13 Желтоқсан, 2011

Тәуелсіздікпен құрдас мектеп

450 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Егемен Қазақстанның» арнайы жобасы: Жасампаздық жемістері

Жиырма жылдың ішінде атқарылған игі істердің арқасында әрбір өңіріміз өзгеріп, өміріміз жақсарып келеді. «Егемен Қазақстан» газеті осындай өркенді өзгерістерді бейнелейтін материалдарды тұрақты жариялап тұрады.   Төменде Ақтөбе облысының Қандыағаш қаласындағы №4 қазақ орта мектебінен  фоторепортаж беріліп отыр. 1988 жылы Шилісай руднигінің қаржы­лан­дыруымен қазіргі Қандығаш қаласында іргетасы қаланған №4 қазақ орта мектебі 1991 жылы тамыз айында пайдалануға берілді. Бұған дейін аудан орталығында бірде-бір қазақ мектебі болмағандықтан бұл тәуелсіздіктің алтын күрек самалымен мүмкін болған жағдай екені айтпаса да түсінікті. Мұғалжарлықтардың тәуелсіз­дік­пен келген бұл қуаныштың игілігін көргеніне де тура 20 жыл болып отыр. Бұл мектептің таза қазақ орта мектебі болып ашылуына аса зор еңбек сіңірген ұстаз Камалхан Қуанов болатын. Ол 1991-1997 оқу жылдары мектеп директоры қыз­метін абыроймен атқарды. ҚР  «Білім беру ісінің үздігі», Ы.Алтынсарин медальдары­ның иегері өз ортасында сыйлы іскер басшы болды. Одан кейін әр жылдары мектепті басқарған Әбдімұрат Коргулин, Бек Байболов білім ордасының материалдық-техни­ка­лық базасының жақсаруына, білімді де білікті ұстаздар қауымының қалыптасуына ұйытқы болды. Білім берудің озық әдістерін енгізуде бастамашылдық көрсетті. Директорлық эстафетасын ұстаған Есім­хан Шымқаев та алдыңғы толқын аға­лары салған жолды лайықты жалғасты­рып, оған өзінің ізденісті басшылық, ұйым­дастырушылық шеберлігімен үлес қосып келеді. ҚР «Білім беру ісінің үздігі» Есімхан Әбенұлы көп жылғы еңбегінің нәтижесінде мектептің 2010-2011 оқу жы­лын­дағы қорытынды көрсеткіштерінің жо­ғары болуына байланысты Ыбырай Алтын­сарин атындағы медальді иеленді. 1991-2006 оқу жылдары ішінде аталған басшылармен қанаттас тынымсыз еңбек етіп, оқу-тәрбие жұмыстарын жандан­дырып дұрыс жолға қоя білген, оқытудың жаңаша әдіс-тәсілдерін жетілдіруде жақ­сы бастамалар көтерген, ұжымның бір­ауыз­дылығы мен ұйымшылдығын сақтап, жаңалықтың жаршылары болған оқу- тәрбие істері бойынша мектеп дирек­тор­ларының орынбасарлары Светлана Көшер­баева, Шолпан Мәмбетова, Күләш Сүйін­ғарина, Ақмарал Айдарова еңбектерін аса құрметпен атап өткен жөн. Олар әдіс­темелік жұмыстарды, мәдени шараларды, тәрбие сағаттары мен сайыстарды ашық сабақтар мен семинарларды жоғары дәре­жеде ұйымдастырудың шеберлері болды. Оқу ісінің орынбасарлары Светлана Көшербаева мен Шолпан Мәмбетованың жаңашылдық іс-тәжірибелері аудан, облыс көлемінде таратылып, 1998 жылы ҚР «Білім беру ісінің үздігі» төс белгісімен мара­патталды. №4 қазақ орта мектебінің абы­ройын асқақтатуға атсалысқан ұстаздар – ҚР «Білім беру ісінің үздігі» Күлзада Ораз­ғалиева, еңбек ардагерлері Амангүл Ерқа­сымова, Ілгек Құлтаева, Рая Турниязова, Қа­ли­ма Есенаманова, Жұмасұлу Жү­сіпова, Аль­фира Нагимова, Баян Көшкім­баева, Дәмежан Медетова, Әнуза Нұрма­ған­бетова зейнеткерлік демалысқа осы мектептен шықты. Сол кездегі жас мамандар Гүлмадина Обайдуллина, Фарида Қо­жа­това, Айсұлу Достанова, Фарида Қадыр­құлова, Гүлайым Қа­риева, Райса Хайырлиева бүгінгі күнге дейін жаңашылдықпен еңбек етіп келеді. Қазіргі таңда оқу-тәрбие жұмыстарын түрлендіріп, жан-жақты жетілдіріп, сабақ берудің әдіс-тәсілдерін жаңашаландыру ұстаздар ұжымының негізгі мақсаты. 1041 бала оқитын мектепте 117 мұғалім жұмыс істейді. 20 мұғалімнің жоғары, 50-інің бірінші, ал 26-сының екінші біліктілік санаты бар. Соңғы 3 жылдың қорытындысы бойын­ша 17 ұстаз облыс әкімінің «Үздік ұстаз» марафон-байқауының жеңімпаздары болып, олардың әрқайсысы 120 000 теңге грант иегерлері атанды. Мектепте лингафондық, мультимедия­лық, компьютерлік, интерактивті тақта­лы, жаңа құрылыммен жабдықталған физика, химия, биология дәрісханалары бар. Сондай-ақ, 2008-2009 оқу жылынан бастап мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған коррекциялық сынып ашылып, балалар талапқа сай дәрісханада білім алуда. 2010-2011 оқу жылында 63 түлектің екеуі «Алтын белгі» және екеуі «Ерекше аттестат» иегерлері атанды, 9 түлек грантпен оқуға түсті. Мектеп ҰБТ-дан орташа 93,9 балл көрсеткішін, ал таңдау пәндері бойын­ша 100 пайызды көрсетіп, қалалық мектептер арасында бірінші орынды иеленді. Рес­пуб­ликалық және облыстық пәндік олимпиадаларда, сондай-ақ өнер байқау­ларын­да, спорт жарыстарында жеңімпаз болып жүр­ген мектеп шәкірттері жетерлік. Мұндай жоғары көрсеткішке жету ұжымның ауызбірлігін, пән мұғалімдері мен сынып жетекшілері Гүлайым Кариева мен Райгүл Масабаева, Салтанат Карибектің үлкен жауапкершілікпен жұмыс істегенін көрсетті. «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» жастар марафон-эстафетасына 350 оқушы қатысты. Нәтижесінде өткен оқу жылында «Ең үздік білім беру мекемесі» деп танылып, мектеп жеңіл авто­көлікке ие болды және аудан әкімі Серік Шаңғұтов­тың сыйлығы – факс тап­сы­рылды. Мұның барлығы да мектеп ұжы­мы­ның бір кісідей ұйымшылдығы және білік­тілігінің нәтижесі. Арнайы бетті дайындаған «Егемен Қазақстан» газетінің Ақтөбе облысы бойынша меншікті тілшісі Сатыбалды СӘУІРБАЙ.