13 Ақпан, 2010

ЗАМАН МЕН АДАМ АРАСЫ...

5495 рет
көрсетілді
29 мин
оқу үшін
Байыбына бара бермейтін тұста: “Ой, өтіп бара жатқан заман-ай! Күні кеше ғана солай еді, бүгін былай болып тұр. Ол да бір дәурен екен-ау?!.”, деп басталатын қарттардың құптағаннан гөрі қынжылысы басым, бас шайқай айтқан сөздерін жиі болмағанымен, оқта-текте еститінбіз. Жастықтың жалынымен желпіне желігіп жүргендіктен шығар, қайран қалатынбыз да қоятынбыз. Сөйтсек, ол сөздерді айтқызатын да өмірдің өз заңдылығы бар екен. Ол “ертеңгі тірлік кешегіден де сәнді, бүгінгіден де мәнді болса екен” дегенге саятын өсіп-өркендеу заңы екен. Үміттерін үкілеп, армандарын аялай биік межелерге беттеген адамзат баласының ортақ даму заңы екен ол. Ендеше, ондай әлемдік өркен жаюдан атам қазақ қалай қиыс қалсын? Кешелі-бүгінгі тірлігінің өзін “Баяғы өткен заманда...” деп басталатын ертегі-аңыздарға ар­қау етіп, тұспалдап жеткізе біл­ген жұрт замана тынысын қалт жібермей танып отырғаны дау­сыз. Қай заманда да халық­тық қалпын, ұлттық салтын жоғалт­пай, қазіргі таңға жеткізуі де со­ның айқын айғағы болса керек. Сол айтпақшы, баяғы өткен заманда бес қаруын бойынан тастамайтын бір батыр бабамыз болған екен. Жаугершілік заманда әбден запыс болып қалған ол тыныштық кезде де түс қайта ауылдың іргесін бір шолып қайтуды дағдыға айналдырыпты. Жыл өткен сайын жаңағы бабамыздың да жасы ұлғайып, денесі ауырлап, санасы самарқау тарта бастаған ғой. Қасиетіңнен айна­лайын, бейбіт күн десеңізші, келе-келе бабамыз енжар, бойкүйезге айналады. Марғау тарта бастаған атының үстінде мызғып кететін күйге жеткен көрінеді. Сондай күндердің бірінде түстеніп, семіз жас етке тойып, қымызға қанып, ат үстінде қалғып кеткен екен, аяқ астынан дүбірлеген тұяқтың үні естіледі. Қанша дегенмен, түсі қашып, түн қатып, жорықта жортып үйренген сардар емес пе, айылын жия қояды. Қараса, қап­талынан жіптіктей бір жауынгер қаннен-қаперсіз құйғытып өтіп барады дейді. “Өй, жардай болып отырған маған қайырылып сәлем бермей, жанай өтіп бара жатқан бұл қай көргенсіз?!” деп ашуға булыққан бабамыз “Жолың болғырды бір тәубесіне келтірейін!” деп соңынан алып-ұрып жетеді. Тіпті, таяп келіп қалады. Жіптіктей жауынгер болса, бұрылып та қарамайды. Астындағы атын тайпалта желдірген күйі кетіп барады. Бабамыздың қаны тіпті қараяды. Тақымындағы шоқпарын шолтаңдатып, енді сілтей бергенде... не болғанын өзі де білмейді: таянар тіреу, аяқ тірер тұғыр таппай, аспанда ауа қармап, салбырап тұрғанын бір-ақ аңғарады. Жаңарақта ғана тоя жеген асы аузына тығылып, тынысы тарыла бастағанда жіптіктей жауынгер найзасын төмен түсіріп, сырыл­даған сардарды немқұрайды сілкіп тастай­ды. Намыстанған қарт тарлан тұра ұмтылмақ болған екен, жіптіктей жауын­гер кеудесіне найзасын тіреп тұрып: – Ағасы, айып етпеңіз, асығыс едім, – дей берген екен, бабамыз бастырмалата сөзін бөліп: – Ей, сен кімсің өзің? – дейді тұтығып. – Ағасы, оны кейін біле жатарсыз, асығыспын. Тек бір айтарым: жалғыз жортқанға жосықсыз ұрына беруге болмайды. Ол “қашып құтыламын” деп не астындағы атына сенеді, не “бірлі-жарым жауға алғызбаймын” деп өз күші мен ептілігіне сенеді...”, – деп тақымын­дағы кербестіні көсілте тайпалтқан күйі, артына қайырылып қарамастан кете барыпты. “Сырын білмеген аттың сыртынан жүрме” деген де. Әйтсе де, бұл тағылымды тәмсілді біз “Әр нәрсе өз заманында” дегенге саятын тұжырыммен де жылы жаба салудан аулақ­пыз. Өйткені, оның артында “Қарт­тық­ты құрметтеу” деген үлкен проблема­ның құлағы қылтиып тұр. Көптеген батыс елдерінде: “Бұлар – еш нәрсе өндірмейді, салық төлеушілердің ақшасына алшаң басып жүрген арамтамақтар”, деп егде адамдарға өшігудің өршіп бара жатқаны елеңдетпей тұра алмайды. Соның салдарынан әрі “теңдік” деген сөзді теріс түсінуден де біраз келеңсіздіктер орын алып жатқаны жасырын емес. Алысқа бармай-ақ, күнделікті көпшілік көлігіндегі мына бір жайды көз алдыңызға келтіріңізші: орын жоқ, қария бүгіліп әзер тұр. Алдындағы орындықта жасөспірім міз бақпай отыр. Бұрындары байқамаған болып немесе ұйықтап отырғандай көздерін жұма қоюшы еді. Қазір өйтпейді. Бадырая қарайды. “Сен алған билетті мен де алғанмын, екеуміздің құқымыз тең” дегенді аңғартқысы келгендей, масаттана­тынын қайтерсің?! Ол енді мүлде бір басқа әңгіменің тақырыбы ғой. Дегенмен, ойын да, бойын да бейқам түзеп жүрген жастарымыздың болашағына бола алаңдап жатқанымыз да. Болмаса, өмір бойы қал-қадерінше еңбек сіңірген егде адамды жаңа келген жас бастықтың: “Сізді тарихи экспонат ретінде сақтап отыра алмаймыз, ор­ныңыз­ды жастарға босатыңыз”, деп зей­нет­керлігіне екі-үш жыл қалғанда жұмыстан шығарып жібергенін естігенде, бұл заман талабы деп бейтарап отыра аламыз ба? Осының бәрі айналып келгенде, пенде-пақырдың “дүние жалған, өтеді де кетеді, сондықтан достың көңілін қалдыр­ма; айырылмастай досыңа қайырылмастай сөз айтпа; қайта кірер есігіңді қатты серіп­пе; суын ішкен құдыққа түкірме” дегенге дендейтін, мың сан рет қайта­ланған қанатты қағидаларға құлақ асып, мағынасына мән бермеуімізден. Болмаса, онсыз да қиын тірлікте болмас нәрсе үшін, тіпті, кейде бекерден бекер-ақ, ай­на­лаңдағы аралас адамдардың жүйкесіне салмақ түсіріп, патша көңіліңе қаяу салудың қажеті қанша? Қызметтес я дәмдес адамыңды өсек-аяңға таңып, көзіне күлегештеп, сырт айнала беріп ғайбаттаудың неменеге керегі бар? Бар болса, көре алмай, жоқ болса, бере ал­мауы­мызға не жорық? Боқ басып тұрып, шоқ басқанға күлу кімді көгертпек? Керісінше, мүмкіндігіміз келсе, қам­қор қолымызды созып, қайырым­дылық жасап, келмей жатса, бір ауыз жылы сөзімізбен болса да бауырмалдық таныт­сақ, қане?! Кеңсеге қамалған қыз­метшілерден тартып, ала дорба арқалаған ағайындарға дейінгі аралықта нұрға зәру күнбағыстай аялы алақан мен жылы сөзге зар болып жүрген бауырларымыз аз ба? Заманның салмағынан еңсесі езіліп, алды-артын аңдай алмай адасып жүрген қандасымыз қанша? Міне, қай кезде де қадір-қасиетін жоймайтын адамгершілік мәрттіктің мылтықсыз майданы. Тағы да ұлы Абайға құлақ түрейік: “Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бәрі бос”. Қандай істің де айналаңа деген мейіріміңнен, сыйласты­ғыңнан, сүйіспеншілігіңнен бастау алғанда ғана байыз табатынын бұдан артық етіп қалай айтпақпыз?! Иә, заман үрдістерімен үндес болу дегенді көпшілігіміздің “амалын тауып, алып қалмен” шатастырып жүргеніміз де шындық. Кекіріп тұрып: “Заманың түлкі болса, тазы боп шал”, дейтіндерді жиі кездестіретініміз сондықтан. Тек табан ақы, маңдай термен тапқанын кертіп жеп, кекіріп тұрса, сөз басқа. Ол байлығында – обал, дүние-мүлкінде – нақақ көздің жасы болмаса екен дейміз де баяғы. Осындайларды ойлағанда ертеректегі бір кейуананың кейпі көз алдымызға келе қалатыны бар. Жарықтық алдынан шыға қалсақ, тұрып қалатын. Бүкіл ауыл-ел сыйлап, алдынан қия өтпейтін әжейдің жолын қайтіп кесерсің: “Әже, жүріңіз, өтіңіз”, деп бәйек боламыз. “Еркек баласың ғой, сен өтіп кет, құлыным”, деп қозғалмаушы еді. Сол 70-80 жастағы кейуананың жеті-сегіз жасар ұлды өткізіп жіберуінде қазақтың педагогикалық тәрбиесі де, қартын қадірлеген моральдық кодексі де, ер-азаматын құрметтеген салт-дәстүрі де, түптің-түбінде гендерлік саясаты да менмұндалап тұрған екен-ау?! Бабаларымыз соның бәрінің байыбына барып, ізін басар ұрпағының бойына сіңіруге тырысқан-ақ екен-ау?! Ертеңгі нәтижесі мен олай етпегендегі салдарын пайымдай алған екен-ау! Демек, даусыз дана халықпыз. Алайда, даурықпа даңғазалығымыздан жаныңның ашымауына амал жоқ. Сол баяғы Абай көрген азаптан әлі де арыла алмағанбыз. Әрі оған заман ғана кінәлі дей алмайтынымыз да ақиқат. * * * Оқта-текте түрлі революциялық төң­керістер мен табиғи апаттардың сілкілеп өтетіні болмаса, адамзат қоғамы қай заманда да эволюциялық даму даңғылын­да. Алғашқы тас қарудан бастап, бүгінгі керемет ғылыми жетістіктерге дейінгі жүріп өткен жолымыз осының куәсі. Алайда, адамның дене еңбегін мейлінше ой еңбегіне айналдыруымен бірге, адамгершілік арналары кейінге шегініп, алаяқтықтың алға оза бастағанын да байқау қиын емес. Бір кездерде адамды алақанға көтертетін батылдық, батырлық, ержүректік сияқты асыл қасиеттерді бүгінде ақымақтық санайтындар көбеюде. Ардың ісі аяққа тапталып жататын жағдайлар да жеткілікті. Бастапқыда “шекіспей бекіспейтін” ер азаматтар артықшылығын жекпе-жекте сынайтын. Әуелі атқа мініп, бес қарудың күшімен шешілетін бетпе-бет, келе-келе семсерлесуге, одан соң тапанша алып дуэльге шығуға ұласқан. Өркендей келе, арызбен “атысуға” көштік. Ал, қазір алпам­садай нар жігіттерді шілпиген шибұт­тар тасада тығылып жатып-ақ сұлата салады. Заманалар санаға да, салт-дәстүрге де осылай әсер етеді. Оның, әрине, объективті де, субъективті де себептері аз емес. Оған әр замандағы алуан қоғамның өзіндік идеологиясын қосыңыз. Тым алысқа бармай-ақ, күні кешегі кеңестік кезең мен коммунистік идеологияны алайықшы. Азамат соғысы мен ұжымдас­тыру кезеңдері корчагиндер мен морозов­тарды тудырса, екінші дүниежүзілік соғыс жуковтарды, мересьевтер мен матросов­тарды мадақтады. Одан соң тың игеру­шілерді паш етіп, мекен-жайсыз мәңгүрт­тікті мойындатуға күш салғанымыз ұмытыла қойған жоқ. Ол оқиғалардан қазақ халқы да тыс қала алмайтыны былай тұрсын, негізгі ауыртпалығын арқалағандардың алдыңғы сапында тұрғаны да рас. Әйтсе де, өткенге көз жұма қарап, күл шаша беруге де болмайды. Әр заман өз қаһармандарын да тудырмай тұра алмайды. Жамбыл мен Әміре, Қаныш Сәтбаев пен Ахмет Жұ­банов, Күләш Байсейітова мен Әзірбай­жан Мәмбетов, Мұхтар Әуезов пен Ғабит Мүсірепов, Бауыржан Момышұлы мен Талғат Бигелдинов, қос жұлдызды Жазылбек Қуанышбаев, Ыбырай Жақаев, Нұрмолда Алдабергенов сынды қазақтың біртуар асыл ұлдары мен қыздары нақ сол уақыттардың перзенттері. Ендеше, оларды “запыранды заманның” адамдары” деп жазғырып, “солақай саясаттың сойылын соққандар” деп кінәлай аламыз ба? Олай ете алмаймыз. Өйткені, олар заманды таңдаған жоқ. Керісінше, заман оларды таңдады. Сондықтан да олар заман зауалдарынан жоғары тұр. Ендеше, оларды мақтан етеміз, олармен мақтана­мыз! Жалпы, адамзат баласы бастан кешір­ген тарихтың қалың бөлігі, сол тарихты тербеткен замандар түгел дерлік сұрапыл соғыстардан сомдалар еді. Сондықтан да ежелгі Рум мен Спарта­дан бастап күні кешегі қазақтың қаһарман баһадүр-батырлары, жанкешті жауынгер­леріне дейінгі аралықтағы қол бастаған көсемдер және сөз бастаған шешендер хақындағы небір шежірелер шілтерленген. Алпамыс пен Қобыланды, Қамбар мен Тарғын туралы жасын жырлар, хисса-дастандар соның айқын айғағы. Әрі ол маржан-мұралар ұлтымыз­дың ұлан-ғайыр аумағындағы талай-талай тарланбоздар­дың асқақ рухын тәрбиелеуге айтарлықтай үлес қосып қана қойған жоқ, жігерін жанып, намысын қайрап, отаншыл жүректеріне от беріп келеді. Ал сол соғыстар арасындағы тарихи қас-қағым сәттік бейбіт күндерде адамзат атаулы руханият әлемі мен өнер өлкесіне сартап сағынышпен саяхат шегіп отырған. Отты, дөңгелекті, атқа міну мен жазу-сызуды меңгергеннен кейін-ақ өркениет көші өрге тарта берген. “Көзіңді ашып-жұмғанша алыстан хабар алдыратын” бүгінгі күннің шындығы – сол даму даңғылының дәлелі. Расында да, қазіргі заманда адам жанынан басқаның бәрін біліп, түсін түстеп, өңін танып қойған жоқпыз ба?! Өкінішке қарай, өтіп жатқан замандар тек өркенді өзгерістер енгізбейді. Не бір қисынсыз, қарадүрсін, тіпті қарақшылық қантөгістердің талайына қарт тарих куә. Кейбір кеудемсоқтық пиғылдардың өтеуі ретінде бүтіндей ұлыстар мен ұлттардың, мызғымастай мемлекеттердің, ол-ол ма, тұтас өркениеттердің жер бетінен мүлдем жойылып кеткенін білеміз. Канкиска­дорлар, крест жорықшылары, Ку-Клукс-Клан, Америка үндістерін қырушылар сияқты кландардан тартып Кир, Македонский, Шыңғысхан, Наполеон, Гитлер, Сталин, Пол Пот секілді атын шығару үшін жер өртеп, замандарын зар қақсатқан, сөйтіп, қан құстырғандардың тізімін де тарқата беруге болады. Алайда, мақсат олардың аты-жөнін түгендеуде емес. Тарих тағылымы олар­дың бағасын баяғыда-ақ беріп қойған. Құнын құнттап қана қоймай, әрбір солақай сілтенген сойылдың сұмдық салдары туралы: көздің көр топыраққа ғана тоятындығы, о дүниеге өзіңмен бірге ешнәрсе де алып кете алмайтының, кез келген жазықсыз жапа шегушінің обалы мен сауабының болатындығы хақында өміршең өсиетнамалар да өрілген. Ал, сол ащы шындықтардан тиісті сабақ ала алдық па, алмадық па, ол басқа әңгіме. Ол әрбір келесі заманның, қоғамның, ұрпақтың түсінік-түйткілі мен парасат-пайымына, мақсат-мұраты мен іс-әрекетіне сын. * * * Есін жиып, етегін жапқалы бері де бұл қазақ қандай құқайды көрмеген? “Жөргегінде танысып мұң тілімен, мың өліп-мың тірілген” қазақ емес пе еді? Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманды армандай жүріп, “Мына заман қай заман, қай-қай заман?!.” деп құса болған да, ит басына іркіт төгілген тірлікті көзі көріп, ұшып-қонған да – осы жұрт. “Дүние мен мүлкіңді жақсылап бір шашу үшін жинайтын” тойшыл халық бола жүріп, “Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы” дегенді айта алуға өресі жеткен ойшыл да халық екенін дәлелдеген елдің ерен ұрпағымыз біз. Жердің оты мен желдің өтін бағып өмір сүргендіктен, табиғат тынысы мен үндестік өріп, замана ағысынан салт-дәстүрін көріп өскен өркенді елміз біз деген! Ал, бүгінгі заман қазаққа қай қырынан қарап тұр? Ежелден еркіндік аңсаған еліміздің қазіргі замандағы да, барлық жүріп өткен жолындағы да ең басты оқиғасы – осыдан он сегіз жыл бұрын өз тәуелсіз­дігін жариялауы. Бұл – тарихтың да, тағдырдың да тартуы. Бөрікті аспанға атып, жаһанға жар салатын; ақ түйенің қарнын ақтарып тастап ән салатын құбылыс. Әрі оны дәлелдеп иә түсіндіріп жатудың өзі артық. Ендеше, тәуелсіздік қазаққа не берді, қазақ тәуелсіздіктен не түйді деген төңі­рек­тегі пікірлердің бір парасын пайымдап көрейік. Тәуелсіздік жер жүзінің жалпақ жұрты­на Қазақстан деген елдің қазақ деген ұлттың бар екенін паш етті. Әлем­нің барша мемлекеттері дерлік елімізді таныды, мойындады. Сол тәуелсіздіктің арқасында өз қолы­мыз өз аузымызға жетті: мемлекеттік рәміздерімізді белгілеп, тіліміз бен ділі­мізді айқындадық, төл теңгемізді айна­лым­ға ендірдік, шекарамызды межелеп, астанамызды көшірдік. Дүниенің мойындағаны емес пе, ірілі-ірілі халықаралық форумдар өтетін болды қасиетті қазақ топырағында. Өйткені, солардың көпшілігінің бастамашысы өзіміз болып отырмыз. “Жер шарында сондай да жұрт бар екен-ау?!” деп елеп көрмеген көне Еуропаңыз төріне шығарып, төрелік айтқызып отырса, мойындағаны емес пе?! Арыға бармай-ақ, өткен жылға көз жібертсек, бүкіл әлемдік деңгейдегі екі іс-шара өтіпті. Біріншісі – Алматыда өткен Халықаралық туризм форумы. Екіншісі – Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ІІІ съезі. Биылғы жыл Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуімізбен айқындалып, тарихымызға алтын әріптермен жазылатын болады. Келесі жылы қысқы Азия ойындары өтеді Қазақстанда. Тұрмыс тағы да түзеле жатар. Ең бастысы, азаматтарымыздың санасындағы соны өзгерістердің орны өз алдына бір төбе. Дәуірлер бойы діттеп-дендеген құлдық психологиядан арылудамыз. Көкірегімізде көмескіленіп қалған өз “меніміз” атой салып, алға шыға бастады. Өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанды. Өркениет өлкесіне көппен бірге көш түзедік. Ол – көрікті де көлікті көш. Басқаны былай қойғанда, сауда жасауды “алыпсатарлық” деп, ат-тонын ала қашатын қазақ қазір нарығыңызды шыр айналдыратын болды. Болмаса, Семейіміз бен Аралымыздың қасіретін Кеңес өкіметінің кезінде өз тұғырына шығара алып па едік? Немесе, Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаев сынды қос қыранымыз Тәуел­сіздік болмаса, ғарыш төсін шарлап қайтар ма еді? Тәй-тәй басып, өмір табалдырығынан жаңа аттаған Тәуелсіздік, әрине, төрт аяғынан тең басып, тайпалып кете қойған жоқ. Оның да өзіндік себеп­тері, ішкі және сыртқы әсерлері жоқ емес. Орындай алмай жатқан олқы­лықтарымыз бар. Кейде тіпті, орын­дай алатын­дарымыздың өзін ұқсата алмай жатқан тұстарымыз­дың да бар екенін несіне жасырайық? Түптің-түбінде, дүниені дүр сілкіндіріп отырған санаулы алпауыт мемлекеттер ғана болмаса, былайғы елдерде абсолютті тәуелсіздіктің болуы да мүмкін емес екенін бағам­дап қалып жататын кездер де кез­де­сетінін құпия жасаудың қажеті қанша? Оның үстіне, Қазақстан сияқты тағдыры тоқсан жолдың торабында тоқайласқан жұрт үшін алыс-жақын көршілермен санаспай тұра алмайтын жағдайы тағы бар. Белгілі бір тарихи уақыт өлшемі ретіндегі бүгінгі заманның басты ерекшеліктері осындай. Әйтсе де, “Көш жүре түзеледі” дегенді де айтқан осы қазақ. Демек, оны айта алған қазақ та ақ жолынан қайта алмай­ды. Өйткені, Тәуелсіздік – халықтың басына қонған бақыты. Ал, бардың бағасын білмегенді тарих та, тағдыр да кешіре алмайды. * * * Қандай тақырыптың болса да тоқетерін Абайдан асырып қай қазақ айтып еді?! Абай данышпан былай дейді: “Әркімді заман сүйремек, Заманды қай жан билемек? Заманға жаман күйлемек, Заманы оны илемек”. Міне, заман мен адам арақатына­сы­ның ақиқаты осы. Ал Абай хәкімнің ғиб­ратынан не түйіндесек керек? “Замана көші­не ілесуге талпын, өнегесінен үлгі ал, сай болуға ұқсап бақ, тек билеймін деп ты­раш­танба”, деп тұрған жоқ па ұлы Абай?! Бұл – заманынан оза туған сара саңлақтың сөзі. “Заманынан оза туған” дегеннен шыға­ды, ондай дарабоздардың ешқай­сысы да жұмыр жерде саналы тірлік тербеле бас­тағаннан бері қағанағы қарқ, сағана­ғы сарқ өмір сүріп көрген емес дегенді арнайы айтпасқа лажымыз жоқ. Бірі: “Бәрі де өтеді, дүние – жалған”, деп бар­ма­ғын шайнаса; екіншісінің “ақылы­нан қайғы жұтқандықтан” өзегін өкініш өртеген; үшіншісі – айтарын айта алмай, ал айтқанын ұқтыра алмай пұшайман болған; төртіншісі – Жерұйықты іздеп жапа шексе, бесіншісі – көрден қашып, құтыла алмай күңіренген. Жерінен айырылғаны, қанаты­нан қайырылғаны, жүзінен майырылғаны қанша? “Мыңмен жалғыз алысқан” Абайдың да “ішпеген уы” қалмаған. Алайда, Абай­ды да шерменде еткен күнделікті күйбең тірліктің кейістігі емес. Ол не кием, не ішем деп торықпаған. Әкесі – Құнан­байдың, Арқаның алпауыты Алшынбай­мен құдандаласып, мұсылман дінінің бесігіне қажылыққа бара алатын қаңы болған Құнанбайдың, Семей өңірі емес, Меккеге – бір, Қарқаралыға – бір мешіт салғызған Құнанбайдың Абайды асырай­тын қауқары болмап па? Немесе, сауық-сайран құрып жүре беремін десе, арыға болмаса да айналасында абыройы асқақ­тап тұрған Абайдың қолынан біреу қағып па? Жоқ! Тек, озық ойлы арыс сол тұстағы тұр­мыстың да, тірліктің де аядай ауқымы­на сыймады. Өз кезеңінің бітім-болмысы­нан баз кешті. Елдің ертеңін ойлап күндіз күлкіден безді, түнде ұйқыдан тыйылды. Мұрты аузына түскен мыңмен жалғыз алысты. Біреуі болмаса, біреуі сөзіне терең бойлар деген арманын аялады, ел ертеңінің еншісіне деген сенімін саялады. Үмітін үкілеп, алданыш қылып еді, болмады. Көкірек көзімен көргеніне көзі толмады. Ашынды. Аһ ұрды. Ақырында: “Мақсатым – тіл ұстартып, өнер шаш­пақ, наданның көзін қойып, көңіл ашпақ. Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер, думан-сауық ойда жоқ әуел баста-ақ”, дегенге діттеп жүрген озық ойлы, оқы­мысты ақын өз өмірінің, өмірінің мәніне айналған шығармашылығының соңында: “Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда ...”, деуге мәжбүр болған. Алайда, Ибраһим Құнанбаевты да ұлы Абай еткен заманы еді. Егер сол заманда туып-өсіп, мақтаншақтығынан мал шашқанына маңғаздана мардымсыған; ерін­шек­тігінен етегіндегі нәсібінен айыры­лып қалғанына арланбаған; бас-басына би болғысы келіп, алтыбақан алауыздығынан айылын жыймаған; өзіндік өресі бол­маған­дықтан да көп айтты екен деп, көкезулігінен танбаған; ұқсап бағуға ұм­тылудың орнына, “ондай болмақ қайда”, деп кежегесі кері тартқан “қайран елі, қазағымен” бірге жасасып, надандығына налымаса; қайткенде жалпақ жұрттың, әсіресе, жұртының жасыл құрақ жеткін­шегі – жастарының көкірек көзін аша­мын деп шыбын жаны шырқырамаса, Абай да Абай болар ма еді?! Ел елемегенді елегендіктен, көп көрмегенді көре білген­діктен, ұлысы ұқпағанды ұғып, парасат­тылықпен пайымдай алғандықтан да ол ортасынан озық болды. Сол оза шапқаны үшін де опынумен, оята алмаған заманы­на өкінумен өтті. Олай болмаған жағдайда екінші бір айбынды да айдынды ақынымыз Шә­кәрім Құдайбердіұлы: “Ибраһим мырза­ның тұрағы қазақ іші болғандықтан, қаді­рі азырақ білінді. Олай болмағанда, да­ныш­пан, хақма, философ кісі еді. Қор ел­де туды да, қорлықпен өтті”, демес еді-ау?! Өткенге өкінгеннің бәтуасы шамалы, әрине. Ал, өткеннен өнеге алу – ғибрат. Біз де бүгінгі һәм келешектегі кемел­дері­міз, жалпы жалпақ жұртымыз – қасіретті де қасиетті қазақ халқы туралы ешкім де, ешуақытта да Шәкәрім қажы қалдыр­ғандай шерменде шындыққа сілтеме жасай алмаса екен деген ақжарылқап ақ тілекпен, риясыз рәуішпен айтып отырмыз. Қадыр ӘЛІМҚҰЛОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.