12 Желтоқсан, 2011

Отандық арналарға ортақ шаңырақ

396 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Елбасының қатысуымен сенбі күні Елордада пайдалануға берілді Еліміз Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қар­са­ңын­да Астана қаласында көпшіліктің қуаны­шы­на айналған көптеген нысандар ашылуда. Сондай жүрекжарды жаңалықтан журналистер қауымы да қалыс қалған жоқ. Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев Астанадағы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компанияның басты офисі жанынан орын тепкен «Қазмедиа орта­лы­ғы» құрылыс нысанының аяқталуына байланысты оның тұсауын кесті. «Қазмедиа орталығының» құ­ры­лысы 2010 жылдың 8 жел­тоқ­санында басталған болатын. Жаңа телеорталықтың тапсырыс берушісі – «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ, ал бас мердігері «Сембол Улус­ла­ра­рысы» компаниясы. Жалпы аумағы 75 500 шаршы метрді құрайтын «Қазмедиа орталық» ғимаратының барлық техноло­гия­лық алаңдары «Sony», «Om­neon», «Dalet», «Pharos», «Ever­ts», «Apple», «Avid» сынды әлем­дегі озық өндірушілердің соңғы өнім­дерімен жабдықталған. Н.На­зар­баев «Қазмедиа орталығы» жаңа телерадиокешенін аралап көрді. Мемлекет басшысына қа­зіргі заман талабына жауап беретін жаңа медиаорталықтың мүм­кіндіктері мен келешегі туралы Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев баяндап берді. Ел­ба­сыға сондай-ақ теле­се­риал­дарды түсіруге арналған  ап­параттық студиялық кешен, жа­ңалықтар мен телебағдарламалар студия­лары, симфониялық оркес­трл­ердің концерттерін жазуға мүмкіндік беретін студия және синхрондық аударма жасау жүйе­сімен қамтамасыз етілген киноконцерт кешені көрсетілді. Бұрын мұның барлығы да екі-үш студияда орындалып, тақы­ры­бына қарай үнемі  өзгеріп, әу­ре-сарсаңға салатын. Бұрындары телестудияларды түсіру үшін жарық, декорациялық құрал-жаб­дықтар, жылжымалы стансалар сырттағы түсірілім алаңдарына та­сылып жататын болса, енді мұның барлығы да кешеннің өзінде жүзеге асырылады. Соны­мен қатар, мерекелік шаралардың өзін де студияларда атқарып, оның сапалы да көркем етіп кө­рерменге жол тартуына қол жет­кізіліп отыр. Медиа-орталықтың 22-қабатында екі панорамалық студия (Sky Studio) орналасқан. Бұл студияларда тікелей эфир жүргізу немесе бағдарламалар тү­сіру кезінде елорданың тамаша көрінісін панорама ретінде пай­далануға болады. Астана көркін жоғарыдан тамашалауға мүмкіндік беретін осы бір панорамалық студияға жи­налған бұқаралық ақпарат құ­рал­дары өкілдерін құттықтауға келген Елбасы былай деді: «Тәуел­­сіздігіміздің 20 жылы ішін­де бұқаралық ақпарат құрал­дары­ның егемендігімізді баянды етуде сіңірген еңбегі ұшан-теңіз деп санаймын. Осындай ғимарат салу көптен ойда жүрген. Мінеки, мұ­ның да сәті түсті. Көп жоба­лардың ішінен осы таңдап алын­ды». Осылай деп сөзін сабақ­та­ған Нұрсұлтан Әбішұлы мұнда орнатылған әлемдегі ең озық деген құрал-жабдықтарды сатып алуға 33 миллиард теңге жұм­салғанын тілге тиек етті. Алматыда қалған телеар­на­лар­ды көшіріп әкелу мәселесі де назардан тыс қал­майды. Жаңа кешенге «Хабар», «Caspionet», «Қа­зақстан», «Балапан», «Мир» мем­лекетаралық те­лерадио­ком­па­ния­сы», «Первый канал Евразия» және «Мәдениет» телеарналары, сондай-ақ «Қазақ радиосы», «Шал­қар» және «Астана» ра­дио­лары орналасады. Бұ­дан басқа телеорталықта «Білім» және «Хабар-24» тақырыптық ар­на­лары­ның редакциялары жұмыс істейді деп күтілуде. Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары басшыларына қаратып, қызықты бағдарламаларды шеттен ала бермей, Қазақстанның өзінде жа­сауға қол жеткізу тиімді екенін көлденең тартты. «Қазақстан» республикалық телерадио кор­по­ра­циясы»  АҚ басқарма төрайы­мы Нұржан Мұхамеджанова мен «Хабар» агенттігі» АҚ басқарма төрағасы Айдос Үкібаев бастаған басшылар тобы Елбасыға риза­шылықтарын жеткізе отырып, көрермендер көңілінен шығатын дүниелерді әзірлеуге дайын екендіктерін білдірді. Орайы келгенде Мемлекет басшысы Сенат тарапынан қа­былданған «Халық Қаһарманы» атағын беру туралы Заңға өзінің қол қоймайтындығын мәлімдеді.  Мемлекет басшысы өзіне еш­қандай марапаттың қажет еместігін айта келіп, егер марапатты қабылдасам, онда болашақ президенттерге қандай үлгі қал­ды­рамын дей келіп, өзі үшін Қа­зақстан халқының 95 пайыз дауыс беріп, президенттікке қай­та сайлауының өзі үлкен марапат екенін атап көрсетті. Ал Тұңғыш Президент сайланған 1 желтоқ­сан күнін «Президент күні» деп атауға қарсы еместігін білдірді. «Ондай даталы күндер әлем тәжірибесінде бар», деді аталған мәселеге қатысты Елбасы. Бұқаралық ақпарат құралдары елдің бәсекеге қабілеттігін арт­ты­руға серпін қосатын сала болып табылады. Елдің қол жеткізген табыстарын көрсетіп, адамдарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, мәде­ниетті дамытуға үлес қосу, өс­кін­дер тәлім алатын бағдарламалар жасау осы саланың басты міндеті болғандықтан, мемлекет осындай қадамға барып отырғанын білдірген ел Президенті қазіргі заман қондырғыларымен жарақталған студияларда қалаған  телесериал­дар­ды түсіруге болатынын да қаперге салды. Мәселен, «Голливудта» көптеген фильмдер сту­дия­ларда түсіріледі. Қазақстанды және оның тұрғындарының қол жеткізген жетістіктерінен әлем хабардар болуы тиіс. «Біз соған лайықпыз. Жиырма жыл ішінде жүз жылға татырлық істер ат­қарылды. Біз әлемде танымал бола бастадық, бізді алда үлкен жоспарлар күтіп тұр», деді Мемлекет басшысы. Сөз соңында «Қазмедиа орта­лы­ғының» барлық техноло­гия­лық алаңы әлемдік жетекші  өн­дірушілердің жаңа өнімдерімен жабдықталғандығын айта кеткен жөн. Сондай-ақ кешеннің өнді­рістік базасын бірыңғай заманауи технологияға және айқындығы жоғары (HD) пішінге сай келтіру жоспарланған. Президент сондай-ақ Бейбітшілік және келісім сарайында өткен, елорданың Астана қала­сына көшірілу күніне арналған концертті тамашалады. Астана егемен Қазақстанның басты сим­волына, оның мақтанышы мен зор жетістігіне айналды. Концерттік бағдар­ламаға Қазақстан астаналарының жүріп өткен жолы баяндалды. Сонымен бірге, бағдарламаға патриотизмді, елор­даға, Қазақстанға деген сүйіс­пеншілікті жырлайтын шығарма­лар енгізілген. Концертке қазақ­стандық эстрада жұлдыздары қатысты. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.