Аймақтар • 10 Маусым, 2018

Петропавлда екі қабатты үйдің қабырғасы опырылып түсті

306 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыс орталығында осыдан 4 жыл бұрын апаттық деп танылған тұрғын үйдің қабырғасы ақыры құлап тынды.

Петропавлда екі қабатты үйдің қабырғасы опырылып түсті

Мұнда бүгінге дейін 5 отбасы тұрып келген. Далада қалған  отбасылардың біреуі ғана жайлы орынға орналастырылған. Қалғандарының қайда түнері белгісіз.

Түн ортасында шырт ұйқыдан шошып оянған Гүлжан Ильясова  осы үйде жұбайы және екі баласымен 2011 жылдан бері тұрады екен. Тұруға жарамсыз екенін біле тұра амалсыз паналап келген. Пәтер кезегінде 47-ші болып тіркелген. Қазір қайда бас сауғаларын білмей дал.

«Басқа тұратын жеріміз жоқ. Күйеуім ғана жұмыс істейді. Пәтер жалдай алмаймыз.  Осы себепті апаттық баспананы мекен етуге мәжбүр болдық. Пәтеріміздің бір қабырғасы қисайып тұр», дейді ол.

Қала  әкімінің орынбасары Евгений Глотов жағдайдың бақылауда тұрғанын жеткізді. Бірақ оқыс оқиға орын алады деп ойламапты. Қаржы немесе пәтер іздестіріп жатқан көрінеді. Апаттық үйді мекендеген жалғызбасты кейуанаға жатақханадан уақытша бір бөлме беріліпті. Оны құдай сақтапты. Түнгі 12-лер шамасында қабырға сықырлай бастағанда көшірілген. Іле-шала қабырға жалп ете түскен.

Бүгінде қала бойынша 18 тұрғын үй апаттық деп танылған. Оларда шамамен 200-ге жуық адам жанын шүберекке түйіп, тұрып жатыр.

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»