![121211-18](http://old.egemen.kz/2011img/121211-18.jpg)
Үстіміздегі жылғы шілде айында Парламент Сенатының депутаттары Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы Декларациясын қабылдау туралы бастама көтерді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Декларацияға «біздің қоғамымызды топтастырудың маңызды құжаты» деп баға берді. Ол Қазақстанның егемендік жолындағы барлық жетістіктері көрініс тапқан аса маңызды саяси-заңдық құжат болып табылады.
Осы орайда 2011 жылғы 10 желтоқсан Тәуелсіз Қазақстанның жасампаз тарихының жарқын парақтарының бірі болып қалары ақиқат. Декларацияда Тұңғыш Президент – Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа мемлекет – Тәуелсіз Қазақстанды құрудағы, мемлекеттілігін қалыптастырып, егемендігін нығайтудағы теңдессіз рөлі атап көрсетілген. Бұл құжатта демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде қарыштап дамып келе жатқан Қазақстанның әрбір қадамы кезеңді көрініс тапқан. Оның мәтініндегі әрбір жолда еліміздің әлеуметтік-саяси, экономикалық, қоғамдық өсу және жарқын болашағы бағытындағы соқпағы сайрап жатыр.
Жаһандық катаклизмдерге ұрынбай, әлемдік дағдарыстан шаршап-шалдықпай шығып, керісінше, қарышты даму жолына түсу үшін бүкіл ел болып жұмылу керек еді, Елбасының кез келген жасампаз бастамасын қолдап отырған халқымыз тас-түйін жұмыла білді. Ұлы Шәкәрімнің: «Құбылған әлем жарысы – ақылды жанның табысы», деп айтқан қағидасын қазақстандықтар шынайы түрде жүзеге асыра білді. Үлкен көрегендікпен қабылданған «Қазақстан-2030» Стратегиясы халықтың ауқатты тұрмысын қалыптастыруға, сырттан келетін ауыртпалықтарға сенімді тойтарыс беруге, сөйтіп, экономикалық реформалардан оң нәтижелер алуға жағдай жасады. Тәуелсіздік жылдарында әлеуметтік сала бойынша көп деңгейлі жүйе құрылды. Соңғы он жылда зейнетақы 8 есе, соңғы үш жылда еңбекақы 2 есе артты.
Бұл – индустриялық-инновациялық даму, әлеуметтік жаңғыру, халықты жұмыспен қамту және басқа да мемлекеттік өміршең бағдарламаларды мерзімінде іске асыруға ұйытқы болған өкілді және атқарушы биліктің жеңісі. Бұл – «жағаласқанға – жау көп, ағаласқанға тау көп», деп Ынтымақ пен Келісімді мұрат еткен барша қазақстандықтардың жеңісі! Бұл – халқын адастырмай «қазақстандық дамудың» даңғыл жолына сала білген Елбасының жеңісі!
* * *
Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында сонау бала кезден санада сақталып, жылдар өтсе де жадымда жатталып қалған мына бір аңыз ойға орала берді. Ерте кезде сайын далада ұялас қасқырлар мыңғырған киік табынын қаумалап, құздан құлатып, жемтік қылуға қуып келе жатады. Басын алға созып жіберіп, үрке қашқан киік легі алдындағы құз-ажалды сезбесе керек. Осы көріністі тамашалап тұрған аңшылар кенеттен адам сенбестей көрініске тап болады. Табынды иіріп алған құлжа-теке тебініп, әлгі көкжалдарға қарсы тұра қалады. Сүйір мүйізі күнге шағылысқан құлжа еңсесін тіктеп, айбынданып шыға келеді. Жалы күдірейген құлжаның омырауы есіктей болып, тұла бойы айбат шашады. Мұндай жанкешті қарсылықты күтпеген көкжалдар құйрықтарын бауырына салып, кейін шегіне береді де бүлк-бүлк желіп, енді қайтып оралмастай қыр асады.
Сайын даланың ерке жануарының мынадай қайраты мен қайсарлығына таң-тамаша қалған адамдардың санасында ешқандай сыртқы күшке бой алдырмайтын «РУХ» деп аталатын киелі ұғым сол кезде пайда болған екен.
Осы оқиға аңыз сипатында болғанмен, Қазақ елінің тағдыры тәріздес болып көрінеді. Халқымыз небір алмағайып кезеңдерді бастан өткергенін, жаугершілік заманда жойылып кету қаупі де болғанын қайталап жату артық. Бірақ, қандай кесір заман болса да, халқымыздың рухы сөніп көрген жоқ.
Басқа-басқа ал қазақ үшін тәуелсіздіктің қадыр-қасиеті де, мән-мазмұны да ерекше. Біз Бостандық, Азаттық, Теңдік жолында найзамызды қолдан түсірмеген халықпыз. Ашық күнде бейбітшілігіміз баянды болсын деп сол найзаға үкі таққан елміз. Біздің халқымыз бейбітшілік пен тыныш өмірдің бағасын жақсы ұғынады. Сондықтан қазіргі Қазақстандағы жағдайды «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманмен салыстыруға болады. Мұның бәрі де Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көне дәуірдегі көк түркілердің қағандары секілді «күндіз отырмай, түнде ұйықтамай» атқарған қызметінің айшықты айғағы. Ол елді қиындықтан шығарамын деп еді – шығарды, дағдарысты жеңемін деп еді – жеңді, әлемге сөзімді жүргіземін деп еді – жүргізді.
Өзгенің көрпесін жамылып, өмір кешкен кезіміз де болған. Тәубе, қазір тәуелсізбіз. Бірақ, бостандықта өмір сүре білу бодандықта өмір сүруден оңай емес екенін де естен шығармау керек. Ата-бабамыз армандаған бүгінгідей күнге жеткен соң Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаев: «Біз бүгінгі тірлігіміз үшін, Қазақстан деп аталатын республиканың жер бетінде барлығы үшін тарихтың әр тұсында осы елді, осы жерді қорғаған қайсар жандардың аруағының алдында қашан да қарыздармыз» деп айтқанындай, тәу еткен Тәуелсіздігімізді қызғыштай қорғап, сақтай білуіміз қажет.
Міне, енді ғасырлар бойы арман-мұратқа айналған егемендікке қол жеткен дәуірде тәуелсіздікпен бірге іштегі де, сырттағы да қазақтың рухы биіктей түсті. Қазір «Мен – қазақпын!», «Мен – қазақстандықпын!» деп әлем халықтарының арасында мақтанышпен айтып жүретін дәрежеге жеттік.
Түрлі кезеңдерде Ататүрік пен Рузвельт, Шарль де Голль мен Ли Куан Ю, Дэн Сяопин сияқты өз ұлтының перзенттері өз мемлекеттерін әлемнің өзге елдерінің көш басына шығарды. Аумалы-төкпелі сәтке кез болғанда да тәуелсіздіктің тар жол тайғақ кешуінен тартынбай, мемлекет тізгінін қолға алған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та ұлт рухын төске өрлетті. Осыдан жиырма жыл уақыт бұрын өзінің Тұңғыш Президентін сайлап алған ұлт мұратына жетті. Үстіміздегі жылғы сәуірдегі Президент сайлауында да барша қазақстандықтар таңдауынан тапжылмады.
Сол сияқты қазақстандық ғажайып дамудың негізін қалаған Нұрсұлтан Назарбаев посткеңестік кеңістікте интеграциялық үрдістерді қалыптастырды. Дезинтеграциялық үдерістерге тойтарыс беріп, прагматикалық мұраттарды жүзеге асырды. Біздегі инновациялық-индустрияландырудың жаңа бағытын басқа елдер тәжірибеге ала бастады. Барша әлем Қазақстандағы президенттік институтты – жүйелі реформалардың локомотиві, саяси транзит табысының негізі деп бағалады. Осындай табысқа жетудің, үздіксіз ілгерілеудің кілті, басты қозғаушы күші – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кемел де кемеңгер басшылығы, көрегендігі мен даналығы, ғажайып ерік-жігері мен сарабдал саясаткерлігі.
Елімізде осыдан 20 жыл бұрын құрылған президенттік институт өзін ақтап келеді. Интеграциялану үдерісінің басты генераторы ретінде танылған Елбасы мерейі мұхиттың арғы бетінде де үстем болып жүргенін ел біледі. Түркі әлемі Қазақстанның Ұлт көшбасшысын барша бауыр халықтың рухани мұрагері деп таныды. Жақында мен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми бастаған делегация құрамында Түркияда болғанымда соған көзім жетті.
75 млн. халқы бар, әлемдегі алпауыт мемлекеттердің бірі саналатын осы елдің негізін көне заманда хеттер қалаған ежелгі Невшехир қаласының орталық көшелерінің бірі Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен аталады. Анкарада Елбасына еңселі ескерткіш орнатылған. Осы сапарда Невшехирдің туристер көптеп келетін ауданында «Қазақстан» бульвары ашылып, соның тұсаукесеріне қатыстық. Сол күндерде Түрік мемлекетінің, оның халқының біздің елімізге, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа, барша қазақстандықтарға деген ыстық ілтипаты мен жүрекжарды жарқын ниеттерін айқын сезіндік. Елім деп еміреніп, халқым деп тебіреніп қызмет еткен Елбасың, оны қоштап, қолдаған жұртың болса, ғаламшардың қай түкпірінде де жүзің жарқын, айдарыңнан жел есіп жүретіні рас.
Хакім Абай өзінің «Қара сөздерінде» бұрынғы ата-бабаларымыздың екі мінезін ашып көрсетеді. Біріншіден, «... ел басы мен топ басылары қалай қылса, қалай бітірсе, халықта оны сынамақ, бірден-бірге жүргізбек болмайды екен». «Екінші мінезі – намысқорлық екен. Ат аталып, аруақ шақырылған жерде ағайынға өкпе, араздыққа қарамайды екен, жанын салады екен». Данышпан Абай осылайша, мемлекеттік ұлтты сақтау мен күшейтуге, қазір әлем таныған Тәуелсіз Қазақстанның абыройын асыруға барша жұртымызды жұмылдырудың жолын көрсетіп кеткен.
... Көп шуылдақ не табар, Билемесе бір кемел? Берекелі болса ел – Жағасы жайлау ол бір көл! – деп ұлы Абай айтқандай, көшбасшысын қолдаған халқымыз осыдан 20 жыл бұрын тәуекел тұлпарына аяқ артса, бүгінгі күні болашақтың сенім пырағын құрықтап, ерттеп мінді.
Қазақ елі арғы-бергі заманда дәл бүгінгідей еңсе тіктей алмаған, дәл қазіргідей бағы жанбаған. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аралығында ғасырларда кеткен есемізді еңсердік. Тәуелсіздіктің әр жылы өзінше ерекше, әр жылдың еншісі бір ғасырға татиды. Бұрын әлем Дешті қыпшақ даласын дана Әл-Фараби және даңқы жер жарған Атилламен таныған болса, енді сол қатарға Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі қосылды. Соңғы бірер жылдың өзінде ғана аса беделді дүниежүзілік ұйымдарға табысты төрағалық еткен еліміздің, Елбасының әлемдік аренадағы абыройы мен беделі одан бетер асқақтай түсті. Жаңа Қазақстан Еуразия кеңістігіндегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың символына айналды.
Кеңестік империя кезінде ұзақ жылдар бойы адамзат өміріне қаһарын төгіп, ажал шашқан Семейдегі ядролық сынақ алаңын жапқан Қазақ елінің бастамасын дүние жүзіндегі бейбітқұмар мемлекеттер мен қауымдастықтар, аузы дуалы қайраткерлер мен саясаткерлер қуана қолдады. Бұрын-соңды ядролық қарудан өз бетінше бас тарту ешбір мемлекетте болмаған жағдай. Сол Семей полигонын тұншықтырған 29 тамыз – Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімімен Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні болып жарияланды.
Елбасының осыдан он жеті жыл бұрын Мәскеуде көтерген еуразиялық мұраты жақында ғана Ресей астанасында жүзеге асты. Еуразиядағы халықаралық және өңірлік интеграциялық бірлестіктің өміршеңдігіне оған қатысушы мемлекеттердің көзі жетті. Жаңа жылдан бастап Біртұтас экономикалық кеңістік жұмысын бастайды. Ол еуразиялық интеграцияның моделін қалыптастыра отырып, миллиондаған қарапайым адамның мүддесін көздейді. Өткен жылы ғана Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінің белсенді іс-қимылының нәтижесінде құрылған Кеден одағы қарым-қатынастың нығаюына жол ашып, орынсыз сенімсіздік пердесін түріп тастады. Мемлекетаралық және үкіметаралық келісімдер жедел жүзеге асырыла бастады.
Елімізде қоғамдық-саяси институт құрудың баға жетпес жемісі – Қазақстан халқы Ассамблеясы этносаралық өзара іс-қимылдың ең басты тетігі болып табылады. Осы бағытта жұмыс жасап жатқан этномәдени бірлестіктер, қауымдастықтар – бәрі де тең тұрғыда өздерінің тілі мен ділі, мәдениеті мен салтындағы үздік пішіндерді мемлекетіміздегі бірлік саясатына жұмылдырып келеді. Бір мемлекеттің шаңырағының астында бірнеше ондаған ұлттар мен ұлыстардың тату-тәтті, тығыз араласып, ортақ Отанымыз – Қазақстанның игілігі үшін жұмыла еңбек етіп жатқанына алыс-жақын шет елдердегі көрнекті қайраткерлер мен саясаткерлер ерекше қызығып, өздеріне үлгі етіп ұсынуда. Міне, осындай прагматикалық іс-қимылдардың басында біздің Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жүр.
Елбасының бастамасымен елорданы қарт Алатаудың баурайынан Сарыарқаның төсіне көшіру еліміздің геосаяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени және рухани дамуына жаңа бетбұрыстар әкелді. Таңғаларлық қысқа мерзім ішінде Еуразия кіндігінде, Есілдің сол жағалауында ертегідегідей, көздің жауын алған жаһұт қала еңсе көтерді. Әлемдік сәулет өнерінің інжу-маржандарын көркі мен келбетінде айшықтаған бүгінгі Астана тәуелсіз еліміздің дамуы мен гүлденуінің айқын нышандарын көз алдымызға әкеледі. Елорда еліміздің еңсесін, халқымыздың рухын көтерді. Еліміздің түкпір-түкпірінен осы қалаға қоныс аударуға ниет білдірушілер көбейіп келеді. Қазақстанның Астанасынан бастау алған ірі-ірі құрылыс кешендері қалаларда, тіпті ауылдық жерлерде де көрініс тапты.
Әл-Фараби бабамыз: «Мәртебесі, рухы биік шаһар – адамдарды бір-біріне жақсылық жасауға құштар, өздерінің тамаша қадір-қасиеттерін бағалап, өзге жұртты ынтызар ететін қала» деген екен. Елбасының Астананы 2030 жылға қарай әлемдегі ең озық отыз қаланың қатарына енгізу туралы алға қойған міндеті данышпан бабамыздың осы ұлағатына жауап бергендей. Біздің ұрпағымыз, бүгінгі жастар оған қол жеткізері сөзсіз. Елорданың әсем келбеті әрбір қазақтың да, әрбір қонақтың да жүрегіне шуақ, жанына жылылық құяды. Елбасы іргетасын қалаған, Асан баба желмаямен іздеген Жерұйығың осы емес пе?!
Бұл – тағдырдың теңдесі жоқ сый-сияпаты. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы ұлтымызға ұтымды, ұлысымызға ұлықты, барша қазақстандықтарға құтты болғай!
Елеусін САҒЫНДЫҚОВ, Парламент Сенатының депутаты.