Әдебиет • 08 Маусым, 2018

Ар алдында айнымаған ақын Сәкен Иманасов

1393 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Біраз ақын-жазушыларымызды артында қалған бірауыз сөзімен-ақ олардың тұлғасын танығандай боламыз. Кеше ғана өткен, бүгін туғанына 80 жыл толып отырған ақын Сәкен Иманасовтың «Ар алдында мен өзімді әрдайым, Дар алдында тұрғандай-ақ сезінем» деген жолдары қазірде жырсүйер қауымға таныс және оның ақындық, азаматтық тұлғасын аңғартқандай көрінеді. Ол осы сөздерімен-ақ өзіне де баға беріп кеткендей. 

Ар алдында айнымаған ақын Сәкен Иманасов

Өзі ғана емес, оны көзі тірісінде-ақ жұрт бағалаған. Әрине ешкім ақындарды нөмір­леп жатпайды. Әрқайсысының өз орны, өз биігі бар. Сөйтсе де замандас­тары мойындаған биікті жоққа шығаруға болмас. Сол замандас інілерінің бірі, белгілі ақын Жүрсін Ерман ауызша да, жазып та Сәкен туралы «Қадыр Мырза-Әлі, Тұманбай Молдағалиев үшеуі қазақ жырының үш арысы» деп сипаттағанына «мен одан биік едім» деп басқалардың таласа қой­масы анық. Сонау 80-ші жылдарда сол Тұмағаң да: «Сәкенді қайта оқығанда оның жүйрігі елге есімдері әбден танылған, халықтың сүйіспеншілігіне айналған Мұқағалидың, Қадырдың, Сағидың, Фаризаның жүйріктерімен ауыздық тістесіп, шауып келе жатқандай жақсы әсерге бөлендім» деген. Ал өткен ғасырдың 70-ші жылдарының аяғында-ақ Фариза Оңғарсынованың өзі «Қазақ әдебиеті» газетіне «Адалдық атты талант бар» деген көлемді мақала жария­лап, «Ақын Сәкен Иманасовтың поэ­зиясын оқығанда, менің көз алдыма қашан көрсең де арнасы ортаймайтын мөлдірлігімен, өз әуен-әсем тынысымен айналасындағы тірлік атаулыны жай­барақат, жайсаң күйге бөлейтін тұма бұлақты елестетемін» деп жазғаны бар. Ал Сәкен поэзиясы одан кейін де әсте төмендеген жоқ, тек биіктей түс­кен. Оған оның бұдан кейін жарық көр­ген, жұртшылық мойындаған «Бел-белес», «Адырна», «Жебе», «Өткірдің жүзі» деп аталатын жалпы қазақ жырында олжа салған жыр кітаптары дәлел. Белгілі жазушы, Сәкеннің құрдасы Оразбек Сәрсенбайдың оны даралап, «Ондай мінезді ақын қайда енді...» деп күйзел­гені де көңілден кетпейді. 

Осы жақында «Алатау» баспа-по­ли­гра­фиялық корпорациясы, оның президенті белгілі қа­лам­гер Ырым Кенен­байдың бел­сен­ді бастамасымен, Сәкен Имана­сов­тың бес томдық шығармалар жинағын басып шығарды. Тындырылған үл­кен іс болды бұл. Сәкеннің бұрын да жеке кітап­тары, таңдамалылары, көптом­дық­тары шығып жатқаны белгілі. Ол таңсық та емес. Сөйтсе де бұл басылымды, өзінен кейін де арқалы ақынды бағалау, құрметтеу, мойындау деп қабылдағың келеді. Және бұрын оқып жүрсең де, бұл жаңа басылымды парақ­тап, осынау ақиық ақын, атпал азаматпен қайта қауышып, оның әдебиеттегі, өмірдегі қайталанбас орнын қазіргі уа­қыт­пен салыстыра отырып, жаңаша пайым­дағандай боласың. Асқақ поэзиясы өз алдына, басынан сөз асырмайтын, әділ­дік, шындық жолында қасқайып тұрып, тіл қататын мінезді азамат сенің де ең­сеңді көтереді.
Әрине әңгіме ақын жайында болған соң, алдымен оның поэзиясына көбірек тоқтаған жөн шығар. Жоғарыда бұл ретте біраз замандастарының пікірін де келтір­дік. Ал тағы бір замандасы Темір­хан Медетбектің «...Сәкен Иманасов­тың бір өлеңіне бір мақала жазуға болады. Мен бұл сөзді тіпті де көтеріп ай­тып отырған жоқпын. Шыны солай», дегеніне жүгінсек, әңгімеміз тым ұзақ­қа созылып кетер еді. Енді сондай ас­қақ жыр тудырған адуынды ақынның азаматтық келбетіне қарай ойыссақ жөн шығар.

Кейде біз жұртты, ақын-жазушылар­ды да атағына қарай бағалайтынымыз бар. Ақын Сәкенге Мемлекеттік сыйлық бұйырмады. Оған шығармасының деңгейі емес, тік мінезі себепші бол­ға­нын көпшілік жұрт біледі. Оны жылы әзіл араластыра отырып, өзі де жаз­ған. «Осы уақытқа дейін екі рет Мем­лекеттік сыйлыққа ұсынылған болатынмын. Оның алғашқысында қоярда-қоймай, Жазушылар одағының сол кездегі хатшыларының бірі Тұманбай Молдағалиев пен сондағы поэзия сек­циясының төрағасы Қадыр Мырзәлиев­тер ұсынды» дейді ол. Сол жолы да, келесі жолы да алмады. Өйткені ол сол сыйлыққа дауыс беретіндердің еш­қайсысының алдынан өтпеген. Тұман­бай ағасы: «Сәкен, сен сөзді қой да, әрқайсысына жағдайыңды айтып, кіріп шық» деп ақыл айтады. «Ешкімнің алдына кішірейіп барып көрмеген кірпияз» Сәкен оған көне қоймапты. «Бір ғана дауыс жетпей қалды» деп Тұмағаң өкініпті сонда.

Сыйлық алуына кедергі болғанымен, оның адуынды өр мінезі ақынның шығармашылығына дарып, азаматтық бейнесін биікке көтеріп, Сәкен Имана­сов­ты тұлғалар қатарына қосты.

Біз Сәкенмен жақын болдық. Бір кезде Мәскеуде Жоғарғы партия мектебінде бірге оқыдық. Алматыда да жақын жүріп, отбасымызбен араластық. Содан да оның шығармашылығын жиі қадағалап, қызметтегі түрлі жағдайларды аңғарып жүр­дік. Дос туралы ойлағанда, менің көңі­ліме алдымен оның сол азаматтық келбеті орала береді. 

Өзінің мінезі жайында Сәкеннің өзі де жазып кетті. Ондағы айтылған жай­лар­дың шындығына ешқандай күдік те жоқ. Өйткені бұл жазбадағы кейіп­кер­лердің барлығы да сол тұста көзі тірі, қастарында жүрді. Сәкен айт­қан шындық талайының шымбайына бат­қан шығар. Бірақ ешқайсысы бұлай емес еді ғой дей алған жоқ. «Жазу­шы» баспасындағы жиырма жыл», «Күн­деліктің кейбір беттері немесе облыс әкім­дігінде өткен он сегіз ай» деп аталатын жазбалары журналдарда жарияланды, кітап болып та шықты. Оқырман қауым­ның айрықша ықыласын аударды.

Әсіресе, «Күнделіктің кейбір бет­тері...» үлкен шу тудырды. Біреулер құп­тады. Біреулер даттады. Оны ауызша да естідік, жазбаша да оқыдық. Тіпті Сә­кенді ақын ретінде ерекше құрмет тұта­тын, айтарлықтай лауазымға ие бір інісінің де оның бұл жазбаларын құп­тамай, оны қалыптасқан әдепке сыймайтындай қадам санағаны бар. Бұл әдеп бойынша біреудің беделін сыйлауың, оның менмендігін кешіруің керек, жасы үлкен деп біреудің артық сөзіне де, оғаш қылығына да көнуің керек. Сәкен кешіре де, көне де алмаған. Бұл – мінез. Сәкенге тән мінез. Басқаларда тапшы мінез.

Сол «Күнделік...» оны жазған Сәкен­нің өр мінезін ғана емес, сол уақыттың тынысын да дәл көрсеткен. Біраз шын­дықтың бетін ашқан. Біраз дүниені әш­ке­релеген деректі шығарма еді. Кешегі кеңестік дәуірдегі шенеуніктік бюро­кратияның шын келбетін көрсеткен дерек­ті де, көркем де шығарма сирек. Оған кезінде сол жүйе мүмкіндік бермеді. Ал қазіргі шенеуніктік бюрократияны сынап, айқайлаушылар болғанымен, олардың көбі оның ішкі дүниесін біле бермейді. Сәкен сол дүниеге еніп, біліп жазды. Оған өзінің мінезін қосып жаз­ды. Ертең қазіргі дүниенің ішкі қатпар­ларын білгісі келгендер Сәкеннің сол «Күнделіктің кейбір беттерінен...» табады.

Оның кез келген жерін ашып қалсаң, шенеунікті, бюрократияның тыныс-тір­шілігіне, тоңмойын тұлғаларына тап боласың. Бір мысал. «23 мымыр, 2001 жыл. Күн сәрсенбі еді. «Мере­диан» телефоны дыз ете түсті де, мен тұтқаны көтеріп, үлгерер-үлгерместен: «Кул­маханов говорит, зай­дите срочно ко мне!» – деген ызғарлы дауыс естілді. Амандық жоқ, саулық жоқ, лауазымына мастанып, кеудесіне нан пісіп тұрған, өзінен басқа бір адам бар-ау дегенді әзірге естігісі де, көзге ілгісі де келмейтін даңғой дағдының бел­гісі». Иә, бұл барлық дүниені уысында ұстап отырған, дөкейдің келбеті. Адам­гершілік әдеп, парасаттылық деген ұғымдардан ада. Ешкім оған қарсы келмейді, оның айтқаны екі етілмейді, қалыптасқан қасаң әдеп. Ондайға Сәкен келіспейді. Тағы да «Күнделікке...» жүгінейік. «...Бастықтың кабинетінде Долженков, Жібек, тағы біреулер бар екен. Мен отырып үлгерместен, әкім: «Имандосов, Сіздің орысшаңыз қалай еді?» деп сұрады. «Қағазыңызға қарап алыңызшы алдымен, Имандосов емес болу керек» – дедім мен. Ол: «Ә, иә, И - ма - насов» – деп фамилиямның өзін біршене буынға бөліп, әзер оқып шыққан сияқтанды...

– Мен Сізді танымаймын ғой...

– Танисыз,- дедім мен. – 1993 жылы ең алғаш тарап кететін Парламенттің депутаты ретінде соңғы сессиялар кезінде бірер ай қатар отырғанбыз. 
Ол үндемеді».

Не бетімен үндесін, кеше Парламент­те бірге отырған адамды танымаған адамнан не үміт, не қайыр!

« – Сіздің жұмысыңыз маған ұнамай­ды, – деді әкім.

– Екі-үш күнде не біле қойдым деп едіңіз. Әлдекімдердің сөзін айтып, қайталап отырған боларсыз, – деп екі орынбасар бастыққа қарадым мен міз бақпай...».

Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс­тай бастықпен басқалар осылай әңгіме­лесер ма еді? Әй, қайдам. Ал бастық болса, әңгімелесіп отырған жоқ, қорлап отыр. Ізетті, парасатты адам болса, ке­шегі әріптесін (Парламент мүшесін!) көр­генде, құшақтаспағанның күннің өзінде орнынан тұрып, жылы шыраймен амандаспас па еді? Ал ол танымаймын деп шікірейеді. Жолықпай жатып, жұмысың ұнамайды дейді. Намысқа тие ме? Тиеді. Сонда басқалар үндемей қалар еді, ал Сәкен үндемей қала алмайды. Жай танисың деп отырған жоқ, адам болсаң, тануың керек еді ғой деп отыр. Ол сонысымен де Сәкен!

Түрлі-түрлі әңгімелерге қарап, кейде осы Сәкен басынан сөз асырмайтын, өзінікі болмаса, ешнәрсеге көнбейтін, қыңыр тартуға құмар адам-ау деген пікір оның басына айналшақтайтыны бар. Әсте де олай емес дер едім. Қырық жылдан асқан араласқанымызда оған көзіміз жеткен. Ол өзі айтқандай, біреудің кердеңдігін, біреудің менмендігін ұнат­­пайтын. Өзім деген адамға өзегін жұлып бергендей, «сыйға – сый, сыраға – бал» дегенді ұстанатын. Азын-аулақ кірпияздығы араласқан адамға жолдас­тық наздай көрінер еді. 

Қазақ журналистикасында Ұзақ Бағаев деген ғажап басшы азамат болды. Көп өмір сүрмеді, 40-тан жаңа ас­қанда дүниеден озды. Соның өзінде Қы­зыл­орда, Талдықорған облыстарында облыстық газеттерде, соңында «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде редактор болды. Сәкен әр кез сол бастығын жыр қылып айтатын. «Ұзекең» деген жып-жылы естелік-эссе де жазды.

Талдықорған облыстық «Октябрь туы» газетінде редактор кезінде Ұзе­кең бір жолы ескерту жасағанда, Сәкен, өзі айтқандай, «бетпақтанып, тіпті, тәжікелесе кетуге дайын екенін аңғар­тады». Оның аяғы неге соққанын Сәкен былай жазады: «Ұзекең ақылды адам еді, әңгімені әрі қарай ушықтырмай сап тиды. Тек жұрт тарай бере, мені оңаша алып қалып, қарама-қарсы отырғызып қойды да, әжептәуір терлетіп алды. 

– Сенің жеке басыңнан, жұмысыңнан, ойыңнан, бойыңнан әзірге мін тапқан емеспін, бәрі дұрыс, – деп алды. – Тек жалғыз ескертпем бар. Бастық деп емес, 7-8 жас үлкен ағаң ретінде соны айта­йын, тықыршымай, тыңдасаң қайтеді?

– Құлағым сізде, Ұзеке, – деймін.

– Сен өзіңнен біреулердің жасы үлкен-ау, біреулердің жасы кіші екен-ау демейді екенсің. Атақ, дәрежесіне қа­рап та аяқ жимайтын әдетің бар сияқ­ты. Сәкен, жақсы көргеннен айтамын, үлкенмен үлкенше, кішімен кішіше сөй­леу­ге дағдыланшы. Өзіңе де, өзгеге де теріс болмас еді ол».

Сәкен сол Ұзекеңді өмір бақи сыйлап, аруағын құрметтеп кетті. Ұзекең оны сол партия мектебінде оқып жүргенде, «Социалистік Қазақстан» газетіне шақыр­ған. Бірақ сол аяулы азамат кенет­тен қайтыс болды да, Сәкен газетке келе алмады.

Сәкен Иманасов дейтін азаматтың дос­тары көп еді. Жай адамның төңірегіне достар жинала бермейді. Бір шаруасын тындырып тастайтындай лауазымды қызметтің тізгінен де ұстаған жоқ. Жұрт оның төңірегіне азаматтық мәрттігі үшін үйірілетін. Замандастығымыз да болар, оның бірқатар жақын достарымен біз де жақын араластық. Ол белгілі сыншы Зейнолла Серікқалиұлы туралы жазып та, ауызша да көп әңгіме айтатын. Ерекше бағалап, құрметтеп айтатын. Өз кезегінде Зейнолла да Сәкен туралы тебіреніп сөйлер еді. Әзіліне қосып: «Он оригинальный парень!» дейтін. Екеуінің мінезі кереғар. Бірақ азаматтық дейтін қазыққа барып тоғысатын сияқты.

Нұрмахан Оразбек бізден бар-жоғы жарты жас қана үлкен еді. Сәкен оның сол үлкендігін сыйлап өтті. Басқаларға айтар қатқылдау сөздерін Нұрекеңе келгенде іркіп қалар еді. Оның есесіне, сол ағасына арнаған түйдек-түйдек өлең­дері дүниеге келді. Достың жанын жадыратар жарқын жолдар. Сәкен қайтқанда Нұрекең қатты езілген.

Бұл жерде біз Сәкеннің барлық дос­тарын тізіп айтайын деп отырғанымыз жоқ. Ол тым ұзаққа созылар еді. Өзім тікелей куә болған жайлар арқылы оның досқа деген қалтқысыз көңілін аңғартқым кел­ді. Үйінде жиі кездестіретін Серік, Мелс, Шылбы сияқты жақын жерлес дос­тарын былай қойғанда, жыл сайын дерлік қаншама достарын өзінің Ала­көліне апарып демалдыратын. Оның Бек Тоғысбаев, Жолмұқан Түрікпенұлы сияқ­ты аға достарымен, Бексұлтан Нұр­жеке, Қуанышбай Құрманғали сияқты іні достарымен сол Алакөлде бірге демал­ғанбыз. Алакөлде өткен үлкеннің ілти­патына, кішінің құрметіне бөленген сол күндердің ғажайыптары көңілден кет­пейді.

Жыл сайын дерлік сол Алакөлде демалуды дәстүрге айналдырған Тұман­бай ағасымен достығы бөлек еді ғой. Сағаттар бойы ақын ағасы туралы дәріс оқуға жалықпас еді. Көп өлеңін жат­қа білетін. Ағасының жыр құдіреті, аза­маттық келбеті туралы талай жазды. Адами қарым-қатынастары қандай жарасымды еді. Сәкен қашан да ағасын іліп қалып, шымшып отыратын. Сірә, Тұмекең де сонысын ұнататын болуы керек. Сөйтсе де кейде: «Осы Сәкен-ақ маған тиіседі де отырады!» – деп торсаңдағандай болар еді. Оған Сәкеннің жауабы дайын: «Жұрттың бәрі сізді мақтайды, періште екенмін деп ойлап қалмасын деймін де», дер еді. «Қойшы-ей, мен өзімнің кім екенімді білемін ғой» дейтін ағасы жайраңдап.

Сәкен Тұмекеңді қаншалықты жақсы көрсе, өз кезегінде ағасы да өзінің жасы жағынан да, ақындық қарымы жағы­нан да тетелесіне ет жүрегі елжіреп тұра­тын. Тіпті сол Сәкен де өзінен кейінгі ақын інілеріне ықылас, көңілін білдіріп, қолдап отыруды сол Тұманбай ағасынан жұқтырғандай көрінер еді. Жүрсін Ерман, Серік Ақсұңқарұлы, Ғалым Жайлыбай, Әділғазы Қайырбеков, Бауыр­жан Жақып, Несіпбек Айтов, Рафаэль Ниязбековтің өздері, шығар­машылығы туралы іш тартып, көп әңгіме айтар еді.

Соңғы кезде Сәкен біраз ауырыңқы­рады, жүдеңкіреді. Тіпті Жазушылар одағындағы, басқа жерлердегі шараларға баруға құлқы соқпады. «Барайық та» десең, «Жұрт: мына Сәкен арықтап өлетін болыпты-ау деп сөз қылар» деп тартыншақтайтын. Сонда Қазтуған жырау­дың: «Азамат ердің баласы жа­бық­қанын білдірмес, Жамандар, мазақ қылар деп» деген сөздері көңілге оралады.

Елі ақынын ұмытқан емес, мектепте музейі де бар, ескерткіш те қойылған, кітаптары қайта басылып шығып жатыр. Оған арналған ақындар мүшәйрасы да өтіп тұрады. Сәкен ақын, ар алдында дардан да тайсалмайтын азамат соған лайық та.

Ол артында өлмейтұғын ақындық мұра қалдырды. Азаматтығы да өнеге.

Мамадияр ЖАҚЫП,
Қазақстанның құрметті журналисі