Көрмені Қазақстан кардиологтарының қауымдастығы мен Ресей кардиологиялық қоғамы «Байер» компаниясының қолдауымен ұйымдастырып отыр. Бұл туралы Конгрестің ақпараттық әріптесі Қазақстан баспасөз клубы хабар таратты.
Фотокөрменің басты мақсаты – жүрек-қантамыр ауруларын алдын алу мәселесіне және олардың салдарынан болуы мүмкін қауіптерге жұртшылықтың назарын аудару. Науқан он жылдан аса тарихы бар америкалық «Go Red for Women» жобасының теңдесі болып табылады.
Фотокөрменің басты белгісі – бүкіл әлемде жүрек-қантамыр ауруларының қарқынды түрде кең етек жайып келе жатқандығына байланысты алаңдаушылықты білдіру мақсатында қызыл көйлекті кию. Ұйымдастырушылар осы науқан көмегімен әйелдердің профилактикаға деген көзқарасын өзгертуге, сондай-ақ, қанайналым жүйесіндегі аурулармен күресуге арналған профилактикалық шараларды кеңінен насихаттауға ұмтылады.
Жобада әйелдерге басты көңіл бөлініп отырғандығы кездейсоқ емес. Әлеуметтік зерттеулерге сәйкес әйелдердің 83%-ы өз отбасысының денсаулығы үшін жауаптымын деп есептесе, ер азаматтардың 65%-ы ғана олармен ортақ пікірде екен. Сондай-ақ, әйелдер кардиологиялық қауіптерді алдын алу және жалпы денсаулықты күтуге келгенде белсенді әрекеттер қабылдайтыны да анықталған.
Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер, белгілі әнші Карина Абдуллинаның осы мәселеге бей-жай қарамай, көрмеге белсенді қатысуы салауатты өмір салтын жақтайтындардың қатарын көбейтеді деп сеніммен айтуға болады.
«Біздің елімізде қазір салауатты өмір салтын қалыптастыруға ерекше мән беріліп жатыр және бұған ең жоғарғы мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетіліп келеді. Біздің көбісіміз үшін салауатты өмір салты - жай құрғақ сөз ғана емес, сонымен бірге, нақты әрекеттер. Ерекше қызығушылық тудыратындай форматта өткізіліп отырған «Қызыл түске киін!» науқаны қазақстандықтардың жүрек-қантамыр ауруларын алдын алу мәселесіне ерекше назарын аудартады деп үміттенеміз. Біздің әрқайсысымыз салауатты өмір салтын ұстануға ұмтылатын болсақ, біз толыққанды өмір сүріп, осы игі тәжірибемізді балаларымызға баули алатын боламыз», – деді Қазақстандағы «Байер» компаниясының медициналық директоры Елена Гофман.
Қанайналым жүйесіндегі ауруларды алдын алу Қазақстан үшін біршама көкейтесті мәселе болып табылады. Елімізде 2016-2019 жылдарға арналған "Денсаулық" атты мемлекеттік бағдарламасында қанайналым жүйесіндегі аурулар өлімге әкелетін жетекші себеп (22,3%) деп көрсетілген, ал олардың ішінде ең жиі кездесетін дерттерге жыл сайын 30 мыңға тарта адамның көз жұмуына себеп болып отырған ишемиялық жүрек ару және ми тамырларының зақымдалуы жатады. Қанайналым жүйесіндегі ауруларға алғаш рет шалдыққандардың саны 15%-ға дерлік өскен (2010 жылы – 100 мың адамға шаққанда 2086,7; 2014 жылы – 2394,7).
Елімізде 2008 жылдан бастап табысты түрде жүзеге асырылып келе жатқан Ұлттық скринингтік бағдарламада ерте кезеңде анықталуы тиіс ауру ретінде қанайналым жүйесіндегі аурулар көрсетілген. Қауіп факторларын ерте бастан анықтау жүрек-қантамыр ауруларының туындау себептерін алдын алуға мүмкіндік беретін шешуші шара болып табылады.
ҚР ДСМ Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-дің еліміздің 5 өңірінде жүргізген эпмидемиологиялық зерттеуіне сәйкес инфекциялық емес созылмалы аурулармен байланысты ең кең таралған қауіп факторларына дұрыс тамақтанбау (көкөністер мен жемістерді жеткілікті мөлшерде тұтынбау - 78,8%), артық дене салмағы (63%), гиподинамия (53,7%) және гиперхолестеринемия (40,2%) жатады. Тексеруден өткен халық арасында темекі тартатындардың орташа саны 11,8% құраған. Сауалнама деректеріне сенсек, артериялық гипертензияның кездесу жиілігі 40,5%-ды, стенокардия 9,7%-ды, миокард инфарктісіне шалдығу 2,5%-ды, ми қанайналымы бұзылыстарының асқынуы 2,8%-ды, жүрекше фибрилляциясы 2,9%-ды құраған.
Жүрек-қантамыр ауруларының салдарынан болатын өлім-жітімді тек халықтың жүріс-тұрысын өзгерткен жағдайда ғана ұзақ мерзімді келешекте төмендетуге болады. Ал жұртшылықтың назарын осы мәселеге аударту жүрек саулығын сақтау үшін әрбір адам нақты қандай қадамдар жасай алатындығы жайлы ойландыратын бірден-бір себеп екені сөзсіз.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ