Халық қалаулылары перинаталдық , кардиологиялық орталықтарда, № 3 аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесінде болып, жағдаймен танысты.
Перинаталдық орталық заманауи құрал-жабдықтармен 76 пайыз жабдықталған. Мұнда жыл сайын орта есеппен 5 мыңға жуық сәби дүниеге келеді.
Кардиологиялық орталықта да қалыптасқан тәжірибелер аз емес. Жылына жүрекке 600-ге жуық ота жасалады.
«Нұр Отан» партиясының «Қазақстан–2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» сайлауалды бағдарламасының «Денсаулық» бағыты бойынша өткен көшпелі комиссия мәжілісін ашқан Зәуреш Аманжолова Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерге орай атқарылып жатқан медициналық шаралардың маңыздылығын атап өтті.
Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ләззат Ақтаева елімізде менингит ауруы тұрақты бақылауға алынғанын, ешқандай қауіп жоқ екенін жеткізді. Оның айтуынша Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола облыстарында өткен жылы бала туу көрсеткіші мен халықтың табиғи өсімі кеміп кеткен. Сондай-ақ Қызылжар өңірінде ана өлімі, инфекциялық жұқпалы аурулар көрсеткіштері жоғары.
Мәжіліс депутаттары Иван Клименко, Ольга Шишигина, Маринэ Микаелян жергілікті жерлерде медициналық саланы жақсарту, қауіпті дерттердің алдын алу жайлы ой-пікірлермен бөлісті.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»