10 Желтоқсан, 2011

Халық денсаулығы – ұлт байлығы

6892 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
90-жылдардағы денсаулық сақтау саласындағы қиындықтарды жұрт­шы­лық ұмыта қойған жоқ. Науқас ауру­ха­наға жатып емделу үшін төсек-орнын өзімен бірге алып келетін. Білікті дәрі­гер кадрларының жетімсіздігі, дәрі-дәрмектің тапшылығы онсыз да көңілі жүдеу адамдардың тұрмыс жағдайын төмендетіп жібергені рас. Ол кездері медицинаға қуатты технологияларды енгізу, қымбат шетелдік қондырғылар, құрал-жабдықтар орнату жайы ойға да кіріп шықпайтын. Қазір жағдай мүлдем өзгеше, тіпті салыстыруға да келмейді. Адамдардың баға жетпес байлығы – денсаулығын, өмір сапасын жақсарту жолында мемлекет тарапынан атқарылып жатқан жұ­мыстар ұшан-теңіз. Сол бір кезеңнің эко­но­микалық қиындықтарына қарамастан Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев денсаулық сақ­тау саласын дамытуды басым бағыттардың бірі ретінде белгілеп, халыққа арнаған Жолдау­ларын­да нақты талаптар қойып отырды. Содан бергі уақытта Қазақстан медицинасы қай жағы­нан болсын дамып, өрлеу, өркендеу кезеңіне бет алды. 2000 жылы барлық санаттағы аза­мат­тарға тегін медициналық көмекті кепілдендіретін жаңа бюджет үлгісі енгізілді. Мұның өзі 2005-2010 жылдарға арналған денсаулық сақтау ісін реформалаудың жаңа көкжиектерін белгілеп берді. Медицина саласы материалдық, кадр­лық және қаржылық-техникалық жағынан да сапа­лық деңгейге көтерілді. Мемлекет Бас­шысының тікелей қолдауымен «Саламатты Қазақстан» бағ­дарламасы қабылданып, медициналық қыз­мет­тің қолжетімділігі, сапалы ем, алғашқы меди­ци­налық көмек мәселелеріне баса назар ау­дарыл­ды. Адамдарға ең маңыздысы – ауруынан құлан-таза айығып шығу. Мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан шаралардың нәти­же­лі­лігі де осы көрсеткішпен анықталса керек. Бұл орайда, қалыптасқан іс-тәжірибелер аз емес. Азаматтарды, үкіметтік емес ұйымдарды қатыстыра отырып, аурулардың профилак­ти­ка­сы­на негіз жасау, медицина қызметкерлерін оқы­ту, науқастардың құқығын қорғау инс­ти­тутын дамыту, сапалы және қауіпсіз дәрілік зат­тар­дың қолжетімділігін қамтамасыз ету бағыт­тарында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Медициналық қызметтің қолжетімділігі бойын­ша арыз-шағымдардың азаюы байқалады. Сол сияқты стационарды еркін таңдау мәселесін тиімді шешу жолдары да қарастырылған. Ден­сау­л­ық сақтау ұйымдарында еңбектің түпкі нәти­жесіне қарай сараланған еңбекақы төлеу үрдісі өзін-өзі ақтаған тәсіл. Мәселен, дәрігерлер жалақыға қоса 15 мың теңгеден 80 мың теңгеге дейін төлемақы алады. Учаскелік дәрігерлерге де осындай ынталандыру жүйесі қолданылады. Бүгінде заман ағымына байланысты әр дәрігер өз мамандығын терең игерумен қатар кәсіби менеджмент болуы да барынша ескерілген. Қазір үш мыңға жуық дәрігер менеджмент ісіне баулынуда. Әрі қарай да жүйелі сипатта ұйым­дастыратын боламыз. Осы қасиет бірінші бас­шы­дан да талап етіледі. 2010 жылдан бастап экстра­кор­пораль­дық ұрықтандыру жә­не жақ сүйегінде туа бітті кемістігі бар ба­лалардың плас­тика­лық хирургиялық тү­зе­ту қызметі тегін ме­дициналық көмек тізбесіне кіргізілді. Осы­лайша жұртшы­лық­тың медициналық кө­мек­ке қолжетімділігін қамтамасыз ету ша­ра­лары одан әрі дәйек­ті­лікпен жалғас­тырыл­ды. Биылдан бастап бар­лық алғашқы ме­ди­­циналық көмек ұйым­дарында (дәрі­гер­лік амбулаториялар мен емханалар) халықтың аз қамтылған топтарына әлеуметтік қолдау көрсету мақсатымен меди­ци­налық-әлеуметтік қызметкерлер және психолог лауазымдары енгізілді. Бүгінгі таңда 400 психолог және 1998 әлеуметтік қызметкер өз міндеттеріне кірісті. Қазақстанның жері кең, ұлан-байтақ болған­дықтан, жол-көлік оқиғалары кезінде жедел ме­ди­циналық көмек көрсету жіті ұйымшылдықты қажет етері сөзсіз. Осы мақсатта ағымдағы жыл­дан бастап Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп трассалық медициналық-құтқару бекеттері құрыла бастады. Қазір 6 бекет ашы­лып, осынша тікұшақ сатып алынды. Сани­тар­лық авиация жүйесі қалыптасты. Шілде айынан бері 193 ұшу жүзеге асырылды. Республика тұрғындарының 40 пайыздан астамы ауылдық жерлерде тұратынын ескерсек, мұндай меди­циналық байланыстың маңыздылығы өте зор. Мамандандырылған медициналық көмек­тің тиімділігін арттыру үшін өңірлерге 17 жылжы­малы медициналық кешен сатып алынды. «Ден­саулық», «Жәрдем», «Саламатты Қазақ­стан» консультациялық-диагностикалық пойыз­дары облыстарға сапар шегіп, 110 станцияның халқына 260 мыңнан аса емдеу-диагнос­ти­ка­лық қызмет көрсетті. 48 мыңнан аса адам, оның ішінде 14 мың бала тексерілуден өтті. Бүгінде шет ел клиникаларында емделетін аурулар тізбесі 20-дан 8-ге азайды. Сөйтіп, елімізде бірегей операциялардың санын елеулі түрде ұлғайтуға мүмкіндік туды. 2010 жылы 10 мың кардиохирургиялық, оның ішінде 3 мың­нан аса ашық жүрекке операциялар жасал­ды. Биыл Ұлттық кардиохирургиялық орталықта жүректі ауыстырып салудың алғашқы опера­циясы сәтті аяқталды. Енді бауырды ауыс­ты­рып салу отасы жасалатын болады. Міне, осы­ған қарап-ақ Қазақстан медицинасының жоға­ры сапалық деңгейге көтерілгенін анық бай­қауға болады. Тәуелсіздік жылдары денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру анағұрлым көбейді. 2011 жылы бұл салаға 600 миллиард теңге бөлін­ді. 2011-2015 жылдарға арналған «Саламат­ты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын орын­дау­ға 380 млрд.теңге қаражат қарастырылған. 2002 жыл Президенттің Жарлығымен Ден­сау­лық жылы болып жарияланғаны белгілі. Тұрғындар жаппай профилактикалық тексерулерден өтіп, ауруханалар мен емханалардың нақты жағдайы, медициналық жабдықтардың жай-күйі, дәрі-дәрмектің сапасы жан-жақты сараланды. Нақты деректер негізінде мемлекеттік бағдарлама әзірленді. Қаржылық ресурс көздері қарастырылды. Оның нәтижесін бүгін­де жұртшылық жақсы сезініп отыр. Тарқатып айтар болсақ, бес жылда барлық емдеу желілері қалпына келтірілді. Көптеген денсаулық сақтау объектілеріне күрделі және ағымдық жөндеулер жүргізілді. 500 жаңа аурухана бой көтерді. Емдеу орындарының материалдық-техникалық базалары жақсарып, осы заманғы медициналық қондырғылар орнатылды. Бір сөзбен айтқанда, денсаулық сақтау саласын сапалық деңгейге көтеру жолдары тиімді пайдаланылды. Қазақ­стан – балалардың пневмококк инфек­циясына тегін вакцинациялауды және ересектерге В жә­не С гепатитіне вакциналауды жүргізетін бұ­рын­ғы Кеңес Одағындағы жалғыз ел. Оларды мемлекет есебінен емдеуді бастау үшін скрининг аясында науқас балалар мен ересек адамдарды анықтау зерттемесі жүргізілуде. Балалар тегін дәрілер ала бастады. Сондай-ақ нау­қас түріне қарай қымбат дәрі-дәрмектер жеңіл­дікпен беріледі. Елімізде тұрғындарды, әйелдер мен балаларды профилактикалық, иммуно­про­филактикалық тексерулерден өткізу қалыпты құбылысқа айналды. Денсаулық сақтау саласының тиімділігі әркез бөлінген қаражат көлеміне байланысты емес екенін ескерте кеткіміз келеді. Әртүрлі табыс көздерінен медицинаға қаражат қарасты­ратын елдер бар. Мысалы, АҚШ. Алайда, мұ­хит­тың арғы жағалауындағы мемлекетте ха­лық­тың 15 %-ы медициналық қызметтерге қол жеткізе алмайды. Сарапшылар жоғары техно­логияларды қоспағанда, екпе жасау, туберкулез, диабет және тағы басқа ауру түрлері бойынша медициналық қызметтердің қарапайым түрлері­мен халықты қамтамасыз ету жайына алаң­дау­лы. Батыс елдерінің азаматтары жүрекке немесе буындарға операция жасату сияқты жоғары мамандандырылған медициналық көмекті сақ­тан­дырусыз немесе ақшасыз ала ала ма? Жоқ. Ал бізде алыс орналасқан ауылдың тұрғыны осындай көмекті тегін ала ала ма? Әрине, және тұрған өңірінде ота да жасата алады. Міне, денсаулық сақтау жүйелеріндегі принципті айыр­машылықтар осындай салыстыруларда ай­қын аңғарылады. Біздің медицина сала­сындағы бағдарламаларымызды еуропалық елдер де қуаттап, қолдап отыр. Республика бойынша 201 денсаулықты ны­ғайту орталықтары, олардың ішінде меди­цина­ның профилактикалық бағыттылығын күшейту мақсатында ана мен бала денсаулығын сақтау ұйымдары жұмыс істейді. Олардың қызметі аурулардың алдын алуға, саламатты өмір сал­тын қалыптастыруға, қазақстандықтардың ден­сау­лығын нығайтуға бағытталған. Ана мен бала денсаулығын сақтау мемле­кет­тің негізгі басымдық саясаты болып табыла­ды. Қысқа мерзім ішінде Астана, Алматы, тағы басқа қалаларда жоғары мамандандырылған көмек көрсететін ана мен бала денсаулығы ұйым­дарының кешенді желісін құруымыз – соның айқын дәлелі. Іске асырылған шаралардың нәтижесінде ана өлімі 1,5 есеге, баланың шетінеуі 15%-ға төмендеді. Жиырма жылда Қазақстан медицинасы алға қарыштап дамыды. Мемлекеттің жүйелі қол­дауы арқасында денсаулық сақтау саласында жаңа жүйе орнады. Ол түпкі нәтижеге бағ­дар­лануы­мен сипатталады. Алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Елбасы Жолдауында 2020 жылға таман орташа өмір сүру ұзақтығын 72 жасқа дейін ұлғайту атап көрсетілді. Ол үшін бала мен ана өлімін азайту, қатерлі аурулардың алдын алу секілді шаралар ұлттық міндет болып табылады. Салидат ҚАЙЫРБЕКОВА, Денсаулық сақтау министрі.