Аймақтар • 31 Мамыр, 2018

Сол­түс­тік Қазақстан универ­си­те­ті­нің кітапханасы жаңа кітаптармен толықты

346 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

М.Қозыбаев атындағы Сол­түс­тік Қазақстан универ­си­те­ті­нің кітапханасына «Жаңа гума­ни­­тар­лық білім. Қазақ тіліндегі 100 жа­ңа оқулық» аясында жаңа кітап­тар салтанатты түрде табыс етілді.

Сол­түс­тік Қазақстан универ­си­те­ті­нің кітапханасы жаңа кітаптармен толықты

Суретті түсірген Ерлан ОМАР

Еңселі оқу орны қабыр­ғасында өткен рәсімде сөйлеген сөзінде облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет оқытушы-профессорлар мен студент-жас­­тардың назарын Елбасы қол­дауы арқасында атқ­ары­лып жатқан іс-шаралардың маң­ыз­ды­лы­ғы­на аударып, гума­ни­­т­арлық ғы­лымдар саласына да ба­сымдық бе­рілгенін, бірнеше жылға есептелген жоба аясында әлемдегі ең үздік оқулықтар қа­зақ тіліне жүйелі түрде аударылаты­нын, мұның өзі қазақ тілін бай­ыт­ып, білім беру сапасын жоға­ры­ла­­та­тынын атап көрсетті.

Кітапханашы Жанна Ғабдул­лина қазақшаға тәржімаланған 18 оқу­лықтың 3500 данасы түскенін, мұны­мен шектелмейтінін, кітап­ха­наны толықтыру ісі ж­ал­ға­са­тынын жет­кізді. Сөй­леу­шілер­дің пікір­ле­ріне қарағанда тарих, педагогика, психология, әлеуметтану, фи­ло­софия, экономика, саясаттану мә­селелерін қамтитын әдебиеттер сту­дент­тер­дің заман талабына сай көз­қарастарын орнықтырумен қа­тар, лайықты білім алуларына жан-жақты мүмкіндік бермек. Жаңа оқу жылынан бас­тап жоғары оқу орындары бұл оқулықтарды білім беру үрдісінде қолданатын болады.

«Рухани жаңғыру» бағ­дарламасының жобасы негі­зінде тікелей ағыл­шын тілі­нен ау­да­рылған кітаптар қазақ ті­лінің ау­қымын кеңей­тері, сту­дент­тер­дің білімін терең­де­тері сөз­сіз. Ресей профессоры Свет­лана Терминасованың әр ел­дің мә­дениетінен сыр шер­те­тін ең­бе­гімен танысып шықтым. Са­па­лы аударылуымен, жеңіл оқы­луы­мен ерекшеленеді дейді Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Жанар Таласпаева. Жастар саясаты жөніндегі бас­қар­маның басшысы Ирина Тух­ва­тул­линаның пайымдауынша, әлем­дік деңгейдегі ғылым, білім жетістіктерін игеру – бүгінгі күн талабы. Кітаптардың мазмұны да, көркемдік безендірілуі де көңілге қонымды.

Студенттер де шетелдік мә­де­ни інжу-маржандарды қазақ тілін­де оқу­ға мүмкіндік алған­да­рына қуа­нышты. Солардың бірі – Тоғжан Дүй­сенғали. Ол шетел философы Энто­нни Кэннийдің шығар­масын оқу­ға алыпты. Ағыл­шын тілін мең­гер­меген жастар үшін таптырмас ру­хани қа­зына болып табылатынын, өзге мем­лекеттермен рухани әріп­тес­тікті нығайтуда таптырмас бай­­ланыс құралы екенін айтады.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы