Кино • 01 Маусым, 2018

«Үзілмеген үміт» фильмі Ресейде өткен халықаралық фестивальде үздік атанды

437 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Tanaris Production» кинокомпаниясы түсірген «Үзілмеген үміт» көркем фильмі Ресейде өткен халықаралық «Свет миру» кинофестивалінің бас жүлдесін жеңіп алды.   

«Үзілмеген үміт» фильмі Ресейде өткен халықаралық фестивальде үздік атанды

Балалар өмірінен түсірілген фильмнің режиссерлері – Серік Әбішев пен Руслан Маго­ма­дов, ал сценариін Ираклий Квирикадзе мен Сергей Әзімов жазған. Аталған фильмді халық­аралық кинофестивальдер­де көрсетіп, насихаттауды Ш.Ай­манов атындағы «Қазақ­фильм» АҚ жүзеге асырып отыр. 
 – Біздің фильмімізге жоға­ры баға берген «Свет миру» фес­тиваліне және оның қазы­лар алқасына алғысым шексіз. Фильмнің тең режиссері Рус- л­ан Магомадовпен, сондай-ақ, картинаның түсіру тобымен бір­лесіп адамдардың жүрек­те­ріне жылу ұялатып, көңілін нұрлан­дыратын мейірімге толы фильм түсіруге тырыстық, – деді режиссер Серік Әбішев. 

Фильмге арқау болған оқи­ғаны қысқаша таратып айтсақ, былайша өрбиді. Тұт­қынға алынған қылмыскер бір топ әске­рилердің бақылауымен Корея­дан Еуропаға ұшып бара жатқан сәтінде техникалық ақау­ға байланысты ұшақ Қазақ­станның бейтаныс қалашығына қонуға мәжбүр болады. Осылайша темір тордан талай мәрте қашып кетпек болған басты кейіпкер, тағдырдың бұйрығымен балалық шағын өткізген балалар үйіне қайта оралады. 

Түрлі ұлт өкілдерінен құрал­ған фильм кейіпкерлері ортақ тіл табыса алмаса да, өмірден шуақ табуға, бір-бірінің жүректеріне мейірім шапағатын төгуге тырысады. Сөйтіп идея авторлары адамдар арасындағы ізгілік пен мейірімді дәріптей отырып, көрерменді махаббат пен достық сезімдерін бағалай білуге шақырады. 

Фильмнің басты рөлдерінде Алматы және Алматы облысы балалар үйінің тәрбиелену­шілері, сонымен қатар Оңтүс­тік Кореяның балалары ойна­ған. Сондай-ақ Нұржұман Ықтымбаев, Войтек Соларз Ан­то­ни (Польша), Жанел Мақа­жанова, Бақытжан Әлпейісов, Ева Бехер, Асхат Кчинчиреков, Кат­рин Монтондо (Бельгия), Ар­видас Дапшиш (Польша),  Ханбюль Сео (Оңт. Корея), Енок Ким (Оңт. Корея), Сумин Ким (Оңт. Корея), Чана Чой (Оңт. Ко­рея) секілді әр елден арнайы ша­қырылған актерлер тобы фильм салмағын арттыра түскен. Картина Шығыс Қазақстан облысында түсірілген.

ильмнің музыкасын елімізге танымал ком­позитор Қуат Шілдебаев жазған. Ал фильмге музыка жазу барысында Батырхан Шүке­новтің саксофонмен орындаған импровизациясы негіз болған.

Аталған фильм ең алғаш Германияда өткен 64-Мангейм-Хайдельберг халықаралық кинофестивалінің негізгі бай­қауында көрсетілген болатын. Фильмнің басты рөлінде ойнаған жас актер Амангелді Құ­сайынов 2016 жылы халықаралық «КиноМалыШок» кинофестивалінде «Үздік бала рөлі» жүлдесімен марапат­талғаны да есімізде. 

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ