Әлем • 29 Мамыр, 2018

Қазақстан – жаһан журналистері назарында

516 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Министрліктер үйінің мәжіліс залында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» баспасөз турының аясында шетелдік БАҚ өкілдерімен кездесті. Кездесуге АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Испания, Италия, Египет және Қытай елдерінен журналистер қатысты. 

Қазақстан – жаһан журналистері назарында

Мәдениет және спорт ми­нис­трлігі мен Сыртқы істер министрлігінің бірлескен жоба­сының мақсаты – дүние жүзінің ірі бұқаралық ақпарат құрал­дары орталықтарынан келген жур­налистерге Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарла­малық мақаласының негізгі тармағының бірі – «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында қазақ мәдениеті мен өнерін таныстыру және насихаттау. 

– Еліміздің тарихы мен мәдениетіне, өнеріне өздерінің үлкен қызығушылығын танытып, міне әлемдегі ең ірі ақпарат орталықтарының журналистері Астанаға келіп жатыр. Бұл біз­ге мақтаныш сезімімен қатар, үлкен жауапкершілік те жүк­тейді. Себебі осы сәтті пайдала­нып шетелдік журналистер назарына барлық жетістігіміз бен жеңісімізді өз деңгейінде көр­сетіп, түсіндіру қажеттілігі туын­дайды. Ал тәуелсіздік алған кезден бастап іске асып жатқан ондай жетістіктер біздің елімізде жетерлік. Соның бірі – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы. Аталған бағдарлама аясында өмірге келген «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы негізінде жүргізіліп жатқан іс-шаралар әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған БАҚ өкілдерінің назарына ұсынылатын, таныс­тырылатын болады, – деді Арыстанбек Мұхамедиұлы. 

Іс-шара барысында шетелдік БАҚ өкілдері үшін Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасын шетелде ілгерілету мақсатында осы ба­ғытта атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды. Соның ішінде, әсіресе қазақ театры мен киносының әлем көрерменіне таныстырылу мен насихатталуы жайында кеңінен әңгіме өрбіді. Жаһан назарын өзіне аударып, әлемді таңдай қақтырып жүрген талант Димаш Құдайберген, күні кеше Канн фестивалінде топ жарған үздік актриса Самал Еслямованың жетістіктері таныстырылып, жалпы қазақ өнерінің даму барысына баға берілді. Сондай-ақ министр журналистердің латын графикасы мен туризмге қатысты сұрақтарына да жан-жақты жауап берді. Алдағы уа­қыт­та шығармашылық мәде­ни байланысты бұдан әрі нығай­туға өз ұсынысын білдірді. «Жаһан­дық әлемдегі заманауи қазақ­стандық мәдениет» баспа­сөз турының аясында қонақтар киелі Маңғыстау жеріне барып, қасиетті өлкенің тарихи жер­лерімен танысатын болады. 

Бұл кездесу қазақстандық моделді ашық талқылауға шығару арқылы бір жағынан конструктивті ой-пікірлер мен жаңа идеялардың туындауына негіз қаласа, екінші жағынан халықаралық қоғамдастық қазақстандық бағдарламада бекітілген дамудың пайдалы жолдары мен оны қолданудың әлеуетін кеңінен пайдалануға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Назерке ЖҰМАБАЙ, 
«Егемен Қазақстан»