Білім • 04 Маусым, 2018

Педагогтар ұлттық біліктілік тестілеуін қалай тапсырды?

3671 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елбасы биылғы Жолдауында мұғалімдердің біліктілік деңгейін ескеретін категориялардың жаңа кестесін енгізу мәселесін көтеріп, оны ұлттық біліктілік тестілеу арқылы беру керектігіне назар аударған болатын.

Педагогтар ұлттық біліктілік тестілеуін қалай тапсырды?

Президент тапсырмасы аясында елімізде педагог қызметкерлерге арналған ұлттық біліктілік тестілеу науқаны 26-28 мамыр аралығында өтті. Ұлттық тестілеу орталығынан келіп түскен ақпаратқа сүйенсек, республика бойынша 60 476 мұғалім ұлттық біліктілік тестілеуден өтуге өтініш білдірді. Осы орайда педагогтардың ой-пікірлерін білу мақсатында Астана қаласындағы тестілеу орталығына барған едік.

Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейі тарих пәнінің мұғалімі Сайлау Шайкенов жалпы тестілеу барысының қиын болмағандығын айтады. «Деңгейлік курстардан өтпеген, жаңа жүйемен таныс емес мұғалімдер үшін ұлттық біліктілік тестілеудің «Педагогика, оқу әдістемесі» блогын өту қиындық туғызатыны рас. Алайда, осы блоктың арқасында педагогтар өздерін жетілдіре түсуге ұмтылады. Жалпы, жетік меңгерген пән бойынша тестілеуді тапсыра алмау мүмкін емес. Академиялық тұрғыда дайындығы бар мұғалімдерге қиындық туғызбайды. Біліктілікті арттыра отырып, жалақымызды да көтеруге мүмкіндік бар», деді ол.

Ал №70 мектеп-лицейі биология пәнінің мұғалімі Серікқайша Сағатбекова сабақ беретін пәні бойынша біліміне сенімді болғанына байланысты тестілеу кезінде қобалжымағанын айтады. «Әркім өз қалауымен тестілеуге қатысып жатыр. Тестілеудің барлық педагогтар үшін кезекті және уақытынан бұрынғы аттестаттау болып қала беретіні қуантады. Яғни мұғалімдердің тілектеріне байланысты. Егер жаңа оқу жылынан бастап біліктілігің үшін қосымша төлемақы алғың келсе, тестілеуге қатыс, ал бұрынғы біліктілігің бойынша жұмыс істей бергің келсе өз қалауың. Тест сұрақтарына жауап беру барысында бір немесе бірнеше дұрыс жауапты таңдау аса қиынға соққан жоқ. Алайда берілген мәтін шеңберінде мұғалімнің академиялық және әдістемелік әлеуетін білуге бағытталған мән-мәтіндік тапсырмалар бойынша айтарлықтай уақыт жұмсап, көп ойлануға тура келді», деді С.Қабылғазықызы.

Елордадағы №22 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі, 25 жылдық еңбек өтілі бар жоғары санатты ұстаз Айгүл Садырбаеваның пайымдауынша, өз біліктілігін үнемі арттырып отыратын мұғалімдер үшін бұл орынды сынақ әрі кемшін тұстарды толтыру үшін зор мүмкіндік. Ол ұлттық біліктілік тестілеудің өткізілу уақыты оқу жылының қорытындысы шығарылған уақытқа сәйкес қолайлы болғандығын, жаңа форматтағы тестілеу сұрақтарының үлгісімен «Егемен Қазақстан», «Білімді ел – Образованная страна» газеттері және Ұлттық тестілеу орталығының интернет ресурстарында танысқанын айтады.

Ал №64 мектеп-лицейінің биология пәнінің мұғалімі Әсел Молдабекқызы «педагог-модератор» санатына өту үшін өз бағын сынады. Ол осы тестілеуді оқу жылының соңында өз-өзіне берген есеп деп бағалайды. «Аттестаттаудан өткен мұғалімдерге «педагог-модератор», «педагог-эксперт», «педагог-зерттеуші», «педагог-шебер» деген жаңа категориялар беріледі деген жаңалықты қуанышпен қарсы алдым» дейді Ә.Молдабекқызы.

№79 мектеп-лицейі тарих пәнінің мұғалімі, білім беру саласында 24 жылға жуық еңбек еткен Марал Бермағанбетов бүгінде ұстаздар қауымы жаңартылған мазмұндағы оқу бағдарламасы шеңберінде білім беріп жатқанын, мұғалімдерді аттестаттаудан өткізудің жаңа форматтағы жүйесі шеңберіндегі тестілеу сұрақтары орынды әрі сауатты құрылғанын жеткізді. Ал №37 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, 20 жылдық еңбек өтілі бар жоғары санатты ұстаз Арман Әзімханұлы ұлттық біліктілік тестілеуінің ұтымды тұстарымен бөлісті. Тестілеуге бөлінген 3 сағат 20 минут сұрақтарға толық жауап беруге жеткілікті. Әрине, математика, физика, химия, информатика пәндері бойынша 30 минутқа артық уақыт бөлінген, бұл аталған пәндердегі есеп-қисапқа байланысты болар, дейді ол.

Сонымен педагогтардың біліктілік санаттарын тағайындау екі кезеңде жүргізілетінін айта кеткен ләзім. Яғни мамыр айында тестілеуден өткен мұғалімдер қызметтің қортындыларын кешенді талдамалық қорытындылау кезеңіне құжат тапсырады. Ал тестілеуден өте алмаған немесе белгілі бір себептерге байланысты тестілеуге қатыса алмаған мұғалімдердің ағымдағы жылы қараша айында тестілеуді тапсыру мүмкіндіктері бар.

Айгүл ТӘШЕТОВА,
журналист.