарды тәнті етті. Ең бастысы көрермен­дер екпіндеп келе жатқан жас талант­тар дүбірін бай­қап, олардың қарлығаш қадам­­дарына құшыр­лана қол соқты. Темір ҚҰСАЙЫН.