Мамыр айында Израиль өз кандидатурасын қайтарып алуына байланысты Германия мен Бельгия ұйымның тұрақты емес мүшелері құрамына енді. Аталған елдер БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі орын үшін «Батысеуропалық және басқа да мемлекеттер» тобында бақ сынасқан болатын.
Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне өту үшін кандидаттар Бас ассамблея делегаттарының 2\3 дауысын жинауы тиіс.
Германия мен Бельгиядан бөлек БҰҰ ҚК құрамына Доминикан Республикасы, Индонезия және Оңтүстік Африка енді. Олар 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап Кеңес үстеліндегі өз орындарын иемденеді.
Жаңа сайланған тұрақты емес мүшелер Кеңесте Боливия, Эфиопия, Қазақстан, Нидерланды және Швеция мемлекеттерін алмастырады.
Айта кетерлігі, Қауіпсіздік кеңесіне халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту жауапкершілігі жүктелген. Бұл - БҰҰ-ғы ұйымның барлық мүшелерінің шешімі міндетті саналатын бірден-бір орган.