Бірақ ата кәсібіне адал жұрт ауылдан үдере көшкен жоқ. Төсінде төрт түлігін өргізіп, өрісін кеңейтті. Биыл Қызылүйдің алғашқы кірпіші қаланғанына 105 жыл толды. Осыған орай Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы аясында Тұщықұдық ауылдық округі әкімшілігінің ұйымдастыруымен «Қызылүй – құтты мекенім» атты шара өтті.
Құм төсіндегі ауылға арнайы стелла-белгі орнатылып, таза ауыз су құбыры мен су тарату имараты пайдалануға берілді. Салтанатты шарада елді мекеннің өткен жолы мен алдағы бағдары сөз болып, бір топ ауыл шаруашылығы ардагерлері, шаруа қожалықтарының иелері марапатталды. Ата кәсіпті меңгеріп, әке жолын жалғастырған шаруагерлерге Құрмет грамотасы тапсырылды.
Шағын ауылдағы тойда «Ән – жырым, саған, туған жер» атты концерттік бағдарлама, балуандар белдесуі, қой көтеру, арқан тартыс, жаяу жарыс секілді спорттық жарыстар да жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қаз-қатар тізілген киіз үйлер де салтанаттың сәнін келтірді. 21 шақырымдық аламан бәйгеге 15 сәйгүлік қатысып, 1-ші орынды Меңдіғұл Аққуатовтың жүйрік тұлпары жеңіп алды. Жергілікті кәсіпкерлер жәрмеңкеге өнімдерін шығарды.
– Өңірде ауыл шаруашылығының қалыптасып, өркендеуіне еңбек сіңірген аға ұрпақты құрметтеу, ауыл жастарын еңбек дәстүрін жалғастыруға тәрбиелеу мақсатында осы шараны ұйымдастырдық, – дейді ауылдық округ әкімі Мәди Өтеғалиев. – Қызылүйдің әлі де көркейе берері кәміл, қазір табиғи газ жеткізудің алғышарттары жасалуда, жаңа мектеп құрылысы жүріп жатыр. Тұрғын үй құрылысы көбейді.
Туған жер төсіндегі мейрамға осы ауылдан түлеп ұшқан, бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүрген жерлестер де келді. Дала еңбеккерлеріне ерекше мереке сыйлаған Қызылүйдегі шара жастардың ай астында алтыбақан теуіп, ойын-сауық бағдарламаларына қатысуымен тәмамдалды.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ