Медицина • 30 Мамыр, 2018

Алакөл туристерді қабылдауға дайын ба?

1897 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елбасы жақында Алматы облысына жасаған жұмыс сапары барысында Алакөлде болып, еліміздің туристік әлеуетін арттыруға қатысты арнайы жиын өткізген еді. Сол жиында Мемлекет басшысы: «Алакөл – Қазақстанның туристері көптеп келетін жер болуы керек. Бұл – шипалы көл. Суының емдік қасиеті бар. Өте қажетті жер. Қазақстандықтар осы жерге келіп демалуы керек», деген еді. 

Алакөл туристерді қабылдауға дайын ба?

Жаңа кейіптегі жағалау

Президенттің бұл сөзі Алакөлдің шығыстағы, яғни Үржар ауданы аумағындағы бөлігіне де қарата айтылғаны анық. Жасыратыны жоқ, көл суы қанша жерден шипалы болса да, оған баратын жол ойқы-шойқы, жатар орын жай­сыз, қызмет көрсету сапасыз болса ту­ристердің теріс айналатыны айтпаса да тү­сінікті. Қазір «қайда барады дейсің? Келсе де келеді, келмесе де келедінің» заманы өткен. Бүгінгінің тури­сіне ең әуелі керегі – сапалы қыз­мет. Мұны неге айтып отырмыз? Осы­дан біраз жыл бұрын Алакөлдің Шы­ғыс Қазақстандағы аумағында инфра­құрылым мен қызмет көрсету сапасы нашар болғанын ешкім жоққа шығара қоймас. Қалай болса солай салынған құрылыстар мен алқам-салқам жайма базарлар келушілерді шошытпаса да көңілдерін су сепкендей басатын еді. 

Дәл қазіргі таңда «Алакөл адам танымастай кейіпке енді, Анталияға айналды» деп бөркімізді аспанға атпасақ та, біршама өзгеріп, демалыс орындары тәртіпке келтіріліп, жаңа нысандар бой көтергені белгілі. Былтыр көл жағалауын ретке келтіру мен демалыс орнына апаратын жолдарды жөндеу мақсатында облыстық бюджеттен 2 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлініп, автотұрақтар салынып, фельдшерлік пункт, жаңа саябақ пен автовокзал ашылған-ды. 

Облыс әкімі Даниал Ахметов 2017 жылы Үржар ауданына барған сапарын­да 2018 жылы туристерге бұдан да жай­лы жағдай жасалатынын, шомылу мау­сымына дейін «Өскемен-Шар-Жалаңашкөл» бағытындағы темір жол қа­тынасы пайда болатынын, Жала­ңашкөл стансасынан Алакөлге дейінгі автомобиль жолы күрделі жөндеуден өтетінін, Астана-Үржар, Алматы-Үр­жар бағыттарындағы әуе рейстері тоқ­таусыз жүруі керектігін айтқан еді. 

Жақында аймақ басшысы Алакөлге арнайы барып, суға шомылудың жаңа маусымына дайындық барысын пысықтап қайтты. Бір жылдың мұғдарында мұнда жаңа орындықтар мен гүлзарлар қойылып, жерге тротуарлық плиталар төселіпті. Орталықта шығармашылық кештер, сахналық қойылымдар мен би кештерін өткізуге арналған үш өлшемді шатыр конструкциялары орнатылыпты. Қазіргі уақытта Алакөлде жаяу жүргіншілер аймағында тамақтану орындары, балаларға арналған ойын және спорт алаңдары жабдықталып, қолжетімді таза ауыз су мен дәретхана модульдері құрылып, көше бойына ағаштар мен гүлдер отырғызылып, Арбаттың орталық бөлігінде субұрқақ құрылысы жүргізіліп жатыр. 

Өскемен мен Семейден пойыз жүреді

Облыс әкімінің сапары барысында биылғы суға шомылу маусымында Алакөлге (Жалаңашкөл ст.) Өскемен мен Семейден пойыз қатынайтыны, Мақаншы мен Жалаңашкөл бағытындағы жолға орта жөндеу жұмыстары қолға алынып жатқаны, Қарабұлақ пен Қабанбай ауылдары арасындағы 16 шақырым жол да жақын уақытта жөнделетіні айтылды. Пойыз демекші, Өскемен мен Семейден демалыс орнына дейін жүретін отарбаның бағасы да демалушылардың қалтасын қақпайтындай екен. Билет құны – 2800 теңге. Аймақ басшысы келесі жылы Алакөл жағасына бекемдеу жұмыстары жүргізілетінін, бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 5 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлу жоспарланып отырғанын, сонымен қатар көл жағалауына тегін wi-fi орнатылатынын жеткізді. 

Былтыр Д.Ахметов Алакөлдің іргесіндегі Қабанбай ауылындағы көп жылдар бойы қаңырап бос тұрған Мәдениет үйін туристерге қызмет көрсететін музейге айналдыру керектігін айтып, тиісті мекемелерге тапсырма берген-ді. Бүгінде аталмыш нысанға жөндеу басталып, құнды жәдігерлермен толықтыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Арнайы құрылған ақпараттық орталықта тек құнды жәдігерлер ғана емес, Алакөлдегі барлық сауықтыру базалары мен судың емдік қасиеттері туралы мәліметтер де жинақталуда. «Алакөл – xалқымыздың байлығы. Ол xалықаралық стандартқа сай болуы тиіс. Деңгейін көтеру үшін жұмыла әрекет етеміз. Бұдан былай жоғары деңгейдегі, жайлы әрі сәнді қонақ үйлер салатын кәсіпкерлерді ғана тартамыз. Біздің мақсатымыз – қазақстандық туристерді ғана емес, шетелдіктерді де осы бірегей аймаққа әкелу. Олар облыстың бүкіл сұлулығын және қазақ халқының қонақжайлылығын көруі керек», – дейді аймақ басшысы.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы

Суреттерді түсірген

Тілеубек ШАЯХМЕТ