Еліміздің 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспарының түбегейлі міндеті – ұлттық экономиканың мақсатты өсу траекториясына шығуы және оның құрылымын әлемдік экономиканың өсу қарқынын басып озатын ІЖӨ-нің орташа өсу қарқынын өзгерту. Бұл бізді жаңа экономикалық шындық кезеңіндегі «үздік отыздыққа» сенімді түрде жеткізеді.
2025 Стратегиялық жоспары – үшінші жаңғыру міндетін орындаудағы кешенді жоспар. Ол тек экономикалық жаңғыру ғана емес, сонымен қатар институттық және әлеуметтік жаңғыруға байланысты мәселелерді де қамтиды. 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспар 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын алмастыру үшін жасалып отыр. Ол қабылданған кезден бастап ұлттық экономиканың өсімін ұлғайту жөніндегі басты мақсатқа мерзімінен бұрын қол жеткізілді. ІЖӨ-нің 2020 жылға дейін 1/3-ге жоспарланған өсімі кезінде бұл көрсеткіш 2009-2017 жылдары 43%-дан асып, негізгі міндеттер орындалды. Сегіз жылда қазақстандықтардың болжалды өмір сүру ұзақтығы 3 жылға ұзарып, 2017 жылы 72,4 жасқа жетті. 8 қазақстандық ЖОО QS WUR әлемдік рейтингінде белгіленіп, оның 2-еуі үздік 300 және 400 оқу орнының қатарына енді. Табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 8,2%-дан 2,6%-ға азайды. 2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспар жаһандық қаржы дағдарысының салдарын жұмсартып, экономиканың әртараптандырылған тұрақты өсіміне көшуді тездетті.
Жалпы, стратегиялық жоспарға сапалы даму драйверлеріне (технологиялар, экспорт, инновациялар) көшуді және дамудың нарықтық тетіктерін (бәсекелестік, мемлекет иелігінен алу, капиталдандырудың өсуі) күшейтуді көздейтін экономикалық дамудың жаңа моделі негіз болып отыр. Жаңа модельге көшу еліміздің 2025 жылға дейінгі экономикалық және әлеуметтік өміріндегі өзгерістердің негізгі бағыттары бойынша жүйелі реформаларды жүргізумен ілесе жүреді.
7 жүйелі реформа
Жаңа адами капитал. Әлем индустриялық кеңістіктегі даму кезеңіне аяқ басқан кезде, басты стратегиялық ресурс сапалы адами капитал болады. Енді 5-7 жылда экономика 20-25% ақылды жұмыс орны мен маман қажет етеді. Бұл сын-қатерлерге жауап ретінде бізде сапалы адами капиталды дамыту үшін тиісті қадамдар жасалған. Мәселен, «Болашақ» бағдарламасы, QS рейтингінде көрсетілген 8 қазақстандық ЖОО, «Назарбаев Университет», Назарбаев зияткерлік мектебі жүйесі. Осыған байланысты тиісті реформа аясында экономика мен мемлекеттің қазіргі және болашақтағы жоғары білікті кадрларға сұранысын қамтамасыз ету міндеті тұр.
Жалпыұлттық электронды еңбек биржасының, жұмыспен қамту орталықтарын автоматтандырудың және оларды жеке салаға сенімді басқаруға берудің есебінен еңбек нарығының айқындығын арттыру және оның инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғаса береді.
Технологиялық жаңару және цифрландыру. Болашақ пен технологиялар біртұтас. Тек заманауи технологиялар, цифрландыру, инновациялар ғана жұмыс істеп жатқан салаларға жаңа импульс беріп, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Қазақстанды алатын болсақ, көптеген кәсіпорындардың технологиялық дамуы автоматтандыру мен цифрлы технологиялардың енуінің төменгі дәрежесімен сипатталады. Еліміздің экономикасының барлық салаларында еңбек өнімділігі дамыған елдердің деңгейінен артта қалғаны байқалады. Мәселен, ауыл шаруашылығында мұндай артта қалушылық дәрежесі 12-15 есеге, кен өнеркәсібінде 5-10 есеге, өңдеу өнеркәсібінде 2-4 есеге жетеді.
Жаппай цифрландырудың және технологиялық қайта жарақтандырудың есебінен сапалы экономикалық өсімді қамтамасыз ету жолындағы басты бөгет – төмен еңбек өнімділігін еңсеру міндеті тұр.
Бәсекеге қабілеттілік және бәсекеге қабілетті бизнес. Мемлекет бұрынғысынша нарықта маңызды рөл атқарады – ІЖӨ-дегі жалпы қосылған құнның үлесі 18,6%-ға дейін жетті. Үкіметтің бизнесті қайта реттеу бойынша қабылдаған шаралары Қазақстанның өз көрсеткіштерін 14 тармаққа жақсарта отырып, 2018 жылы Дүниежүзілік банктің «Doing Business» рейтингінде 36-орынды иеленуіне мүмкіндік берді. Мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуын шектеуге және олардың тізбесін 47%-ға, яғни 652-ден 346-ға қысқартуына мүмкіндік беретін Yellow Page халықаралық қағидалары енгізілді.
Аталған реформаның көмегімен жеке секторды жандандыруға, жекешелендіру мен бәсекелестікті дамытуға, мемлекеттің бизнеске қатысуы мен бөгеттерді азайтуға беталысы жалғаса береді. Шағын, орта кәсіпорындарды дамытуға басымдық беріледі. Экспортқа бағдарлану бағыттарын дамытуға ерекше назар аударылады.
Құқықтық мемлекет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл. Дүниежүзілік экономикалық форум заңның сақталуы мен сыбайлас жемқорлықты болдырмауды экономикалық өсімге едәуір әсер ететін фактор ретінде атап көрсетті. Осыған байланысты соңғы жылдары Қазақстанда заңның үстемдік құруы мен сыбайлас жемқорлықты түп-тамырымен құртуды қамтамасыз ету бойынша белсенді жұмыс жүргізілді. Бұл көрсеткіштерді тиісті индикаторлары бойынша жақсартуға ықпал етті.
Сот жүйесі халықаралық стандарттарға сәйкестендіріледі, ол меншік құқығын кепілдендіруді, заңнамалардың тұрақтылығын арттыруды, азаматтарды құқықтық сауаттылыққа тәрбиелеуді қамтамасыз етеді. Сыбайлас жемқорлық көріністерінің өрісі мен мүмкіндігін шектеу мақсатында басқару үдерісін оңтайландыру мен цифрландыру, ашық сатып алу рәсімін енгізу жоспарлануда. Бұл шаралар қолайлы әлеуметтік-экономикалық және инвестициялық климат қалыптастыруға барынша мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Қуатты өңірлер және урбанизация. Бүгінгі таңда ел өңірлерінің дамуында теңсіздік сақталып отыр. Өңірлердегі жан басына шаққандағы ІЖӨ деңгейінің ең жоғары (Атырау облысы) және төмен (Оңтүстік Қазақстан облысы) көрсеткішінде 7 есе айырмашылық бар. Сондай-ақ елімізде халықтың орналасу тығыздығы төмен (орта есеппен 1 шаршы километрге – 6,6 адам), урбанизация деңгейі орташа (Ресейдегі – 74%, Малайзиядағы 77%-бен салыстырғанда 56,8%). Бұл әлеуметтік қызмет көрсету мен инфрақұрылым салу құнының қымбаттығына әсер етеді, қызмет көрсету саласының дамуын шектейді.
Осы тектес мәселелерді шешу үшін тиісті реформа аясында өңірлердің дербестігін арттырып, халықтың тұрмыс деңгейін жақсарта отырып, облыстарды экономикалық дамыту көзделуде. Осылайша қалаға қоныстану үдерісі біркелкі бола түседі. Реформаның локомотивтері тек ірі агломерациялар ғана емес, сонымен бірге орташа қалалар да болады. Нәтижесінде өңірлердің арасындағы әлеуметтік-экономикалық дамудағы алшақтық пен теңгерімсіздік азаяды.
Қоғамдық сананы жаңғырту. Оның негізгі ұстанымдары Қазақстан Президентінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасында көрсетілген. Реформа бұл бастаманың заңды жалғасы және ұлттық сәйкестіктің сақталуын, білімге бой ұру және азаматтардың сана-сезімінің ашықтығын дәріптеуді көздейді. Сөйтіп тегеурінді және еліне адал адамдардың біртұтас ұлтқа айналуына ықпал етеді.
Мемлекеттік сала өзгерістердің көшбасшысы ретінде. Әлемдегі көптеген табысты реформалар мемлекеттік органдарды өзгертуден басталған. Мәселен, Сингапур елдегі басқарушылар мен менеджерлердің сапасын жақсартуды мемлекеттік қызметшілерді басқаруға оқытудан, ал Эстония цифрландыруды мемлекеттік аппаратты компьютерлендіруден және мемлекеттік қызметтерді цифрландырудан бастаған.
Реформа аясында мемлекеттік органдар мен ұйымдардың елді жаңғыртудың қозғаушы күші ретіндегі рөлі артады. Басқарудың жаңа технологияларын және цифрландыруды енгізу мемлекеттік аппараттың тиімділігін күшейтеді.
Жүйелі реформалармен қатар «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырудың 7 басым саясатын: макроэкономикалық саясатты, экономика салаларының бәсекеге қабілеттілік саясатын, қаржы нарығын дамыту саясатын, жеке инвестицияларды белсенді түрде тарту саясатын, өмір сүру сапасын арттыру саясатын, «жасыл» экономика мен қоршаған ортаны қорғау саласындағы саясатты және проактивтік сыртқы экономикалық саясатты орындау бойынша бағыт алдағы уақытта жалғаса беретін болады.
2025 стратегиялық жоспарын одан әрі жүзеге асыру еліміздің дамуының болжалды схемасы, мемлекеттік бағдарламалар, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарлары мен аймақтарды дамыту бағдарламалары, ұлттық холдингтерді дамыту стратегиялары арқылы орындалады. Осыған байланысты қолданыстағы стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарына сәйкестендіру жұмысы жүргізілуде.
Стратегиялық және бағдарламалық құжаттармен қатар 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспарды жүзеге асыру мемлекеттік органдарда 2017 жылдың басында енгізіле бастаған жобалық басқару құралдарын пайдалану арқылы іске асырылады. Бұл мемлекеттік басқарудың барлық деңгейін реформа жүргізуге жұмылдыруға мүмкіндік береді, жүзеге асыру нәтижелеріне жауаптылықты, үдерістердің айқындығы мен есептілігін қамтамасыз етеді.
Стратегиялық жоспарды табысты жүзеге асыру үшін оған қатысатын барлық тараптар: мемлекеттік органдар, бизнес пен азаматтық қоғам үйлесімді әрекет етуге тиіс.
Мәдина ЖҮНІСБЕКОВА,
Ұлттық экономика вице-министрі