Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Циньпиннің ұсынысымен мемлекеттік сапар мәртебесі берілген Елбасының бұл жолғы сапары Қытай елінің тағдырын айқындаған, болашаққа бағдар берген оқиғалармен тұспа-тұс келгендігімен де дараланып тұр. Нақтырақ айтқанда, наурыз айында Жалпықытайлық халық өкілдері жиналысының (ЖХӨЖ) тарихи пленумы өтіп, онда жаңа дәуірде социализмді тек қытай жұртына тән ерекшеліктерге байланысты қалыптастыруға негізделген тағдыршешті шешімдер қабылданғаннан кейін ҚХР аймақтағы сыртқы саясатына маңыз беріп, экономикасын одан әрі күшейте түсуге бет бұрған болатын. Сол тұста Қытай Халық Республикасындағы аталған құрылымдық өзгерістерге күллі әлем көз тікті. Осы орайда әлемдегі озық экономикалар көшінің бастапқы легінде тұрған Қытаймен қарым-қатынас біздің еліміз үшін де ерекше маңызға ие.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесуінің ресми салтанаты Халық жиналысы үйінің алаңында өтті. Ресми сәттен соң мемлекеттер басшылары кеңейтілген құрамда кездесіп, бірқатар келелі мәселелер бойынша келіссөздер жүргізді.
Мемлекет басшысы өзінің кіріспе сөзінде Қытай тарапына мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны үшін ризашылығын білдіре отырып, қос ел басшылары арасындағы әр кездегі кездесулердің жылы қабылдаулар дәстүрімен ерекшеленетінін жеткізді.
– Мен, ең алдымен, Сізді жоғары мемлекеттік лауазымға қайта сайлануыңызбен және Қытай Компартиясының ХІХ съезін табысты өткізуіңізбен құттықтаймын. Бұл қытайлық өзіндік ерекшелігі бар социализм құру жолындағы әлемдік мәні бар айтулы оқиға болды, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев «Қытай арманын» жүзеге асыру ісінде ел мемлекеттілігінің тірегі саналатын Қытай Компартиясы рөлінің артқанына тоқталды.
Қазақстан Президенті 2012 жылдан бері жоғары деңгейдегі 18 кездесу өткенін айтып, Қазақстан-Қытай қатынастарының қарқынды дамып келе жатқанына назар аударды.
– Осы уақыт ішінде біз жалпы сомасы 67 миллиард доллар көлеміндегі 127 екіжақты құжатқа қол қойдық. Бізге осы диалогті жалғастыру қажет. Былтыр өзара сауда көлемі 11 миллиард долларға жуықтады. Бұл жердегі өсім 30 пайыздан астам. Екіжақты қатынастарымызды ілгерілету үшін біздің бұдан да зор әлеуетіміз бар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Қытай Халық Республикасы Төрағасының достық, тең құқылық, өзара ынтымақтастық және мемлекеттік егемендікті құрметтеу рухында тату көршілік қатынастарды дәйекті дамыту ісіндегі жеке үлесін жоғары бағалады.
– Сіздің Жібек жолының экономикалық белдеуін қалыптастыру жөніндегі бастамаңызды іске асыру барысында біздің ынтымақтастығымыз нығая түсті, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қытай Халық Республикасының Төрағасы тату көршіліктің үлгісіне айналған екіжақты ықпалдастықтың жоғары қарқынмен дамып келе жатқанына тоқталып, бірлескен инфрақұрылымдық бастамаларды, соның ішінде «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасын іске асыру ісінде өзара сенім мен ынтымақтастықтың нығайғанын атап өтті.
– Біз адамзаттың ортақ тағдырын қалыптастыру жолында Қазақстанмен бірге болуға және адамзаттың жарқын болашағы үшін ақыл-ойымыз бен күш-жігерімізді жұмылдыруға дайынбыз. Мен Қазақстан-Қытай достығының алып кемесін Сізбен бірге басқаруға әзірмін, – деді Си Цзиньпин.
Келіссөздер барысында Қытай тарапы Қазақстанның экологиялық тұрғыдан таза ауылшаруашылық өнімін өз нарығына жеткізуге, энергетика саласындағы, мұнай-газ кешеніндегі, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстар, жаңа технологиялар мен цифрландыру салаларындағы екі жақты ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделілік танытты.
Кездесу соңында Қазақстан Президенті Қытай Халық Республикасының Төрағасын Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.
Жалпы, Қазақстан Президенті жоғарыда атап өткен өзгерістердің қытайлықтардың ішкі-сыртқы саясатына оң әсері жоғары болғандығы анық. Нақтырақ айтсақ, 2018 жылдың 5-20 наурызы күндері аралығында Бейжіңде Қытай коммунистік партиясы Орталық комитетінің төрағасы Си Циньпиннің төрағалығымен 13-ші шақырылымдағы Жалпықытайлық халық өкілдері жиналысының 1-сессиясы өтті. Осы жиынның қорытындысы бойынша мемлекет басшыларының жаңа құрамы сайланды және ҚХР Мемлекеттік кеңесі және ЖХӨЖ Тұрақты комитеті, Жоғарғы сот пен Жоғарғы халықтық прокуратураның жылдық есептері тыңдалды. Сондай-ақ ҚХР Мемлекеттік кеңесін жаңғырту жоспары қабылданып, осы құжат бойынша ҚХР үкіметінде 26 министрлік пен комитеттер құрылды. Жаңа құрылымдардың қатарында Табиғи ресурстар, Ардагерлер ісі жөніндегі, Төтенше жағдайларды басқару жөніндегі, Мәдениет және туризм, Экологиялық орта министрліктері бар. Міне, осы бетбұрыстар мен құрылымдар Қытайдың әлемдік саяси экономикалық бағдарына айналды.
Осы құрылымдардың бірқатарының басшылары Мемлекет басшыларының қатысуымен Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты құжаттарға бірлесе қол қою рәсіміне де қатысты.
Алдымен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының бірлескен мәлімдемесіне қол қойды. Бұдан кейін ядролық материалдарды, радиоактивті қалдықтарды және радиациялық қауіпті заттарды заңсыз өткізуді болғызбау жөніндегі Қазақстан Үкіметі мен ҚХР Үкіметі арасындағы келісімге, сондай-ақ Қазақстан Үкіметі мен ҚХР Үкіметі арасындағы Қытайдың жеңілдетілген несие беруі туралы негіздемелік келісімге, Қазақстан мен Қытай қаржы министрліктерінің арасындағы түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға, Қазақстанның Инвестициялар және даму министрлігі мен Қытайдың Даму және реформалар жөніндегі мемлекеттік комитеті арасында индустрияландыру және инвестициялар, оның тетіктерін құруға байланысты бірлескен жобалардың тізімін бекіту туралы және өндірістік қуатты арттыру мен инвестициялар бойынша ынтымақтастық жоспарын бірлесе әзірлеу туралы меморандумға, Қазақстанның Ұлттық экономика министрлігі мен Қытайдың Сауда министрлігі арасындағы электронды сауда саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға, Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қытайдың Бас кеден басқармасы арасында Қазақстаннан Қытайға экспортталатын сиыр етіне инспекциялық, карантиндік және ветеринарлық-санитарлық талаптар туралы хаттамаға, Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қытайдың Бас кеден басқармасы арасында Қазақстаннан Қытайға экспортталатын жоңышқа шөбіне санитарлық және фитосанитарлық талаптар туралы хаттамаға қол қойылды.
Бұдан соң Қытай Төрағасының ресми қабылдауында болған Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзиньпин Қазақстан мен Қытайдың бірлескен жобасы – «Композитор» фильмінің трейлерін тамашалады. Аталған фильм Қазақстан мен Қытайдың кино өндірісі саласындағы тырнақалды жобасы болып отыр.
Көркем фильмді Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мен Қытайдың «Shinework Pictures» және «China Film Coproduction Corporation» компаниялары түсірген. Басты рөлдерде қазақстандық актерлер – Берік Айтжанов, Алтынай Нөгербек, Аружан Жазылбекова және қытайлық актерлер – Ху Цзюнь және Юань Цюань ойнайды.
Кинотуындыда Қытайдың ұлы композиторы Сянь Синхайдың (1905-1945) шиеленіске толы ғұмыры бейнеленеді. Сәл тарқатып айтар болсақ, Сянь Синхай Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары қудаланып, Алматыға тап болады. Жоқшылық пен аштықтың салдарынан әбден титықтаған композиторды Қазақстанның белгілі өнер қайраткері, композитор Бақытжан Байқадамов кезіктіріп, азапты өлімнен арашалап қалады. Бұл фильм екі мемлекеттің кино шеберлерінің қатысуымен «биопик» жанрында, яғни белгілі тұлғаның тағдыр талайы тұтастай немесе өмірінің қайғылы бетбұрыстарын ашып көрсететін тәсілмен берілген. Тағы бір атап өтерлігі, Сянь Синхай бес жүзден аса лирикалық және көпшіліктің таңдауы түскен әндердің авторы және оның ең танымал туындыларының көбі Қазақстанда бас сауғалап жүрген уақытында жазылған. Атап айтқанда, ол әйгілі «Ұлт азаттығы» симфониясын Алматыда жазып аяқтады.
Қазақстан Президенті фильм трейлерінің таныстырылым рәсімінде актерлер құрамына кәсіби өнер көрсеткені үшін ризашылық білдіріп, екі елдің мәдени саладағы ынтымақтастығының жоғары деңгейге көтерілгенін атап өтті.
Жалпы, Қазақстан Президентінің мемлекеттік сапары еліміздің ұзақ мерзімді стратегиялық мүдделеріне сай келетіндігін және еліміздің аймақтағы ең бір ықпалды мемлекетпен тең дәрежелі саяси келісімдерін жоғары деңгейге көтеруге мүмкіндік беретіндігін атап өткен жөн. Оның үстіне, Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін жоғары деңгейдегі бүгін де жалғасын табатын келіссөздер Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара ұтымды саяси, сауда-экономикалық байланыстардың тиімділігін арттырып және көп салалы ынтымақтастықты шегендей түспек.
Сайып келгенде, Елбасының мемлекеттік сапары еліміздің сыртқы саясатында Қытай бағытына маңыз берілетіндігін және тату көршілікке негізделген тең құқылы, өзара сыйластық байланысқа баса назар аударылатындығын көрсетіп отыр. Оның үстіне бұл сапар Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қытайлық әріптесімен жеке достығын нығайтып, Қазақстан мен Қытайдың көп салалы стратегиялық байланыстарын жаңа деңгейге көтеретіндігі ақиқат. Бүгін Мемлекет басшысы сапарының екінші күнінде Қытай Халық Республикасы Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің Төрағасы Ли Чжаньшумен жоғары деңгейдегі кездесу өткізу, сондай-ақ Қазақстан мен Қытайдың іскер топтар өкілдерімен жүздесуі жоспарланып отыр. Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев алдағы демалыс күндері Қытайдың Циндао қаласында өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысады деп жоспарланған.
Қазақстан мен Қытай арасындағы келіссөздер кездесулердің алғашқы күні-ақ нәтиже бере бастады. Елбасы сапары индустрияландыру, инвестициялар тарту сияқты өзекті мәселелерге жаңа серпін беруде.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан» – Бейжіңнен (Қытай)