Бұл күнде еліміздегі жұмыс күші тапшы өңірлерді жұмыс күшімен қамтамасыз ету үшін қолға алынған бағдарламаның бұқараға берері көп. Әрі аталған бағдарламада өз еркімен қоныс аударуға жәрдемдесу есебінен аумақтық ынталандыру да қарастырылған. Өткен жылы осы бағытта жоспарлы шаралардың қолға алынуы нәтижесінде Жамбыл облысынан 54 отбасы еліміздің солтүстік облыстарына қоныс аударып, еңбекке қабілетті отбасы мүшелері тегіс жұмыспен қамтылған еді. Бұл күнде Әулиеата өңірінен солтүстікке және шығысқа қоныс аударған азаматтар сол өңірлерде өмір сүруде.
Жалпы, еліміздің солтүстік өңірлері биыл да оңтүстіктен келер көшті қарсы алуға әзір екен. Жуырда ғана Тараз қаласында өткен өңіраралық жәрмеңкеде Қостанай және Павлодар облыстарының өкілдері жамбылдықтарға бос жұмыс орындарын ұсынған болатын. Бұл орайда облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековтің айтуынша, еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру көзделген.
«Бір сөзбен айтқанда, еңбек нарығындағы сұранысы өте жоғары солтүстік және шығыс өңірлерін жұмыс күшімен қамтамасыз ету жолдары қарастырылған. Бос жұмыс орындарына бәсекелестік жоғары аймақтардан, яғни халқы тығыз қоныстанған Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Жамбыл облыстарынан тұрғындар солтүстікке көшіп барса, оларға тиісті әлеуметтік пакеттер беру, баспанамен қамту, жұмысқа орналастыру мәселесі толық қарастырылған.
Былтыр солтүстік облыстарға 54 жамбылдық отбасы қоныс аударса, биыл 34 отбасы – 159 адам көшіп барды. Қазір олардың еңбекке қабілеттілері жүз пайыз жұмыспен қамтылған», дейді әкімнің бірінші орынбасары. Ал облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, ағымдағы жылы Қордай ауданынан 17 отбасы, 78 адам, Шу ауданынан 3 отбасы, 9 адам, Байзақтан 1 отбасы, 4 адам, Тараздан 4 отбасы, 23 адам және Меркі ауданынан 2 отбасы, 12 адам, сонымен қатар Талас ауданынан 1 отбасы, 3 адам, Жуалы ауданынан 1 отбасы, 6 адам өзге өңірлерге қоныс аударған. Оларға тиісінше мүмкіндіктер де қарастырылған.
Аталған басқарманың көші-қон бөлімінің басшысы Айжан Әлімбекованың айтуынша, еліміздің солтүстік облыстарына қоныс аударған отбасылардың бәрінің бұл күнде жағдайы жақсы. Әлеуметтік қорғаудың әлеуетін сезініп отырған азаматтар лайықты жұмысқа орналасып, күн кешуде. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысына Жамбыл өңірінен 27 отбасы көшіп барған екен. Жиыны 126 адамды құрайтын отбасы мүшелері Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар, М.Жұмабаев, Мамлют, Аққайың, Тайынша, Шал ақын және Жамбыл аудандарының елді мекендеріне қоныстанып, жеке қаражат есебінен тұрғын үймен қамтылыпты. Және отбасы иелері мұнда «Наурыз 2030», «Андреевка» ЖШС, «Булаевский элеватор» АҚ, сондай-ақ «Виктория» шаруа қожалықтарына жұмысқа орналасқан. Сонымен қатар Павлодар облысына 5 отбасы, 22 адам қоныс аударған екен. Жамбыл өңірінен қоныс аударған азаматтар Павлодар, Екібастұз қалаларына және Лебяжі ауданына қоныстанған. Мұнда да қоныс аударушы азаматтар жалдық тұрғын үймен қамтылып, отбасы басшылары «Қазақстандық вагон құрылыс компаниясы», «Промсервис Отан» ЖШС-ға жұмысқа орналасыпты. Ал Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай және Шемонаиха аудандарына биыл 11 адамнан құралған әулиеаталық 2 отбасы қоныс аударыпты. Тараз қаласынан және Байзақ ауданынан келген отбасылар жалдық тұрғын үймен және жұмыспен қамтылған екен.
Әрбір азаматтың несібесі – кәсібінде. Бұл орайда өзге өңірлерге қоныс аударған жамбылдықтардың сол жерде кәсібін ашуға да мүмкіндігі бар екенін айта кеткен жөн. Тіпті жуырда өткен солтүстік облыстар тарапынан ұсынылған бос орындар жәрмеңкесінде талапкерлерге тиісті мәліметтің бәрі беріліп, мән-жай түсіндірілген еді. Сондықтан да биыл солтүстік өңірлерге қоныс аударушылардың көрсеткіші арта түсуі мүмкін.
Осы уақытқа дейін Жамбыл облысының Қордай ауданы Қордай ауылында тұрып келген Жарылғасыновтар отбасы биыл Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы Архангельск ауылына қоныс аударыпты.
Отағасы Сәбит Жарылғасынов сол ауылдағы егістік жұмыстарына атсалысып, жұмыс атқарған. Тіпті үш бөлмелі пәтермен қоса, бағдарлама шеңберіндегі қаражатын да алып үлгеріпті. Алайда жұбайы Жанна Әметованың айтуынша, Архангельск ауылында қазақтілді мектеп жоқ екен. Сондықтан да қазақ тілінде білім алып жүрген балалардың бірден орыс мектепте оқуы оңайға түспейді. Енді балаларының қазақ тілінде білім алуы үшін Жарылғасыновтар отбасы облыстың Тимирязев ауданы, Дзержинский ауылына көшіпті. Жанна Әметова жұбайы Сәбит Жарылғасыновтың сол мектепке жұмысқа орналасқанын жеткізді. Ендігі жерде бұл отбасы сол жерден шағын болса да кәсіп бастап, тірлігін тіктеу үшін жұмыс істеуге дайын.
Айта кетейік, Тараз қаласында өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде солтүстік облыстар тарапынан тұрғындар назарына мамандық түрлері бойынша бос жұмыс орындары мен көшуге болатын аумақтар ұсынылған еді. Бұл ретте жұмыс берушілердің де талаптары мен ұсыныстары тыңдалған болатын. Мәселен әр ауданнан келген тұрғындар тиісті мамандармен кеңесіп, өзге өңірлерге қоныс аударуға қызығушылық танытқан еді. Тіпті тұрғындарға қажетті құжаттар тізбесі мен телефон нөмірлері жазылған парақшалар да таратылған болатын. Ал жәрмеңкеге келген Тараз қаласының тұрғыны Айгүл Мансұрова солтүстік өңірлерге көшіп барып, сол жақта өзінің кәсібін ашқысы келетінін айтты. «Мамандығым мұғалім болғанымен, қосымша кәсіптік білім алдым. Сондықтан да солтүстік жаққа көшіп барып, сол жақта кәсібімді ашсам деймін. Бұл бағдарлама шеңберінде қандай мүмкіндіктер берілетінін бір танысым айтқан еді. Ол отбасымен өткен жылы Қостанай облысына көшіп кеткен. Қазір де хабарласып тұрамыз. Жұмысқа орналасыпты, тиісті көмектер түгел көрсетіліпті. Жағдайлары да жақсы екен. Енді мен де отбасыммен солтүстікке қарай көшсем деймін», дейді ол. Жәрмеңкеге келген азаматтардың көпшілігі өзге өңірлерге қоныс аудару мәселесіне қызығушылық танытып жатты.
Жалпы, көштің қазақ ұғымында үлкен маңызға ие екені белгілі. Адамдардың тағдыры, арманы мен үміті де көштің қалтарысында қалмай, алға шығуы шарт. Алайда бүгінгідей бейбіт заманда Алатаудан басталып, Алтай мен Арқаға аялдаған көштің мазмұны ерек. Елімізде қолға алынған «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» шеңберінде тұрғындарды оңтүстіктен солтүстікке көшіру мәселесі тәуелсіз ел тарихындағы тағы бір белес, салиқалы саясат. Ал Қаратаудың басынан құлаған көш бағзыдағыдай «Елім-айлап» емес, егемен еліміздің ерекше бастамаларына қолдау болып табылады. Атырау – Арқа, Алатау – Алтай, қазақтың төрт құбыласы. Жердің жаттығы, елдің бөтендігі жоқ. Мұндайда қазақтың «Көш көлікті, іс өнікті болсын!» дейтіні бар...
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы