10 желтоқсан Қазақ мемлекетінің тарихында ерекше күн ретінде қалатыны анық. Өйткені, бұл күні Парламент Сенаты Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Тәуелсіздігінің 20 жылдығы декларациясын қабылдады. Бұл сондай-ақ қазақстандықтардың ел үшін, ел бастаған ер үшін мақтаныш сезімін туғызған күн болғаны да күмәнсіз.
Төменде күні кеше қабылданған бұл құжат туралы сол үдерістің тікелей куәгерлері болған бір топ Сенат депутатының лебіздерін жариялағанды жөн көріп отырмыз.
Еліміздің даму символы
Людмила ПОЛТОРАБАТЬКО, Парламент Сенатының депутаты.
– Бұл құжат – еліміздің даму символы. Еліміздің тәуелсіздік жылдарында жүріп өткен жолына берілген баға. Осыдан 20 жыл бұрын Тәуелсіздік декларациясы қабылданған күн кеше ғана көз алдымызда өткендей болып көрінеді. Ал бүгін, міне, сол Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған декларацияны қабылдап отырмыз. Алдыңғы құжат еліміздің көптен бері аңсаған арманын, болашаққа деген бағыт-бағдарын, жақсылыққа ұмтылысын көрсетсе, осы жолғы Декларация мемлекетіміздің қалыптасып, оның 20 жылдағы жетістіктерін, даму деңгейін көрсететін құжатқа айналып отыр.
Бұл құжаттың ерекшелігі, ол заң жүзінде еліміздің барлық жетістіктерін бекітіп, өскелең ұрпақ алдында атқарылған қыруар істерге өз бағасын берді. Енді келер ұрпақ алдыңғы толқын ағаларының, біздің буынның тәуелсіздік жылдарында атқарған істерінен үлгі алып, елімізді дамытуда батыл шешім қабылдау арқылы Қазақстанды одан әрі өркендететініне сенімім мол. Ол үшін бізде барлық жағдай жасалған. Оған әуелі халық арасындағы бірлікті, достықты айтуға болады.
Қазақ халқы табиғатынан бітімгершіл, ешқандай алауыздыққа бармайтын, бейбітсүйгіш халық екенін жақсы білеміз. Қазақ елінің осы қасиеттері еліміздегі көптеген этнос өкілдеріне тату-тәтті өмір сүруге жағдай жасап отыр. Бұл туралы Декларацияда жақсы айтылған. Сондықтан өзге ұлттардың қазақ халқының осындай жақсы қасиеттерін түсініп, оны бағалай білуі керек деп ойлаймын. Біздің Тұңғыш Президентіміздің 20 жылдан бері жүргізіп келе жатқан саясатының мәні осында жатқанын жүрегі Отаным деп соғатын кез келген азамат білсе деймін.
Ал Мемлекет басшысының елімізде бірлікті, халықтар арасында ынтымақтастықты нығайтуда сіңірген еңбегін бүкіл әлем көріп, біліп отыр. Оны дәлелдеудің өзі артық. Соған сәйкес 1 желтоқсан, яғни Тұңғыш Президент сайланған күн жалпыхалықтық мереке күні деп белгіленді. Бұл – біздің Елбасымызға берілген биік баға.
Табыстарымызды танытар құжат
Қуаныш АЙТАХАНОВ, Парламент Сенатының депутаты.
– Біз 1990 жылы 25 қазанда Қазақстан Республикасының Егемендігі туралы декларация қабылдағанбыз. Сонда тәуелсіз мемлекет боламыз, өз алдымызға жеке ел боламыз деп талпынғанбыз. Бір жылдан кейін, 16 желтоқсанда ел тәуелсіздігін жариялаған тарихи құжат өмірге келді. Содан бері 20 жыл өтті.
Еліміз Елбасының бастауымен 20 жылда керемет табыстарға жетті. Алмағайып заманнан аман өттік. Және бізді бүгін әлем таныды, экономикалық, саяси тұрғыдан, халқымыздың әл-ауқатының артуынан алға шығудамыз. Міне, осы 20 жылдық мерекенің алдында жүріп өткен жолдарымызды саяси-құқықтық құжатқа жинақтап отырмыз. Біз ешкім білмейтін елден әлемдік саясатта белді ойыншыға айналдық, жеткен жетістіктеріміз бар деп оны сараптап отырмыз. Бұл – тек бүгінгілерге ғана емес, ертеңгі ұрпаққа да қажет құжат.
Еліміздің табыстарын бағалай отырып, біз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылығы арқасында осы биікке көтерілгенімізді де құжатта бекемдедік. Ал бүкіл ел болып қазақ тарихында тұңғыш рет Президент сайлаған күн де ел шежіресінде ойып тұрып жазылатын күн болатын болды. Сол себептен 1 желтоқсанды мемлекеттік мереке етіп белгілеуге бірауыздан дауыс бердік.
Қазақ тәубешіл халық. Тәубемізден жаңылмай, ауызбіршілігімізге көлеңке түсірмей, сол баяғы ата-бабадан келе жақтан асыл қасиеттерімізді келер күнге жеткізсек, Қазақ елінің ертеңі жарқын болатынына шүбә жоқ.
Тәуелсіздік – ұлы ұғым. Халқымыз үшін оның орны ерекше. Мәселе, осы тәуелсіздігімізді жыл өткен сайын нықтап, әлем сахнасында өз биігімізден көріне білу – біздің елдігімізге сын. Өйткені, бізден саны көп болғанымен, өз алдына мемлекеті жоқ елдер бар екендігі белгілі. Бұл – біздің бағымыз, ата-бабалар арманының жүзеге асқандығы, осы жолда көз жұмған асыл ерлеріміздің қанының босқа төгілмегені.
Төгілген тердің төлеуі
Михаил БОРТНИК, Парламент Сенатының депутаты.
– Декларация қабылдануының тарихи тұрғыдан заңдылығы бар деп санаймын. Біздің табысты да жемісті қадамдарымыз, Қазақ елі атқарған жұмыстардың нәтижесі осы Декларацияда көрініс тауып отыр. Оның әрбір жолына мән беріп оқысақ, әр жолдың артында өзіміз куә болған қандай еңбектің жатқанын көреміз. Өйткені, Декларацияда көрсетілген әрбір табыста қазақстандықтардың маңдай тері бар. 20 жыл ішінде біз қандай қиындықтармен күресіп, жеңіп шықтық, онымен қоса, табыстарға кенелдік – бәрі қамтылған.
Декларацияда келер ұрпаққа біз сіздерге қандай мұра қалдырып отырмыз, сіздер енді соны еселеңіздер деген үміт артылады. Олар да ертең тарихты парақтап, бізбен бірге тәуелсіздігін жариялаған елдермен біздің табыстарымызды салмақтап байқар, сонда әкелерінің, аталарының 20 жылдық табыстарына көздерін жеткізеді деген ойдамын. Өйткені, Қазақстандағыдай мүмкіндік солардың барлығында да болды, бірақ дәл біздей пайдаланған жоқ. Сондықтан Декларацияда біздің экономика, саясат, әлеуметтік салалардағы табыстарымыз нақтыланып, оның нәтижелері жан-жақты атап көрсетілді. Ал табыстар дегенде Елбасы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев есімінің аталуы табиғи жағдай.
Біз Еуразия кеңістігінің қақ ортасында – Батыс пен Шығыстың, мәдениеттер мен этностардың, діндер мен ділдердің тоғысқан жерінде тұрмыз. Біз осы ұстанған саясатымызбен, бейбіт бастамаларымызбен алға қойған биік мақсаттарымызға бүгінгі қалпымыздан айнымай жете берсек, кім-кіммен де терезесі тең ел болатынымыз анық.
Ал бұған алғышарттар жеткілікті. Біріншіден, Нұрсұлтан Назарбаевтай сара Мемлекет басшымыз бар. Бірлігі жарасқан тату-тәтті халқымыз бар. Осының өзі екі елдің бірінің басына қонбаған бақ. Мұны қазақстандықтар жақсы түсінгендіктен де, айналасы жиырма жылдың ішінде ғасырға белгісіз жетістіктерге қол жеткізе алдық.
Әркімнің өз үлесі бар
Самат ЕСКЕНДІРОВ, Парламент Сенатының депутаты.
– Қазақстан Республикасы Мемлекеттік тәуелсіздігінің 20 жылдығы декларациясы аса маңызды саяси құжаттардың бірі болып табылады. Ол – бүгінгі заман адамдарына ғана емес, келер ұрпақ үшін де салмақты, сабақ аларлық дүние. Адамның рухын көтеретін, патриоттық сезімін селк еткізетін Декларацияның тарихи құндылығы күн өткен сайын айшықтала түсетіні тағы анық.
Менің пайымымша, Қазақстанның жиырма жылда жүріп өткен жолы, еліміздің осы аз уақыт ішінде орын алған екі қаржы-экономикалық дағдарыстардан еңсе түсірмей шығып қана қоймай, табыстарын еселей түсуі – қалай айтсақ та жарасатын жетістіктер. Бұған қоса, Отанымыздың бейбіт те өміршең бастамалары мен интеграцияға ұмтылысы, әлемді руханият төріне қарай жетелеп, бір үстел басына қатар отырмай келген дінбасыларының басын қосып, бірнеше қайтара съезд өткізуі әлемдік келісім үдерісіне қосқан үлкен үлесі екені айтпаса да түсінікті.
Қазақстанның жиырма жылда қол жеткізген, бүкіл дүние жүзі танып мойындаған үлкен табыстарына ядролық қаруынан өз еркімен бас тартып, әлемдегі аса ірі ядролық сынақ полигондарының бірі – Семей полигонын жабуын, ЕҚЫҰ сияқты халықаралық беделді ұйымдардағы табысты төрағалығын жатқызуға да әбден болады. Бұған елімізді мекендейтін сандаған ұлт өкілдерінің татулығын, конфессиялардың келісімін қосқанның да еш артықтығы жоқ. Өйткені, дана халқымыз «Бірлік бар жерде тірлік бар» деп кейінгі ұрпағына ұлағатты сөз қалдырған. Олар бұл ұлағатқа адалдық танытып келсе, бұдан тек ұтысқа шығып отырмыз.
Декларацияда еліміздің барлық саладағы жетістіктері жан-жақты атап көрсетілді. Маған ауыл шаруашылығы саласы жақын болғандықтан, тарихи құнды құжатта агроөнеркәсіп кешеніне байланысты айтылған жәйттер аса орынды көрінді. Себебі, мұнда менің де үлесім бар. Тұтастай алғанда, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік тәуелсіздігінің 20 жылдығы декларациясынан әрбір қазақстандық өз үлесін көреді ғой деп ойлаймын.