Құнды деп отырғанымыз, бұл естелікте қазір ел жадынан өше бастаған жер-су атаулары ғана емес, қазақтың жартысын жалмаған ашаршылық турасында да мәнді мәліметтер кездеседі. Сол естеліктің үзіндісін өздеріңізбен бөлісуді жөн көріп отырмыз. «...1932 жылғы көктемде Садық отағасы мемлекеттен көмек ретінде алған көтерме қаржымен Шыңғыстау мен Орда өңірінен екі жүздей отбасының аш-арығын Сіләмбек қорасына жинайды. Содан жаяулап жолға шығып, жолшыбай Арқат өңірінен де жадап-жүдеген шерменделерді қосып алып, қарасы зорайып, солардың бәрін Жарма стансасына жеткізіп, жүк вагонына отырғызып, Семейге әкеледі. Онда да тұрақтамай, «Локоть», «Төмен», «Алтай» кемелеріне мінгізіп, Ертісті өрлеп, Пролетарка – Ақши (Байқала), Пляжный Яр – Сандыққала, Уба-Форпост – Қуқала, Убинка – Тараншы, Зевякино – Күшіней, Барашки – Жалаңаш, Березовка – Бәтірман, Предгорное – Қызылжар, Глубокое – Ақтас, Пропорщикова – Бидайқала, Баты – Қостөбе, ең аяғында Тұғылға дейін әр мекенде 10-15-тен отбасын қалдырып, кейбірін тәркілеу науқанында қаңырап бос тұрған кешегі ауқаттылардың қора-қопсысына орналастырып, алты ай бойы тегін сүт, ет, тағы басқа тағамдар беруді ұйымдастырады» (М.Сәрсеке, «Семей қасіреті», 202-бет).
Ақши (Байқала), Сандыққала, Қуқала, Тараншы, Күшіней, Жалаңаш, Бәтірман, Қызылжар, Ақтас, Бидайқала, Қостөбе... Атам қазақ басқадан қателессе де, ат қою, атау беруден қателеспеген ғой, шіркін! Қараңыздаршы, қандай көркем атаулар. Құлаққа жағымды, жүрекке жылы тиеді. Реті келгенде айта кетейік, жоғарыда бұрынғы тарихи атауларымен бірге аталған ауылдар қазіргі таңда Глубокое (Предгорное, Пропорщикова, Березовка), Бородулиха (Пролетарка, Уба-Форпост) және Шемонаиха (Барашки, Убинка, Зевакино) аудандарында орын тепкен. Жақында газетімізде Бородулихадағы Пролетарка ауылына бұрынғы Ақши деген тарихи атауы қайтарылатынын жазғанбыз. Ал қалған ауылдар әзірге «баяғы жартас – сол жартас» қалпында тұр. Десек те алдағы уақытта жоғарыда біз келтірген тарихи атаулар қайта оралар деп үміт етеміз.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы