Қазақстан • 29 Мамыр, 2018

Сағадат Нұр­мағам­бе­тов. Сыпайы генерал, шын сардар

2885 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Елбасы – Қазақстан Рес­пуб­ли­касының Тұңғыш Пре­зи­денті қоры­ның қолдауымен, рес­­пуб­­­ли­калық «Гене­ралд­ар ке­ңе­сі» қо­ғам­дық қорының бас­та­ма­­сы­мен тү­сірілген Сағадат Нұр­мағам­бе­тов­тің өмір өрнегіне сал­ған ізінен сыр тар­қататын «Долг. Честь. Отвага» деп аталатын деректі филь­мде Сағадат Қожахметұлы жайын­да пікір білдірген азаматтар «Бауыржан Момышұлы оны «сыпайы гене­рал» дейтін еді» деп еске алады. Бұл ба­тыр­дың батырға берген шын баға­сы, шы­найы сөзі. Ал енді осы күні есім­дері ел ішіне аңыз боп тараған қазақ­тың нар тұлғалы азаматтарының бі­рін-бірі осылайша бағалап, қолдап-қуат­тауы ұрпақтар сабақтастығы үшін зор өнеге болатындықтан, сөзді осыдан бас­тағанды жөн көрдік.

Сағадат Нұр­мағам­бе­тов. Сыпайы генерал, шын сардар

Сағадат Нұрмағамбетовтің қар­а­мағын­да жылдар бойы еңбек етіп, шәкірті атанып, қанат қомдап түлеп ұшсақ та, болмысы болаттай берік, мінезі жібектей жұмсақ Сағадат Қожахметұлы жайлы Гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлынан асырып сөз айту мүмкін еместей. Сондықтан да «сыпайы генерал» атанған Сағадат ағамыздың шын сар­дар­лық келбетін ашатын кейбір қыр­ларына кеңірек тоқталып, тереңнен толғауға тырысып көрелік.

Бейбіт күнде қолданылған соғыс әдісі

1991 жылдың қазан айында Президент Н.Назарбаевтың Жарлығымен Мемлекеттік қорғаныс комитеті құрылып, Сағадат Нұр­ма­ғанбетов оған төраға болып тағай­ын­дал­ды. Содан көп ұзамай Сағадат Қожах­мет­ұлы мені Мемлекеттік қорғаныс коми­те­­тінің жоғары оқу орындары бөлімі мен әске­ри бағыттағы емес жоғары оқу орын­­да­рын­дағы әскери кафедралардағы дайын­дық штабының бастығы лауазымына тағайындап, жауапкершілігі жоғары тапсырмалар жүктеді. Бұл жерде біздің негізгі мақсатымыз ЖОО-дағы әскери кафедралар қызметінің қалпын сақтап, әскери маман даярлау ісін құрдымға жіберіп алмау болатын. Олай дейтін себебіміз, тәуелсіздіктің елең-алаң шағында әскеріміз ұлттық кадрларға өте мұқтаж болды. Сол кезге дейін Қазақстанның қорғаныс саласында еңбек етіп келген өзге ұлт өкілдері өз елдеріне қарай үдере көшіп, олардың орнын басатын лайықты кадрларсыз қалған шағымыз еді бұл кез...

Осындай қиын-қыстау кезеңде еліміздегі тұтас бір күш құрылымының бүлінгелі тұрған бір бөлшегінің бүтін қалпын сақтап қалу жолында азды-көпті еңбек еттік. Сөйтіп қазіргі әріптесім Бақытжан Ертаевты орынбасар етіп тағайындап, белгілі бір деңгейде жұмысы жүйеленген әскери кафедраларда кадр даярлау ісінен шашау шығармай, қызметтің бірізділігін жалғастыра түстік. Әрине Сағадат Қожахметұлы өзі осы салаға келгеннен кейін, ұлттық кадр тап­шы­лығы мәселесін шешу жолында атқарған ша­руалары ұшан-теңіз екені сөзсіз. Ол Отан алдындағы перзенттік парызын адал атқарып, Мемлекет басшысының сені­мін ақтау үшін әскери қызметтегі ұзақ жылдық мол тәжірибесі мен білім-білі­гін аямады. Сағадат Қожахметұлының тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі атануы әңгіменің бергі жағы ғана. Оның министр ретінде ел әскерін аяққа тұрғызуда істің көзін таба білуінің бір ұшы – өзі көзбен көріп, куәсі болған сұрапыл соғыс жылдарындағы қысқа мерзімдік оқытып, үйрету әдісінде жатыр десек, қателеспейміз. Сондай-ақ ұлттық кадрлық резерві қалыптаспаған Қазақстан үшін маман даярлау ісінен бұрын қоймадағы қару-жарақты қолды етпей, әскери техникаларды талан-таражға түсірмеу міндеті де тұрды. Ол үшін қайтпек керек? Әрине өтпелі қиындыққа төзе білетін, ерік-жігері мық­ты, Отанын сүйіп, елін қорғауға ынталы аза­мат­тарды іріктеп, сұрыптап топтастыру қа­жет еді. Сағадат Қожахметұлы осындай талап үдесінен шыға алатын атпалдай аза­мат­тарды маңына топтастырып, іске білек сыбана кірісті. Қан майданға бозбала боп аттанып, жиырма жасында Кеңес Одағының батыры атанған майдангер министр әскер ісін ұйымдастыруда кіші офицерлер легін дайындап шығаруға басымдық берді. Осы сөзімізге тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында офицерлік құрам санатында «кіші лейтенант» шені қолданыста болғаны дәлел. Бұл соғыс жылдарында жауынгерлік құ­ра­м­-
н­ың үздіксіз легін қамтамасыз ету әді­сі еді де­сек, С.Нұрмағамбетов тап осы үлгі­ні бейбітшілік сүйгіш тәуелсіз Қазақ­стан­дағы әскери саланың нығаюына сәтті пайдаланып, тиімді реформа жүргізе білді.

Көркем мінез, табанды талаптың иесі

Оның болмысы биязы, көркем мінезді жаратылысы басшылық қызметте жайлы сезілгенімен, табандылығы мен талап­шыл­ды­ғы тастүйін болатын. Ен бойындағы тағы бір ерекшелігі – есте сақтау қабілетінің мық­ты­­лығы һәм жады мен жанының жайсаңдығы көп кісінің көңілін мамыражай күйге бөле­ге­нінің талай куәсі болдық.

Қиын-қыстау кезеңдерде Отан алдын­дағы борышын өтеуге шақырылып, азды-көп­ті қиындыққа шыдас бере алмаған боз­ба­ла­лар да сол уақыттарда аз болмады. Әскер ұстау – қауіпсіздігің мен тыныш ұйқың­ның кепілі десек, оны ұстап тұру ел бюджетіне арзан түспесі бесенеден белгілі. Тәуелсіздігін енді алған жас мемлекет үшін мұндай дәр­е­же, деңгей тіптен қымбатқа шығады. Машақаты көп, мазасыздау осы кезеңде Сағадат Нұрмағамбетовке елдің қорғаныс саласының тізгінін ұстау сеніп тапсырылды. Сұрапыл соғыс пен қан майданды көзбен көр­ген азаматқа бейбіт күннің мұндай өтпелі кезеңі «бақытты шақ­тай» көрінсе керек-ті. Алайда оны Сағадат Қожахметұлындай жүрек­пен се­зі­ніп, жан-тәнімен түсінетін сарбаз­дар қай­да?!.

Бейресми статистикаға сүйенсек, тәуел­­сіздік таңындағы кезеңдерде әскерге ша­қы­­ры­лушылар қатарындағы 13 мыңнан астам сар­баз әскери бөлімдерді тастап кет­кен көрінеді. Себеп, әскер ұстаудың ма­те­риалдық қажеттіліктерінен басқа, ондағы әлеуметтік-құқықтық жағдайлардың теңсіздігі, әлім­жеттіктің белең алуы сынды жағымсыз көріністер жиі байқала бастады. Осының бәрі де әскер тәрбиесіне жіті көңіл бөлу қажеттігін талап етті. Жағымсыздау әсері болса да, бұл – шындық. Өйткені кезінде қаламы қарымды журналист атанған, бүгінде Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов 2001 жылы жарық көрген «Тәуелсіздік шежіресі» атты кітабының 29-бетінде мынадай үзінді келтіреді.

«1992 жылдың 11 шілдесі. Қазақстан Рес­пуб­ликасының Қорғаныс министрі С.Нұрмағамбетов республика территория­сын­дағы әскери бөлімдерде әскери міндетін өтеп жатқан жауынгерлерге сөз арнады. Министр «Кеңес Одағының ыдырауына байла­нысты туындаған аса күрделі сан қырлы процестердің салдарынан» болып жатқан аса ауыр сынақтарға орай: «Барлық әскери қызметшілерден республика Конституциясы мен заңдарына адалдығын сақтауды, тыныш­тық­ты, өзара құрметке негізделген қа­тынастарды қолдауды, халықтардың дос­тығы мен туысқандығын ардақ тұтуды өті­немін. Әскери қызметшілердің ары мен қа­дір-қасиетіне кір келтірілмесін. Сіз­дер­ді әскери борышқа адалдықтарыңыз бен Қазақстан Республикасы көпұлтты халқы­ның алдындағы жауапкершіліктеріңізді сақтауға шақырамын», деп атап өтті. Әдет­те бүкіл тыныс-тіршілігі темірдей тәр­тіпке негізделетін, бұйрықпен жүріп, бұй­рықпен тұратын армияның адамдарына минис­трдің өтініш айтуының өзі сол бір қилы кезеңдерде, егемендіктің елең-алаңында, тәу­ел­сіздіктің тәй-тәй басқан тұсында мемлекет қау­іпсіздігіне қатысты қандайлық қиын да күрделі міндеттерді шешуге тура келгенін аңғарта алады...» деп толғап, тасқа басқан екен.

Байқасаңыз, автор сөйлеміндегі темір­­дей тәртіпті талап ететін әскери сала же­тек­­шісінің сөзі бұйрық райда емес, кө­ңіл қалауына ойысатын өтініш айту си­па­тына ауысқан. Қалай десек те, мұны Сағадат Қожахметұлының болмыс біті­мін­д­егі адами қасиетін асқақтататын көр­кем мінезді келбетінің бір ұшқынына бала­сақ, қателесе қоймаспыз. Өйткені бұл сөйлемнің астарында оның жүрегінің жұмсақтығы, көңілінің пәктігі жасырынып жатқандай. Осы орайда, оның жанашырлық келбеті мен Отанға деген сүйіспеншілігін сездіретін тағы бір мысал ойға оралады. Сол жылдары әскери әлеуетіміз қалып­та­су кезеңінде болса да, тактикалық оқу-жаттығуларымыз ешқашан толастамай­тын. Күндіз-түні. Тіпті, жасының жет­піс­ті алқымдап қалғанына қарамай Сарыөзек пен Отарда өтетін далалық оқу-жаттығуларға өзі қатысып, көзбен көріп, қате-кемшіліктер мен жетістіктерді саралап, бағасын беріп жататын. Ол ол ма, Елбасымыздың өзін сондай жиындарға жиі шақырып, әскеріміздің әлеуетін көрсеткен кез­дері де аз емес. Сондай жаттығулардан соң сарбаздармен тікелей жұмыс істейтін ко­мандирлердің басын қосып, Отанды сүю әр­бір отбасынан басталатындығын ұзақ баян­дайтын. Кеңес әскері бауырмалдық пен дос­тықты ту ету арқылы сұрапыл соғыста же­ңіске жеткендігін айтып, әске­ри­лер ара­сындағы өзара ынтымақтың кең тамыр жаюы керектігін тереңнен түсіндіретін. Осын­дай үлгілік сипаттағы үгіт-насихат жұ­­мыстарының нәти­жесі болса керек, жо­ға­рыда аталған 13 мың­нан астам «қаш­қын» сарбаздың 30-ға жуығы ғана қа­таң жау­ап­кершілікке тартылыпты. Ал қал­ған­­да­рына заң аясындағы жазаның жеңіл түр­лері қолданылған немесе олармен тәрбие жұмыстары түсіндіру, ұғындыру сипатында жүргізіліп, Отанын сүйген азаматтар легінің қалыптасуына оң ықпал еткен.

Мұның бәрі де Сағадат Қожахмет­ұлы­ның адамгер­шілік қасиетінің қыр-сыры болғаны­мен, қарамағындағы қыз­мет­керлерге тапсырма беріп, орындалуын талап еткенде, оның табандылығында шек болмайтын. Осы бір тұста Сағадат аға­мыз­дың зейіні зерек болғандығын да атап өтпеске болмайды. Өйткені ол қызметте жүрген жылдарында да, зейнеткерлікке шыққан кезеңінде де қа­ра­мағында қызмет еткен офицерлердің бар­лығының дерлік аты-жөні мен әкесінің есі­міне дейін жатқа біліп, туған күндерінде ар­найы қоңырау шалып құттықтап жатуы көптеген кісінің таңданысын тудыратын һәм көңілдерге риясыз қуаныш сыйлайтын еді.

Жүктелген жауапкершілік, ақталған сенім

1992 жылдың наурыз айында Сағадат Қожахметұлы Мемлекет басшысының атына қолдау хат жолдап, мені И.Конев атындағы Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищені басқаруды ұсынды. Бұйрық солай болды. Ал енді бес мыңға жуық адамы бар алып ұжымға бар-жоғы қырық жаста жетекшілік ету, маған үлкен жауапкершілік жүктеді. Бұл беделі биік лауазым саналғанымен, міндеті жеті атанға жүк боларлықтай жұмыс еді. Бір училищеге жетекшілік етеміз деп жанығып жүрген мына біздер, Елбасымыз сол тұста тұтас бір мемлекеттің әскер тізгінін С.Нұрмағамбетовке ұстатуы арқылы зор жауапкершілік жүктеп, сенім артқанын жан жүрегіммен сезініп, түйсіндім. Сол себептен де Сағадат Қожахметұлының әркез қасынан табылып, тапсырмаларды тиянақты орындауға тырысып бақтық. Бұл туралы Сағадат Қожахметұлы өзінің бір жазбасында былай дейді:

«Мен 1991 жылы Қорғаныс комитетінің төрағасы болатынмын. Қарулы Күшіміз әлі құрылмаған. Сол кезде осы кадр мәселесі төңірегінде ойлана бастадық. Себебі өзге ұлттың өкілдері өз елдеріне кеткісі келді, оларды ұстап тұра алмайсың. Сол тұста жеке-жеке шаңырақ құрған республикалар өз жеріндегі әскерилерге: «Ант қабылдаңдар. Қабылдамасаңдар, кетіңдер», – деп өз елдерінің антын қабылдатып жатқан-ды. Біз Президентпен кеңесіп, елде қалған әскери қызметкерлердің бетін бері бұрдық.

Осы орайда, жаңадан құрылғалы тұрған Қарулы Күшімізге қажетті мамандарды қайда даярлаймыз деген сұрақ туындай бастады. Сонда біз қайттік, Ресейдің Бас штабымен республикаға кадр дайындау жөнінде шарт жасастық. Ресей әуелі келісім бере қойған жоқ, біз түгілі Украина мен Белоруссияны да жолатпады. Не керек, түбінде келісімге келіп, жыл сайын 40 офицерді әскери академияға, 250-300 офицерді әскери училищеге оқуға қабылдайтын болды. Менің жіберген сол офицерлерімнің көбі қазіргі кезде генерал шенін алып, жоғары лауазымдарға ие болып отыр. Академияларға оқуға қазақтың офицерлерін іріктеп, елдің мүддесі үшін қызмет етер, қол бастар деп жібердім. Үміт ақталды. Егемендіктің алғашқы жылдарында біздің әскери училищеге сол кездегі подполковник А.Тасболатовты бастық етіп тағайындадым. Оған: «Жігіттерді өсіресің және көбіне қазақтың баласын аласың», – деп міндет жүктедім. Қазір онда 95 пайыз қазақ жігіттері оқиды. Әскери училищеде бұрын төрт мамандық болса, қазіргі уақытта соны он бірге жеткіздік. Осының барлығы кадр даярлау мәселесі төңірегінде атқарылған істер еді» деп еске алады.

Осылайша, Сағадат Қожахметұлының жетекшілік етуімен өзінен кейінгі буын­дағы әскери мамандар өсіп, жетілді. Шын сардардың тәжірибесіне сүйеніп шеберлігін шыңдап, бүгінде С.Нұрмағамбетов се­кіл­ді биік белестерді бағындырған Мұхтар Алтынбаев, Сейілбек Алтынбеков, Айтқали Исенғұлов, Әлібек Қасымов, Сәбит Тауланов, Бақытжан Ертаев, Алмасбек Абдрах­манов, Әлихан Жарболов, Мубарак Орынбеков т.б. сынды бір топ генералдар легі қалыптасты. Олар Отан қорғау ісінде әрқашан да өз анттарына адал болып қала бермек және ұрпақтар сабақтастығы өз жалғасын табатыны да сөзсіз.

С.Нұрмағамбетов тағы бір естелігінде «Еліміздің Қарулы Күштерінің қалыптасу кезеңіндегі бай тарихи оқиғаларды санада жаңғырта отырып, мен 1992 жылдың 8 желтоқсан күнін ерекше еске аламын. Бұл біздің тәуелсіз әскеріміздің қалыптасу шежіресіндегі аса бір маңызды сәт еді. Дәл сол күні өткен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері басшылығының жиынында Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев алғаш рет Қарулы Күштердің Жоғары Бас қолбасшысы ретінде бірінші рет сөз сөй­леп, тәуелсіз еліміздің тәуелсіз армия­сы­ның даму бағдарламасын нақты және то­лымды түрде айқындап берген еді. Елбасының осы тарихи сөзінде еліміздің Қарулы Күштерінің саны жағынан ықшам, ұшқыр, жан-жақты дайындықтан өткен білікті және бүгінгі заманның талаптарына толық жауап беретін сипаттамасы айқындалды», – дейді.

Біздің бүгінгі әңгімемізде мірдің оғын­дай тік сөйлеп, ақиқатын айтар аңыз адам Б.Момышұлынан «сыпайы генерал» деп баға алған, Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы, тәуелсіз еліміздің тұң­ғыш Қорғаныс министрі, армия генералы атан­ған Сағадат Нұрмағамбетов өмірінің кей­бір қырларына тоқталдық. Шын сардар туралы әлі талай дүниелер жа­зы­ла­ты­ны белгілі десек, өнегесін көріп, тәр­биесін алған азамат ретінде ұрпақтар са­бақ­тастығын жалғастыра түсуді шәкірттік бо­рышымызға баладық.

Абай ТАСБОЛАТОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты