Бүгінде технология күн сайын өзгерген заман ғой. Жаңа қожайын бірден кәсіпорынның миллиардтаған қарызын өтеп, өндірісті техникалық жаңғырту жұмыстарын қолға алған еді. Жаңғырту жұмыстарына барлығы 2 млрд 300 млн теңге қаржы жұмсалыпты.
– Жаңадан орнатылған еуропалық құрал-жабдықтар мен заманауи технология өндіріс көлемін екі есеге арттыруға мүмкіндік береді. Бұрын жылына 20 мың тонна шикізат өндірілсе, қазір ол 45 мың тоннаны құрайды. Зауытта бұрын майлы дақылдардан тек 30 пайыз ғана май алынатын. Жаңа желілер 43 пайызға дейін май алуға мүмкіндік береді. Бұрынғы төрт өндірістік цех желісі жаңа төрт цехпен толықты. Оның ішінде шикізатты дайындайтын, дәнді сығымдап тазартатын, экстракциялайтын заманауи желілер бар. Дәнінен ажыратылған күнбағыс қабығын жағып, одан бу өндіреміз. Яғни майлы дақылдан май алу барысында газ немесе көмір отыны қолданылмайды. Қазір алып бу қазандығы қуатының тек отыз пайызын ғана қолданып отырмыз. Болашақта бу қорын жылыжай шаруашылығы мен мал азығын дайындауда пайдалануға болады, – дейді Мұрат Жәкібаев.
Екінші тынысы ашылған кәсіпорынның жұмыс барысымен танысқан облыс әкімі Алтай Көлгінов кәсіпорын басшысымен, технолог мамандармен, жұмысшылармен пікірлесіп, мамандарды дайындау, қызметкерлердің біліктілігін арттыру, жалақының уақтылы төленуі және шикізат алуда жергілікті тауар өндірушілерге басымдық беру мәселелерін талқылады.
– Мемлекеттің қолдауымен кәсіпорында екі жыл бойы қыруар жұмыс атқарылды. Жаңа технология тартылып, көп қаражат құйылды. Енді өзімізге қажет өнімді шығару, оған қоса экспортқа жөнелту кезек күттірмейтін маңызды мәселе. Болашақта кәсіпорын жүйелі жұмыс жасайды деп сенеміз, – деді өңір басшысы.
Зауытта күнбағыс майының тазартылған, иіссіздендірілген, мұздатылған және рафинадталмаған түрлері шығарылады. Кәсіпорын өнімі Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Атырау облыстарының сауда орындарына көтерме бағамен бір литрі 260-265 теңгеге сатылуда. Жуырда «Белес» күнбағыс майының алғашқы 50 тоннасы Өзбекстан Республикасына жөнелтілген.
Май зауытында 105 адам тұрақты жұмыс істейді. Олардың көбі – жергілікті тұрғындар. 2017 жылы жергілікті диқандардан 13 мың тонна күнбағыс дақылы сатып алынған.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы