Тәуелсіз мемлекетіміздің тарихи қалыптасу жылдары көз алдымызда. Менің түсінігімде азаттықтың бастауы – 1990 жылғы 25 қазандағы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысы бойынша қабылданған Қазақстанның Егемендігі туралы декларация. Өзім сол кезде Жоғарғы Кеңестің ХІІ шақырылымының депутаты болып, осы тарихи шешімнің қабылдануына атсалыстым.
![121211-11](http://old.egemen.kz/2011img/121211-11.jpg)
Сол Декларацияда Қазақ елінің мемлекеттік егемендігі жарияланып, елдің саяси-құқықтық тәуелсіздігінің бағдарламасы баяндалды. Осы қастерлі құжатта ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтындығы, қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да этнос өкілдерінің төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі екендігі түгел қамтылды.
Конституциялық құрылысқа қарсы жасалатын кез келген күштеу әрекеттері, ел аумағының тұтастығын бұзуға шақыратын, ұлт араздығын қоздыратын жария-ұрандардың заң бойынша жазаланатыны ескертілді. Республиканың саяси, экономикалық, әлеуметтік, ұлттық-мәдени құрылысына, оның әкімшілік-аумақтық құрылысына байланысты мәселелер ешкімнің араласуынсыз дербес шешілетіні жарияланды. Президент – Республика басшысы, ең жоғары әкімшілік-атқарушылық биліктің басқарушысы ретінде танылды.
Сонымен қатар, жер, оның қойнауы, су, әуе кеңістігі, өсімдіктер мен хайуанаттар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар, халықтың мәдени және тарихи қазыналары, бүкіл экономикалық, ғылыми-техникалық әлеует республика егемендігінің негізін құрай отырып, оның ерекше меншігінде болатыны көрсетілді.
Декларациядағы бағдарлама негізінде 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданды. Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың әрқашан сындарлы шешім қабылдай білетін саясатының арқасында егемендігімізге қантөгіссіз, аман-есен жеттік.
Егемендік алу қол жеткізген бір белесіміз болса, одан әрі демократиялық құқықтық мемлекетті құру, оны саяси-экономикалық жағынан аяғынан тік тұрғызу – екінші бір күрделі мәселе. Және бұл өте қиын, әрбір қадам бойынша тарихи шешім қабылдауды талап ететін жол еді.
1991 жылы тәуелсіздігін жариялаған жас мемлекеттердің алдында таңдау тұрды. Бірі экономиканы социалистік жоспарлы дамудың негізінде басты салаларды ұстап қалу, екіншісі – нарық экономикасына көшу.
Кеңес Одағы тарауға жақындаған кезде оның экономикасында сапа емес, сан қуалаушылық болғаны байқалған еді. Қаржы шығыстарына алып келетін, үнемі дотация бөлуді қажет ететін салалар өте көп болды. Сол кездегі қиындықтарды айтпауға болмайды. Халықтың тұрмысы нашар, көңілі алаңдаулы, жаны жүдеу еді.
Осындай күрделі кезеңде елді тығырықтан алып шығудың жолдары жедел қарастырылды. Жаңа кезеңге көшу үшін Қазақстанда барлық салада реформа жасау қажет болды. 1980-жылдардың аяғында КСРО көлемінде үлкен беделге ие болған Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ елін тезірек даңғыл жолға салу мақсатында әлемдік тәжірибелерді зерделеді, оны өз республикамыздың табиғаты мен халқының тұрмыс-тіршілігіне сәйкес келетіндігі тұрғысында сараптаудан өткізді. Бұл іске танымал ғалымдар мен білікті саясаткерлерді тарта отырып, ең сындарлы шешімді Елбасының өзі қабылдады.
Ол кезде «Кеңестік жоспарлы экономиканы жалғастырайық» дегендер де болды. Міне, еліміздің Тұңғыш Президенті сол тұста ескі жүйемен жүре берсек, біраз уақыт жақсы тұрғандай әсерде болсақ та, кейін орны толмас қателіктерге ұрынатынымызды, мемлекеттік құрылымның негізін дұрыс қалауымызға кедергі келтіретінін көрегенділікпен болжай білді. Сондықтан Елбасы саяси-экономикалық, құқықтық және әлеуметтік салада жаңа реформа жүргізіп, жас мемлекеттің болашағын айқындап алуды бірден бастап кетті.
Ең әуелі, Елбасы ескі жүйені жамап-жасқасаң да, ештеңе өнбейтініне көз жеткізді. Сондықтан экономикалық қатынастарды түбегейлі өзгертуді ұйғарды.
Бастапқы жылдары бұл ұстанымға қарсы болғандар да аз емес еді. Өйткені, социалистік жүйеде барлық сала тек қана мемлекет тарапынан қаржыландырылды. Ал нарықтық экономиканың бір ерекшелігі – елдің әлеуетін арттыруға мемлекетпен бірге жеке адамдар да, шетелдік инвесторлар да қатыса алатындығы.
Қазақстанда егемендік алу жаңа қоғамдық құрылымға өтумен бірге жүзеге асты. Сондықтан біздің елдің Тұңғыш Президентінің алдында осы екі ауқымды күрделі мәселені бірге шешу міндеті тұрды.
Одақ кезінде негізінен табиғи шикізатты өндіруші ретінде қарастырылған Қазақстан сияқты елдер өте қиын жағдайға тап болды. Кеңес Одағы тараған тұста экономикалық, технологиялық байланыстар үзіліп қалды. Әсіресе, біртұтас техника құрастырылмайтын, белгілі бір бөлшектер жасауға бейімделген зауыттар бірден тоқтады. Бір-біріне тығыз байланысты жүйеде берекесіздік орын алды. Тіпті коммуникациялық жүйелер, электр желілері, газ бен мұнай құбырлары, темір жолдар бөлшектеніп қалды. Бұл салалар Одақ кезінде біртұтас болса, енді олар бөлініп кетіп, істен шығып жатты. Кәсіпорындар тоқтап, электр, жылу беретін компанияларға қарызға белшеден батты, елде жұмыссыздық көбейді.
Сол дағдарыс кезеңінде қоғамдық прогресті жеделдету мақсатында ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке ерлігі, саяси даналығы, қайсар-жігері арқасында республикамызда түбегейлі реформалар басталып кетті.
Қай қоғамда да адамның жеке меншігі туралы мәселе үнемі күн тәртібінде тұрады. Енді еркіндік алған еліміздің алдында Кеңес Одағы кезінде ортақ болған меншікті халыққа таратып беру өзекті мәселе болды. Басты мәселенің бірі – жер меншігі. Егер жерге жеке меншік көзқарас болмаса, нарық экономикасы туралы айту мүмкін емес. Атап айтқанда, бір ғимарат немесе нысан тұрған жер телімі жеке меншікте болуы керек деген заңдық негіз қабылданды. Жер реформасы туралы Мемлекет басшысы Н.Назарбаев: «Жерге жеке меншік – нарықтық экономиканың жұмыс істеуінің міндетті бір шарты», деп атап көрсетті.
Қоғамда лайықты өмір сүру үшін адамның бірінші кезекте бас бостандығы, еңбек еркіндігі болуы тиіс. Сонымен қатар, тұрғын үйі болуы шарт. Халық өздері тұрып келген, мемлекет меншігіндегі пәтерлерді жекешелендіруге белсене кірісті.
Осындай кезең-кезеңмен жүргізілген ауқымды және түбегейлі реформалар 1990- жылдардың орта кезеңінен бастап-ақ өз нәтижесін бере бастады. Қазіргі қазақ елінің ауқымды жетістіктерінің негізі осы жылдары қаланып, бүгінгі күні одан әрі дамуда.
Елдің ішкі дамуы сыртқы саясатпен тығыз байланысты. Қазақстан егемендігін алған кезден бастап көршілес елдерімен мәңгілік достық қарым-қатынас орнатуды, еш уақытта дау-жанжал тудыратын жағдайларға жол бермеуді басты назарда ұстады. Осы орайда мемлекеттік шекаралар айқындалды. Ішкі және сыртқы саясатта өте сақтық, талғампаздығымен танылған Қытаймен, әлемдегі алпауыт елдің бірі болып табылатын Ресей Федерациясымен шекараларымызды айқындап алдық. Сондай-ақ Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Түркіменстанмен шекара сызықтарын белгіліп, ынтымақтастық байланысымызды өркениетті жолмен дамыта түстік.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп келе жатқан сындарлы саясатының арқасында әлем таныған Қазақ мемлекетінің бүгінгі таңдағы қол жеткізген табыстары ұшан-теңіз. Соның ішінде басты үш мәселеге ерекше тоқталып өткім келеді. Бірінші: адамзат игілігі үшін бейбітшілікті қорғау – жаһандық мәселе. Екінші: Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету мәртебесі, дүние жүзін алаңдатып отырған мәселелерді қамтыған ЕҚЫҰ кезеңі. Үшінші: елдің түбегейлі экономикалық, әлеуметтік және мәдени-рухани жаңаруының бастауы – Астананың бой көтеруі.
Шынымен де, Қазақстан және оның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қаруға қарсы әлемдік саясаттың көшбасшысына айналып отыр. Мыңдаған адамның өміріне зиянын, денсаулығына залалын тигізген Семей ядролық полигонын жауып, басқалар жете алмай жүрген қолда бар жойқын қарудан ерікті түрде бас тартқанымызға әлем жұртшылығы күні бүгінге дейін таңғала тамсанып отыр. Осындай тарихта теңдесі жоқ шараларды іске асырып, мемлекетіміздің бейбітшілік мекені ретінде танылуына Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сіңірген еңбегі орасан зор. 2010 жылы 12-13 сәуірде Вашингтонда өткен жаһандық саммитте Қазақстан Президентінің халықаралық деңгейдегі қайраткер ретіндегі тұлғасы тағы да айқындала түсті. Елбасыға ядролық қарусыздану және жалпы қауіпсіздік жолындағы қызметі үшін Шығыс-Батыс институтының бейбітшілік және алдын алу дипломатиясы сыйлығының тапсырылғаны – осы сөзіміздің дәлелі.
2010 жыл Қазақстан үшін аса жауапты істердің атқарылуымен ерекшеленді. Еліміз Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп, әлемдік маңызы зор мәселелердің жоғары деңгейде шешілуіне атсалысты. Бұл миссия Қазақ елінің айбыны мен абыройын асырды.
Сол жылы 1-2 желтоқсан күндері Астанада ЕҚЫҰ Саммиті табысты өтті. Осы бір тарихи сәтте әлемге үн тастаған Қазақстанның Көшбасшысы Н.Ә. Назарбаев: «Еуразияның жүрегінде, байырғы қазақ жерінде мыңжылдықтар бойы адамзат тарихын жасаған ұлы халықтардың үнқатысуы басталды. Бұл біздің халықтарымыздың қауіпсіздігі мен гүлдену ісіне қосылған үлкен үлес болар еді. Алып Еуразия құрлығын сенім, дәстүр, ашықтық және төзімділік сынды жалпы құндылықтарға негізделген ортақ кеңістікке айналдыру өз қолымызда. Біздің Саммиттің тарихи маңызы мен атқарар жүгі де осында деп білемін», – деді.
Саммиттің қорытындысы болған Астана Декларациясы аталған Ұйымның барлық мүшелері тарапынан қолдау тауып, бірауыздан қабылданды және тарихи маңызды құжатқа айналды.
Татулықтың тұтқасына, бірліктің бесігіне айналған мемлекетіміздің ішкі және сыртқы саясатын мінсіз жүргізу Нұрсұлтан Назарбаев сынды тарихи тұлғалардың ғана қолынан келеді.
1994 жылы 6 шілде күні Алматы қаласында Жоғарғы Кеңестің депутаттары Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың батыл шешімінің куәсі болды. Ол астананы Алатау баурайынан Сарыарқа төріне көшіру идеясы еді.
Президентіміз Астананың Бас архитекторы да бола білді. Ол Президенттік мәдениет орталығының, Отан-Ана монументінің, Бәйтеректің және басқа да ғажап ғимараттардың жобалық-нұсқасын өзі сызды. 1998 жылы 6 мамыр күні Елбасының Жарлығымен жаңа елорданың атауы Астана болып өзгертілді. Сол жылы ЮНЕСКО-ның шешімі бойынша Астана қаласына «Бейбітшілік қаласы» жоғары атағы беріліп, медальмен марапатталды. Бүгінгі таңда Отанымыздың жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі, жеріміздің кіндігі – Астана Қазақстанның жаңа бейнесі, жарқын келбеті, тәуелсіздік бесігіне айналды.
Биыл ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы. Бұл мерейлі күнге орай Парламентте Тәуелсіздіктің 20 жылдығы Декларациясы қабылданды. Жаңа Декларация Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен елімізде жүзеге асырылған барлық ауқымды істердің маңыздылығын әрбір азаматтың сезінуіне мүмкіндік беретін болады.
Жәнібек КӘРІБЖАНОВ, «Нұр Отан» ХДП мүшесі.