Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың биылғы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Қазақстан халқына Жолдауында таяу жылдарда атқарылатын ауқымды істер атап көрсетілген. 2020 жылға қарай біздің елімізде ішкі жалпы өнім едәуір ұлғаяды. Өңдеуші салалардағы өсім игеруші салалар деңгейіне жетеді. Ұлттық қордың активтері ішкі жалпы өнімнің үштен біріне жетіп, экономиканың шикізаттық емес секторына салынатын отандық және шетелдік инвестиция арта түседі. Экономиканың барлық саласында шағын және орта бизнестің үлесі де көбейеді.
Ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі 2014 жылға қарай – 2 есе, ал 2020 жылға қарай 4 есе өседі. Мемлекет бұл мақсатқа 130 миллиард теңгелік несие ресурстарын бөледі.
Мемлекет басшысы біздің еліміздің экономикасы бәсекеге қабілеттілігі қуат шығындарын азайтуды қамтамасыз ететін тиімді технологияларға негізделуі керектігін атап өтті. Алға қойған міндеттердің ішінде еліміздің Ұлттық қорының жағдайы ерекше назар аударуға тұрарлық екені даусыз. Отанымыздың экономикалық ахуалы елеулi дәрежеде табиғи ресурстар секторындағы жағдайға байланысты болып келді. Республикалық бюджет түсiмдерiнiң табиғи ресурстарға тәуелдiлiгі Қазақстанның болашағына байланысты бірқатар мәселелердi мемлекет алдына қойды. Бiрiншiден, бұл – табиғи байлықтардың орны қайта толмайтынына байланысты оларды пайдалануды дұрыс жоспарлау мәселесi. Екiншiден, бұл – мемлекеттік кiрiстер мен шығыстар көлемiнiң табиғи ресурстарға деген әлемдiк бағаның күрт әрi алдын ала болжанбаған ауытқуларына тәуелдiлiгін төмендету.
Осы мәселелердi шешу үшiн Елбасы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің кемел келешегін, баянды болашақты және жас ұрпақтың алаңсыз өмірін қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық қор құру туралы маңызды шешім қабылдады. 2000 жылғы 23 тамызда «Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры туралы» Жарлыққа қол қойылуы Мемлекет басшысының барша қазақстандықтардың ертеңгі күнге деген сенімін арттыруға бағытталған көреген әрі дана шешімі болғаны даусыз.
Бюджет түсiмдерiнiң елеулi бөлiгі табиғи ресурстардың экспортынан түскен түсiмдер есебiнен қалыптасатын және қолайсыз құбылыстар жылдарындағы шығыстарды қаржыландыруға арналған тұрақтандыру қорлары мен болашақ ұрпақ қорлары басқа елдерде де жұмыс iстейдi. Қазақстанда Ұлттық қор құру кезiнде шетелдiк осы тәжiрибе пайдаланылды.
Ұлттық қор қаражатын қалыптастырудың және пайдаланудың жаңа тәсiлдерiн айқындау мiндетi осы тұрғыдан қойылды. Олар әлемдiк қаржы-экономикалық дағдарыс кезеңiнде өзiнiң пәрмендiлiгiн көрсеткен, жүргiзiлiп жатқан жинақтау саясатының қисынды жалғасы болады. Қордың негiзгi мақсаты – болашақ ұрпаққа арналған жинақтарды ұлғайту және оған қаржы жинақтауды үкiметтiк қарыз алумен алмастыруды болдырмау болып табылады. 2005 жылы Ұлттық қордың қаражатын қалыптастырудың және пайдаланудың орта мерзiмдi перспективаға арналған алғашқы тұжырымдамасы қабылданып, онда оның активтерiн басқарудың негiзгi қағидаттары мен тәсiлдерi айқындалды.
2006 жылдың ортасынан берi Ұлттық қор қаражатын ел экономикасына бағыттау үшін республикалық бюджетке кепiлдендiрiлген және нысаналы трансферттер бөлу, сондай-ақ отандық бағалы қағаздарды ұзақ мерзiмдi инвестициялау шаралары іске асырылды. Бұл ретте кепiлдендiрiлген трансферттi айқындау кезіндегі шектеу республикалық бюджетте жыл соңындағы Ұлттық қор активтерiнiң үштен бiр бөлiгiнен аспауы тиіс болды.
Қабылданған саясаттың нәтижесiнде экономикалық өсу кезеңiнде валютаның шамадан тыс түсуiн зарарсыздандыру, теңгенi айырбастау бағамына және инфляцияға қысымды азайту қамтамасыз етiлдi. Дағдарысқа қарсы белсендi саясат жүргiзу үшiн қаржы резервтерi құрылып, оның шеңберiнде Ұлттық қордан 10 миллиард АҚШ доллары мөлшерiнде қаражат пайдаланылды және жинақтау саясаты сақталды. 2009 жылдың соңына қаражат 4,5 триллион теңгенi құрады, оның 750,0 миллиард теңгесi iшкi активтерге («Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы мен «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингi» акционерлік қоғамының облигацияларына), 24,4 миллиард АҚШ доллары – шетелдiк активтерге орналастырылды.
Құрылған уақытынан берi, яғни 2001 жылғы маусым – 2009 жылғы 31 желтоқсан аралығында Ұлттық қордың кiрiсi Қордың базалық валютасында (АҚШ долларымен) 55 пайызды құрады, бұл жылдық сомада 5,2 пайызды құрайды. Осы кезеңде Қордың тұрақтандыру функцияларын жүргiзу үшiн қажеттi көлем қалыптастырылды. Сонымен қатар, қалпына келтiрiлмейтiн табиғи ресурстардан алынған қаражатты болашақ ұрпақ үшiн барынша сақтап қалу, республикалық бюджет пен Ұлттық қордың теңгерiмдiлiгi және мұнайға қатысы жоқ тапшылықты жою мәселесі өзектi болып қалып отыр.
Осы тұрғыдан Ұлттық қор қаражаты өсуiнiң бәсеңдеуiн ескере отырып, республикалық бюджетке берiлетiн кепiлдендiрiлген трансферт көлемiн тiркеу арқылы оның құбылуларын болдырмау қажет екені айқындалды және бұл ұзақ мерзiмдi перспективада Ұлттық қордың қаражатын қарқынды түрде жинақтауды қамтамасыз етедi. Ұлттық қордың негiзгi мақсаты – болашақ ұрпаққа арналған жинақтарды қалыптастыру және республикалық бюджеттiң әлемдiк шикiзат рыноктарындағы жағдайға тәуелдiлiгiн төмендету арқылы қаржы ресурстарын жинау болып табылады. Осылайша, Ұлттық қордың функциялары жинақтау және тұрақтандыру болып табылады.
Жинақтау функциясын орындау үшiн Ұлттық қорда азайтылмайтын қалдық белгiленедi, сондай-ақ Ұлттық қордың ең жоғары мөлшерiне шек қойылмайды. Тұрақтандыру функциясын iске асыру республикалық бюджетке кепiлдендiрiлген трансферттi қамтамасыз етудi көздейдi. Тұтастай алғанда, Ұлттық қор қаражатын бөлудiң ашықтығына қол жеткiзу үшiн олар ел экономикасына республикалық бюджет арқылы ғана жiберiлетiн болады.
Ұлттық қордың қаражатын қалыптастыру және пайдалану мынадай қағидаттарға негiзделетiн болады:
- транспаренттiлiк – Ұлттық қордың бекітілген (нақтыланған, түзетiлген) көрсеткiштерiн, Ұлттық қордың қаражатын қалыптастыру туралы және пайдалану туралы есептердi, Ұлттық қордың қаражатын инвестициялық басқару туралы есептердi мiндеттi түрде жариялау;
- толықтық – Ұлттық қор туралы есептiлiкте Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген барлық түсiмдер мен шығыстарды көрсету;
- уақыттылық – Ұлттық қордың қолма-қол ақшаны бақылау шотына есепке алу және оларды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкіндегі Үкiметтiң шоттарына тиiстi нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген тәртiптi сақтай отырып мерзiмiнде аудару;
- тиiмдiлiк – Ұлттық қорды тәуекел деңгейi орташа болған жағдайда ұзақ мерзiмдi перспективада активтердi сақтау мен кiрiстiлiктi қамтамасыз ету қажеттiлiгiне сүйене отырып басқару.
Ұлттық қордың қаражатын жинақтау бірқатар түсiмдердiң есебiнен жүзеге асырылатын болады. Атап айтқанда, мұнай секторы ұйымдарынан түсетiн тiкелей салықтар (жергiлiктi бюджеттерге есепке алынатын салықтарды қоспағанда), оларға корпоративтiк табыс салығы, пайдалы қазбаларды өндiруге салынатын салық, бонустар, экспортқа салынатын рента салығы, үстеме пайдаға салынатын салық, өнiмдi бөлу бойынша үлес және қызметiн өнiмдi бөлу туралы келісім-шарт бойынша жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылардың қосымша төлемi жатады.
Мұнай секторының ұйымдары жүзеге асыратын операциялардан түсетiн басқа түсiмдер (жергiлiктi бюджеттерге есепке алынатын түсiмдердi қоспағанда), оның iшiнде мұнай келісім-шарттарының талаптарын бұзғаны үшiн түсiмдер (жергiлiктi бюджеттерге есепке алынатын түсiмдердi қоспағанда).
Республикалық меншiктегi және кен өндiру және өңдеушi салаларға жататын мемлекеттік мүлiктi жекешелендiруден түсетiн түсiмдер.
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiн сатудан түсетiн түсiмдер.
Ұлттық қорды басқарудан түсетiн инвестициялық кiрiстер. Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де түсiмдер мен кiрiстер.
Iшкi рыноктағы ақша ұсынысы шамадан тыс болған жағдайда инфляцияның өсуiне жол бермеу үшiн, сондай-ақ табиғи ресурстарды экспорттаудан түсетiн кiрiстердiң Қазақстан экономикасының басқа секторларының дамуына керi әсерiн жою мақсатында Ұлттық қорда өзге де түсiмдер шоғырландырылуы мүмкiн. Ұлттық қордың ең жоғары мөлшерi шектелмейтiн болады.
Қаражатты пайдаланудың келесi онжылдыққа арналған жаңа тәсiлiне сәйкес, 2010 жылдан бастап 8 миллиард АҚШ доллары мөлшеріндегі кепiлдендiрiлген трансферт республикалық бюджетке тiркелетін болды. Шығыстардың басқа түрлерiн қаржыландыруға, соның iшiнде республикалық бюджетке нысаналы трансферттер бөлуге, мемлекеттік, квазимемлекеттік және жеке секторлар субъектiлерiнiң қазақстандық бағалы қағаздарды сатып алуға, заңды және жеке тұлғаларға кредит беруге, мiндеттемелердi орындауды қамтамасыз ету ретiнде активтердi пайдалануға тыйым салынады.
Ұлттық қордан республикалық бюджетке берiлетiн жыл сайынғы тiркелген кепiлдендiрiлген трансферттiң мөлшерi бюджет шығыстарының қалыптасқан құрылымы ескерiле отырып айқындалады. Бұл ретте кепiлдендiрiлген трансферт жобаларды инвестициялауды көздейтiн ағымдағы бюджеттік бағдарламалар мен бюджеттік даму бағдарламаларының шығыстарын қаржыландыруға бағытталады, олардың нәтижелерiн болашақ ұрпақ пайдаланатын болады.
Ұлттық қордың жинақтау функциясын орындау үшiн тиiстi қаржы жылының соңына IЖӨ-нiң болжамды мәнiнiң 20 пайызы мөлшерiнде азайтылмайтын қалдық белгiленедi. Бұл ретте кепiлдендiрiлген трансферттi жүзеге асыру үшiн Ұлттық қордың қаражаты жеткiлiксiз болған жағдайда азайтылмайтын қалдық лимитiн сақтау қажеттiлiгiне байланысты кепiлдендiрiлген трансферттiң мөлшерi тиiстi шамаға азайтылатын болады.
Тұтастай алғанда, Ұлттық қордың қаражаты тiркелген кепiлдендiрiлген трансферттi қамтамасыз етуге және басқару мен аудитке байланысты шығыстарды қаржыландыруға бағытталуы тиiс. Оның активтерiн басқару саясаты консервативтiк болып қалады. Сонымен қатар, Ұлттық қордың қаражатын басқару кезiнде инвестициялық операциялардың негiзгi мақсаттары сақтау, өтiмдiлiктiң жеткiлiктi деңгейiн ұстау, тәуекел деңгейi орташа болған кезде ұзақ мерзiмдi перспективада кiрiстiлiктi қамтамасыз ету болып табылады.
Ұлттық қор активтерiнiң ұйымдық құрылымы оның мақсаттарына сәйкес айқындалады. Ұзақ мерзiмдi перспективада Ұлттық қор активтерiнiң кiрiстiлiгiн қамтамасыз ету кiрiстiлiктiң қысқа мерзiмдi ауытқуын көздейдi. Ұлттық қордың активтерiн сенiмгерлiк басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық банкi, қызметiн жалпы үйлестiрудi Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңес жүзеге асырады.
Ұлттық қордың активтерiн орналастыру шетелдiк қаржы рыноктарында айналымдағы және Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңестiң ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiткен материалдық емес активтердi қоспағанда, рұқсат етiлген қаржы құралдарының тiзбесiне қосылған қаржы құралдарында жүзеге асырылуы тиiс. Бұл ретте шектеулер 2010 жылғы 1 қаңтарға дейiн сатып алынған, Ұлттық қор активтерiнiң құрылымында ескерiлетiн қазақстандық қаржы құралдарына қолданылмайды.
Ұлттық қордың қаражатын қарқынды жинақтау, сондай-ақ оның активтерiн тиiмдi басқару Қазақстан Республикасының орнықты дамуында маңызды рөл атқарады және мемлекеттік сектордың да, сол сияқты квазимемлекеттік сектордың да қарыз алуды дұрыс жоспарлауын және республиканың экономикалық қауiпсiздiгiнiң тиiстi деңгейiн қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қабылдауды талап етедi.
Осылайша, ұлттық холдингтердiң, ұлттық басқарушы холдингтердiң және олардың еншiлес компанияларының қарыз алуы мен мiндеттемелерiнiң барабар деңгейiн айқындау Ұлттық қордың жинақталған активтерi ескерiлетiн сындарлы тәсiлдi талап етедi. Үкiмет осы мақсатта ұлттық басқарушы холдингтер мен олардың еншiлес компанияларының борышын мониторинглеу мен бағалаудың тиiстi көрсеткiштерiн және осы ұйымдар сақтауға мiндеттi қарыз алу жөніндегі шектеулердi айқындайды.
Ұлттық қордың қаражатын пайдалану жөніндегі жаңа тәсiл квазимемлекеттік сектордың Ұлттық қордан облигациялық қарыздарды тарту мүмкiндiгiн жояды. Бұдан басқа, Үкiмет бюджет заңнамасында белгiленген шектеулер шеңберiнде Астана және Алматы қалаларының муниципалдық қарыз алуы арқылы жергiлiктi атқарушы органдар борышының өсуiн реттейтiн болады.
Ұлттық қор қаражатын үкiметтiк қарыз алумен алмастыруды болдырмау мақсатында мынадай шектеулер енгiзiлетiн болады:
- үкiметтiк борышқа қызмет көрсетуге арналған жыл сайынғы шығыстар Ұлттық қордың жыл сайынғы тiркелген шартты инвестициялық кiрiсiнiң 4,5 пайызынан аспауы тиiс;
- үкiметтiк борышқа қызмет көрсетуге және оны өтеуге арналған шығыстар онжылдық кезеңде орташа алғанда Ұлттық қордан берiлетiн трансферттi қамтитын бюджетке түсетiн түсiмдердiң 15 пайызынан аспауы тиiс.
Осы шараларды iске асыру Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының жұмыс iстеуiнiң және оның жинақтарын қалыптастырудың оңтайлы моделiн таңдаудың негiздерiн, инвестициялық стратегияны өзгертудi көздейдi және Қазақстан Республикасының заңнамасына өзгерістер енгізудi талап етедi. Осы мақсатта Ұлттық қордың қызметiн реттейтiн Қазақстан Республикасының тиiстi нормативтiк құқықтық актілеріне тиiстi өзгерістер енгiзiлетiн болады.
Бюджеттiң және Ұлттық қордың теңгерiмдiлiгi жөніндегі саясат осы онжылдықтың соңына ішкі жалпы өнімнің 3 пайызынан артық болмауға тиiс әрі мұнай өнімдеріне қатыссыз тапшылықты азайтуға, сондай-ақ кейiннен тек даму бюджетiн қаржыландыруға көше отырып, Ұлттық қордың қаражатын ағымдағы шығыстарға жұмсауды қысқартуға бағытталатын болады.
Осы айда егемен еліміздің тәуелсіз даму жолына түскеніне 20 жыл толады. Бұл жылдар – жасампаз істерге толы ғасырға бергісіз жарқын жылдар. Еліміз өркендеп, экономика дамыды, сәулетті елорда – Астана қаласы пайда болды. Қазақстан халықаралық қоғамдастықта беделді және қарқынды дамып келе жатқан мемлекеттер қатарына қосылды. Барша қазақстандықтар ел ертеңіне сеніммен қарайды. Оған нақты дәлелдің бірі – Елбасының Жарлығымен құрылған Ұлттық қор және оның мерейлі қызметі екені айқын.
Қазіргі уақытта, 2011 жылдың 1 қарашасына Ұлттық қордың қаражаты 7,5 триллион теңгенi немесе шамамен 50 миллиард АҚШ долларын құрайды.
2020 жылға Ұлттық қордың қаражаты 90 миллиард АҚШ долларына дейiн өсуi тиiс, бұл ішкі жалпы өнімнiң кемiнде 30 пайызын құрайды. Көзделген шараларды iске асыру республикалық бюджеттiң тұрақтылығын одан әрi қолдауға, экономиканы әртараптандыруға және мұнай кiрiстерiн ұрпақтар арасында қайта бөлуге ықпал ететiн болады. Осының бәрі ертеңгі күнге деген сенімді нығайтады, татулығы жарасқан қазақстандықтарды жігерлендіре түседі.
Қайрат ИЩАНОВ, Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары.