Еліміздің тәуелсіздігі жылдарында қабылданған Ата Заңымыз Қазақстан Республикасының Конституциясы кәсіпкерлік саласындағы еркіндікті қамтамасыз еткен басты құжат болып табылады. Соның нәтижесінде еліміздегі аса ірі салалардың бірі – агроөнеркәсіп кешені бойынша да көптеген жаңа заңдар қабылданды. Бұл заңдар ауыл шаруашылығындағы кәсіпкерліктің қанат жаюына көмектесетін мемлекеттік қолдау шараларының тұтас бір жүйесін қамтамасыз етті. Осының нәтижесінде өткен 20 жыл ішінде ауыл шаруашылығының дамуы мүлдем жаңа бағыт бойынша алға басып, елімізде көптеген жаңа тұрпатты шаруашылық жүйелері мен өңдеу кәсіпорындары пайда болды.
Осы табыстарымыздың барлығы жаңадан қабылданған Декларацияда нақты көрініс тауып, ондағы Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың рөлі нақпа-нақ атап айтылған. Біздің Парламент Сенатының депутаты, Табиғат пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Болат ЖЫЛҚЫШИЕВПЕН арадағы әңгімеміз жоғарыда аталған тақырыптар аясында өрбіген еді.
– Болат Әбжапарұлы, сіз елімізде Ауыл жылдары деп жарияланып, ауыл шаруашылығы саласына мемлекеттік қолдау шараларының тұтас бір жүйесінің өмірге келуіне жол ашқан 2002-2006 жылдар аралығында ірі аграрлық облыстардың бірі Оңтүстік Қазақстан облысын басқардыңыз. Яғни, мемлекеттік қолдаудың сала бойынша қалайша қалыптасқандығын көзіңізбен көріп қана қоймай, оны жүзеге асыруға өз үлесіңізді қостыңыз. Осы бағыттағы жұмыстар қалай жүріп еді? Одан белгілі бір нәтиже шықты ма?
– Шыққанда қандай! Оны мен облыстағы негізгі сала – мақта шаруашылықтарының өркендеу барысына қарап-ақ айтып бере аламын. Өзіңіз білесіз, ел тәуелсіздігіне ие болып, алғаш рет нарық қатынастарын орната бастағанда халі мүшкіл салалардың бірі – осы мақта шаруашылығы болатын. Облыста өндірілетін мақтаның тек 2 пайызы ғана бастапқы өңдеуден өткізіліп, қалғанының барлығы шикізат күйінде орталыққа жөнелтілетін.
Сондықтан ел тәуелсіздігінде ие болған алғашқы кезде: «Енді Қазақстанның мақта шаруашылығы құриды. Ол осы саласы бізге қарағанда әлдеқайда дамыған көршіміз Өзбекстанның шы-лауында қалады. Осы мәселе жөнінен біз көрші елдің жүргізетін саясатына әбден тәуелді боламыз», деген тұрғыда әңгімелер өрбіген еді. Сол кездегі жағдай бойынша алғанда бұл әбден мүмкін мәселе еді. Өйткені, бізде басқаны былай қойғанда, осы саланың дамуына зерттеулер жүргізіп, оның жолдарын айқындайтын арнайы бір ғылыми-зерттеу институты да болмаған-тын. Оның үстіне мақта өндірісіне қатысты құрал-жабдықтардың, технологиялардың барлығы бізге Өзбекстан арқылы келетін.
Дегенмен, Елбасының халық қамын ойлаған, жағдайдың барысын алдын ала болжап, әрекет еткен дана саясатының нәтижесінде еліміздің мақта шаруашылығы қиын шақтан сүрінбей өтті деп айта аламын. Бұған Елбасының тапсырмасымен облыста арнайы экономикалық аймақтың құрылып, мақта шаруашылығының мұнан кейінгі дамуы кластерлік жүйеге көшіріле бастағандығы үлкен әсер етті. Мақта шаруашылығын дамыту бағытында кәсіпкерлікке еркіндік беріліп, соның нәтижесінде Ютекс, Меланж, Русский-казахский альянс секілді бірнеше жеке меншік мақта өңдеу зауыттары салынды. Жіп иіру, тоқыма фабрикалары өмірге келді. Сөйтіп, аз жылдың ішінде, яғни облысты мен басқарып отырған кезеңнің өзінде отандық мақта өнімдерінің 12-16 пайызын өзімізде өңдей алатындай деңгейге жеткен едік.
Мұнан кейін «Мақта туралы» Заң өмірге келіп, осының нәтижесінде мақта өндірісіндегі қарым-қатынас мәселелері ретке келтірілді. Бұл мақта шаруашылықтарының дамуына жаңа жол ашқан еді. Өйткені, сол кезде жаңадан пайда болған мақта зауыттарының иелері сала бойынша монополистік үстемдікке ұмтылыс танытып, шаруашылықтардың тапсыратын мақталарының бағаларын төмен белгілеу арқылы барлық пайданы өздеріне алып, мақта өсіру ісін құлдырату жағдайын туындатқан еді. Көп дау-дамаймен қабылданған «Мақта туралы» Заң осының алдын алды. Ол мақта өндірісіндегі әділеттілікті орнықтырып, осының нәтижесінде шаруалардың жағдайы біршама түзелді. Облыста «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» АҚ-тың күшімен мемлекеттік мақта зауыты салынып, бұл бағаны реттеп отыру мәселесіне, шаруашылықтардан алынатын мақта бағасының орынсыз құлдыратылмауына үлкен әсер етті.
– Оңтүстік Қазақстан облысы халық ең тығыз шоғырланған өңір екендігі белгілі. Мұнда қазіргі күні ең аз мөлшермен алғанның өзінде ұлтымыздың бестен бір бөлігі өмір сүріп жатыр. Осылардың әлеуметтік жағдайларын түзеуде жүзеге асқан шаралар аз емес болар.
– Әрине, еліміз тәуелсіздігіне ие болған тұста бәрін нарық еркіндігіне сілтеп, жағдайды өз бетімен жіберер болса, онда халықтың қазіргі халы өте ауыр болар еді. Бірақ мемлекет басшылығы бұған жол берген жоқ. Екіншіден, мақта өндірісі мол суды қажет ететіндігін өзіңіз білесіз. Осы мәселеде Қазақстан көршілес мемлекеттермен тіл табыса отырып, мақта шаруашылығына келетін суларды неғұрлым тиімді пайдалануға көшті. Соның бірі облыс аумағында салынған Көксарай қарсы реттегіші болды. Мұның сыртында су жүйелері, дренаждық жүйелер ретке келтірілді. Азия банкінен қолайлы жағдайда алынған несиелерді іске қоса отырып, сол бір қиын кездің өзінде 40 мың гектарға жуық жерді өңдеуден өткізу арқылы оны қайта іске жараттық. Қазір қайта іске жаратылған жер көлемі 80 мың гектардай болады.
Міне, осының барлығы халықтың бірінші кезекте тұрмыс-тіршілігіне және осының нәтижесінде әлеуметтік жағдайының түзелуіне үлкен ықпал етті. Мұның сыртында Ауыз су бағдарламасы іске қосылып, облыстағы таза су пайдаланатын халықтың үлесі едәуір дәрежеде артты. Оның үстіне бюджет қызметкерлерінің жалақысы, зейнеткерлердің зейнетақысы ретке келтірілді. Тұрғын үй бағдарламасы іске қосылып, осының нәтижесінде облыста көптеген тұрғын үйлер салынды. «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасының аясында облыста көптеген мектептер мен емханалар, ауруханалар, фельдшерлік-акушерлік пункттер салынып, апатты нысандар жойылды. Ең бастысы – балалар төрт ауысымда, үш ауысымда оқу проблемасынан құтылды. Қысқасын айтқанда, облыс халқына көп әлеуметтік жағдай жасалды. Оның қызығын қазір халық көріп отыр.
– Болат Әбжапарұлы, сіз бұл мәселелердің барлығын кезінде іс басында болған облыс әкімі, яғни практик ретінде қозғадыңыз. Сіз – соңғы жылдары Сенат депутатысыз. Соның ішінде енді Табиғат пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту деп аталатын комитеттің төрағасысыз. Мұндағы заң шығарушылық қызметіңіз де еліміздің аграрлық саласымен, оның ішінде ауылдық аумақтарды дамытумен тығыз байланысты екен. Осы ретте саланы мемлекеттік қолдау шараларының ұйымдастырылуы туралы не айтқан болар едіңіз?
– Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылы ішінде еліміздің агроөнеркәсіп саласының заңнамалық базасы түбірінен қайта қалыптастырыла отырып, заңдарды одан әрі жетілдіру, оларды халықаралық нормалармен сәйкестендіру бойынша аса ауқымды жұмыстар жүзеге асырылды. Көптеген заңдар қабылданды. Заң аясындағы актілер ретке келтірілді. Соның бәрін айтпағанның өзінде қазіргі күні агроөнеркәсіп кешені саласында қолданыста жүрген жиырмадан астам заң бар екендігін ескерте кетсек, артық болмас. Міне, осының барлығы біздің комитеттің қарауынан өткен еді.
Бұл заңдардың қай-қайсының болмасын аграрлық саланың алға басуына, оған мемлекеттік қолдау шараларын ұйымдастыруға тигізген ықпалы аса үлкен. Мәселен, «Агроөнеркәсіп кешенді және ауылды аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» 2005 жылғы 8 шілдедегі Заңды алайық. Бұл құжат елімізде бірінші рет ауыл мен ауыл шаруашылығын, агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау шараларын заңды негізге көшірді. Осының алдындағы уақыттары мемлекеттің салаға жасайтын қаржылай қолдауы бір реттік құжаттар немесе жекелеген бағдарлама аясында қамтамасыз етіліп келсе, осы заң жарыққа шыққаннан бері ол жүйелі сипатқа ие болды.
Осы заңның нәтижесінде қазіргі күні аграрлық саланы субсидиялау 12 бағыт бойынша жүзеге асырылып келеді. Алғашқы жылдары субсидия тек астық шаруашылықтарына берілсе, енді оны мақта, күріш, көкөніс шаруашылықтары және мал шаруашылығының бірнеше бағыттары алып отыр.
Елімізде Жер кодексінің, Орман және Су кодекстерінің қабылдануы үлкен бір белес болғандығы белгілі. Осы кодекстер арқылы еліміздің жер, орман және су байлықтарын пайдалану мәселесі толықтай реттелді десе де болады.
Әрине, заңдар қабылданғаннан кейін елімізде жүріп жатқан өзгерістерге, қарыштап алға басуға сәйкес оларға ауық-ауық түзетулер мен өзгерістер енгізіліп отырады. Мәселен, 23 заңнамалық актіге өзгерістер енгізілгендігін айтуға болады. Міне, осылардың барлығы көбінесе халықтың пайдасына қарай шешіліп келеді.
Егер жалпы деректерге назар аударатын болсақ, тек 2004-2013 жылдар аралығында ғана еліміздегі ауылды аумақтарды дамытуға 976 миллиард теңгенің қаржысы бөлінген екен. Міне, осындай мемлекеттік қолдау шараларының барлығы қабылданған заңдардың нәтижесінде мүмкін болып отыр.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Сұңғат ӘЛІПБАЙ.