Футбол • 29 Мамыр, 2018

«Реал» – «Ливерпуль». Бұл финал біразға дейін ұмытылмас

422 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өткен уикендте Чемпиондар лигасының финалдық ойыны өтті. Қарт құрлықтың басты додасында Испанияның «Реалы» Англияның «Ливерпулін» 3:1 есебімен ұтқан болатын. Осы жеңісі арқылы Мадридтің командасы үшінші жыл қатарынан Чемпиондар лигасының жеңімпазы атанып, тарихты жаңартты. Зинедин Зидан бастаған ұжымның осы турнирдегі жетістігінің сыры неде? Ал осыған дейін алпауыт командаларға сес көрсетіп келген «Ливерпульдің» жеңілісіне не себеп болды? 

«Реал» – «Ливерпуль». Бұл финал біразға дейін ұмытылмас

Бек ТӨЛЕУОВ, журналист: «Финалда фаворит болмайды деген түсінік бар. Бірақ «Реалдың» ойыншылары тәжірибелі, нағыз тісқаққандар. Сондықтан олар қандай кезде болмасын жиналып, қажетті нәтижеге жету үшін аянып қалмайды. Финалға дейін ПСЖ, «Ювентус», «Бавария» секілді мықтылардың барлығын кездесіп, екі ойынның қорытындысы бойынша жеңіске жетіп отырды. Ал «Ливерпульдің» футболшылары Мохаммед Салах жарақат алып, алаңнан кеткен кезде абдырап қалды. Осындай тұста тәжірибенің аздығы байқалады. 

Зинедин Зидан олимпиадалық жүйе бойынша өткізілетін кубоктарда командасын жігерлендіре алатын бапкер екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. 38 турға созылатын чемпионатқа қарағанда, Зиданға кубоктық ойындар ыңғайлы секілді. Осымен үшінші жыл қатарынан Чемпиондар лигасын жеңіп алуы осының дәлелі болса керек. 

Финалда екі бірдей өрескел қателік жіберген «Ливерпуль» қақпашысы Лорис Кариусті кінәлап жатқандар көп. Бірақ, Кариусті емес, оған сенім білдіріп жүрген бапкерлер штабының қателігі деп айтуға болар. Германиялық қақпашы бұған дейін де басқа матчта жиі қателесіп жүрген болатын. Ал финалда ол тіпті қобалжығанын баса алған жоқ. Сондықтан әзірге ол мұндай ойындарда өнер көрсетуге дайын емес.

Бұл финал біразға дейін ұмтылмас. «Салахтың жарақаты», «Кариустың қателігі», «Бэйлдің бенефисі» болған финал деп біразға дейін еске алатын шығармыз.

Бір қуантқаны, финалда жұмыс істеген төрешілер бригадасы ешқандай өрескел қателік жіберген жоқ. Барлығы әділ болды. Тек Мохаммед Салахтың жарақаты жанкүйерлердің  үнжырғасын түсіргенін айтпасақ, Киевтегі финал көңілден шықты».

 

 Әзиз ЖҰМАДІЛ, журналист: «Ойынның өткеніне үш күнге жуықтап қалды, бірақ «Реал» мен «Ливерпуль» төңірегіндегі әңгіме әлі тыншымай тұр. Мадридтіктердің мықтылығын мойындайтындар да көп, жеңісін даттайтындар да жетерлік. Біз де өзіміздің «бес тиынымызды» қосайық.

«Реалдың» қанша жанкүйері болса, сонша хейтері бар. Ұлы клубтардың барлығында солай. Сондықтан, матчтағы кейбір жағдайлар жайлы әртүрлі әңгімелердің болуы заңдылық. Дегенмен, Мохаммед Салахты сындырды деп Серхио Рамосты айыптағандар неліктен Лорис Кариус жайлы жақ ашпайтынына таңым бар. Шынтуайтынына келгенде «Ливерпульдің» жеңілісіне қақпашыны да кінәлай беруге болмайды. Әр адамның сәтсіз күні болады. Бәлкім, 26 мамыр неміс киперінің де төсектен сол аяқпен тұрған күні болған шығар. Ал «Салах алаңда болғанда «Реал» «Ливерпульді» жеңе алмас еді» дегенмен келісу қиын. Мысырлық шабуылшы 10-шы минутта емес, 30-шы минутта жарақат алып, алаңнан кетті. Қарсы команданың қорғаушыларын өзіне қаратумен болды демесеңіз, Мохаммед жарты сағатта жарытып ешнәрсе де жасай алған жоқ. Оның қасында ойынға 61-ші минутта қосылған Гарет Бейл 25 минутта екі гол соғып, финалдың тағдырын шешіп тастады. Рас, Салах командаластарына сенім беретін ойыншылардың қатарынан. Ол алаңнан кеткен соң бұған дейін тәп-тәуір ойнап жүрген Джеймс Милнер мен Джордан Хендерсонның да добы түзу ұшпай қойды. Роберто Фирмино да құр жүгіре берді. Әйтсе де, әдетте мадридтіктер бірінші таймда қорғанысқа көбірек көңіл бөліп, қысымды үзілістен кейін арттыратын команда. Чемпиондар лигасындағы биылғы ойындары солай дейді. Сондықтан, «Реалдың» жеңісіне Салахтың жарақаты себепкер емес.

Әлбетте, Мохаммед Салахтың жарақат алып қалғаны өкінішті. Мұндай ойыншылардың финалды бастан-аяқ ойнағаны тарих үшін тиімді. Енді оның әлем чемпионатына дейін айығып кеткенін тілейміз. Сондай-ақ, «Реал» сапында саптан шығып қалған Даниэль Карвахальдің де ертерек қатарға қосылғанын қалаймыз.

Ал есеп, сіз бен біз қалай десек те – 3:1. Бірнеше жылдан кейін жанкүйерлердің есінде осы ғана қалады. Қалғандарының барлығы уақытша нәрсе. Ешкім де Кариустың қателіктерін, Карвахаль мен Салахтың жарақаттарын еске алмайды. «Реалдың» қатарынан үш рет жеңімпаз болғаны ғана айтып жүреді».