«Егер Альварес пен Джейкобс келісімге келе алмаса, америкалық боксшы бос тұрған IBF титулын Сергей Деревянченкомен (12-0, 10 КО) сарапқа салады», - дейді менеджер Кит Коннолли. Коннолли Деревянченконың да, Джейкобстың да менеджері. Әрі бұл екі боксшының бапкері де - америкалық маман Андре Розье.
«Қазір біз «Канеломен» кездесу өткізу жөнінде келіссөз жүргізіп жатырмыз. Бірақ алдағы бір-екі күнде келісімге келе алмасақ, онда Джейкобс бұл идеядан бас тартып, Деревянченкомен жұдырықтасуына тура келеді. Мен бұл туралы Розьемен сөйлестім. Ол наразы болғанмен, жағдайды түсініп отыр», - дейді Коннолли.
Осыған дейін IBF белдігін иеленіп келген қазақстандық боксшы Геннадий Головкин үміткер саналып келген Деревянченкомен кездесуді кейінге қалдырмақ болғаны үшін айырылған болатын. Головкиннің мұндай қадамға баруына мексикалық Сауль Альвареспен жекпе-жек өткізу мәселесі себеп болған. IBF басшылығы ресми түрде қазақстандық боксшыны титулынан айырғаннан кейін мексикалық боксшының промоутері Оскар де ла Хойя жекпе-жек өтпейтінін, келіссөздер жүргізілмейтінін айтты. Алайда ол бұл кездесуді тек келер жылдың 5 мамырында ұйымдастыруға болатынын жеткізді.