Боксшылар бәсекесінде бақ сынайтын командалар төрт топқа бөлінді: «А» тобы – Алматы, Батыс Қазақстан, Павлодар және Қарағанды облыстары (Бәсекелер 6-9 қыркүйек аралығында Павлодарда өтеді). «В» тобы – Астана қаласы, Атырау, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары (Бәсекелер 13-16 қыркүйек аралығында Петропавлда өтеді). «D» тобы – Алматы қаласы, Маңғыстау, Қызылорда, Акмола облыстары (Бәсекелер 13-16 қыркүйек аралығында Ақтауда өтеді). «С» тобы – Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қостанай және Ақтөбе областары (Бәсекелер 6-9 қыркүйек аралығында Шымкентте өтеді).
Топтық турнирлерде бірінші орын алған командалар жартылай финалға жолдама алады. Осы межеде бағы жанғандар финалдық сайыста күш сынасады. Ал Конфедерация кубогының жеңімпазына 25 миллион теңге көлемінде сыйақы беріледі. Шешуші бәсекелер желтоқсан айында ұйымдастыралды.
Естеріңізге сала кетейік, осы күнге дейін айтулы жарыста Астана қаласы (2010, 2013 жылдары), Маңғыстау (2012, 2016 жылдары) мен Оңтүстік Қазақстан (2015, 2017 жылдары) облыстарының былғары қолғап шеберлері екі реттен топ жарса, Қарағанды (2011 жыл) мен Жамбыл (2014 жыл) бір мәрте үздік шықты.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»