Қазақстан • 08 Маусым, 2018

Таразы

850 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шығыстың ғұламасы Кон­фуций: «Ізгілік адам үшін от пен судан да керегірек» деген екен. Бүгінгі заманда, дәл біздің елге от пен судан да қажет болып тұрған дүние – Ізгілік. Ізгілік те өзінен-өзі пайда болмайтыны белгілі. Оны сол ізгіліктен қараша жұртыма пайда болсын деген жүрегі ізгі жандар жеткізеді. Сондай жанның бірегейі – Әділ Ахметов. 

Таразы

Сонау заманда табу мен эфемизмдерден бергі соқ­пақта адаспай бар ғұмырын іздеуге, ізденуге арнаған: үндістердің ататегін іздеген, қаншама сөз сырын ұғып, түркі тілімен салыстырып, көз жеткізіп дәлелдеген ғы­лым жолындағы Әділ аға­ның бүгінгі бейнесі Ізгілікті таратушы абызға ұқсайды. Бұл жолда Әділ Құрманжанұлы ең алдымен, Абай дана айтқандай, өзіне сенді, еңбегі мен біліміне сенді. Екіншісі, өз елінің тамырын, тарихын, тілін, мәдениетін жетік білген, еліне деген сенім мен мақтаныш басым болды. Үшіншісі, әр қақпаны аша алатын, сөйлесіп кете алатын, білім дариясында еркін жүзе алатын тілдерді меңгерді. Әділ ағаның қазақ тілі­нің күллі байлығын, ма­қал-мәтелдерін тұтастай бі­луі, орыс тілінде шешен сөй­леуі, ағылшын тілін алмас қылыш­тай құрал етуі, бәрі қазаққа бақ, ырыс, ізгілік әкелудің жолы болды. 

Әділ Құрманжанұлының бұрын­ғы кітаптарын да оқып, ой жүгірткенбіз. Ал қолымызға тиген «Ғасыр ғибраты» кітабын оқи отырып, әлем ғибратын таразыға салып өлшеп отырған ұлы безбенші көз алдымызға келді. «Ғасыр ғибраты» әр­қай­сымызға Жер-ананы, оның бар тіршілігін, тір­ші­ліктің иесі адамды, оның санасын сақтау­дың ­ем-дәрумені қызметін атқа­ратын Ғасыр кітабы десек, қате­леспейміз. 

Кітаптың беташары Ба­тыс­­тың Шығыс­ты мойындауы, Ли Куан Ю туралы ағылшын тілінде шыққан кітап жайында. Екінші «Ізгілік иірімі» тақырыбындағы мақаласында Том Батлер-Боу­донның «Ғұмырыңызды өзгер­туге серпінді шабыт сыйлайтын классикалық 50 кітап» атты кіта­бын терең талдайды. «Нарық пен мораль» – америкалық сая­саткер Майкл Дж.Санделдің «Ақ­ша не сатып ала алмайды?», «Сына қағылған сызат» – Но­бель сыйлығының лауреаты аме­рикалық экономист Джозеф Стиглицтің «Алапат сызат» атты сараптамалық туындысы туралы жан-жақты баяндайды. Сондай-ақ «Америкада өткен президент сайлауы» мақаласында автордың өз тұжырымы бар.Жалпы саны 43 мақаладан тұратын бұл кітаптан ал­ды­мыздағы ең аз дегенде елу жылға, Елбасымыз Нұр­сұлтан Әбішұлының елін Мәңг­ілік ел ету, дамыған отыз елдің қатарына қосу идеясын жүзеге асыру жолындағы оқу құралы, қолдан түсірмейтін кітап деуге болады. 

Ғаламдық тәжірибеде бол­а­шаққа бастайтын жол да бар, қателесу де, артық сөйлеу де бар, саяси қателіктер де бар, бәрі бар. Автор еңбекті тәуелсіз қазақ елі басқа ел жібер­ген қателікке ұрынбай, біреудің кемшілігін көріп, бо­йын түзе­сін, мықты ел болуға тал­­пынсын, қа­зақ халқының да, жастарының да әлеуеті мықты екендігін  айта отырып, даналық жол нұсқайды. Оның ар жағында «жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген ой да тұр.

Ғаламның сақталуы адам­заттың санасына, пейіліне, ізгілік әрекеттеріне тікелей байланысты екенін Әділ Құр­манжанұлы осының алдын­дағы еңбектерінде де тынбай­ айтып, жазып ке­леді. Сол себепті де осындай ең­бектер арқылы әрбір азамат адамзаттың қамын ойлап, ғалам­ды сақтауға, қорғауға тиіс екенін, жауапкершілікті екенін санасына сіңіруі керек. Мысалы, Абайдың «Адам­заттың бәрін сүй, бауы­рым деп», «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» деген гуманистік ойлар – осы­ның айғағы. 

Ал қазақтың ізгілік арқа­лаған абызы – Әділ Ах­ме­товтің бүгінгі «Ғасыр ғибра­ты» кі­табы да осындай жал­пыадамзаттық ойлар­ды ор­таға салған іргелі еңбектің бірі. 

Гүлтас ҚҰРМАНБАЙ,
педагогика ғылымдарының докторы, Назарбаев Университетінің 
профессоры, Рухани жаңғыру мәдени орталығының директоры