Қазақстан • 11 Маусым, 2018

Сенат және Мәжіліс депутаттары жұмыс сапарымен Қызылжар өңірін аралады

533 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сенат және Мәжіліс депутаттары жұмыс сапарымен Қызылжар өңірінде болып, агроқұрылым жетекшілерімен кездесті. Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттер мен талаптарды талқылап, проблемаларды бірлесіп шешудің жолдарын қарастырды.

Сенат және Мәжіліс депутаттары жұмыс сапарымен Қызылжар өңірін аралады

Халық қалаулылары алдымен «Тайынша Май» ЖШС-не ат басын тіреді. Қытайлық инвес­торлардың қаражатына салынған зауыт жылына 300 мың тонна майлы дақылдарды ұқсата алады. Өнімдердің алғаш­қы легі Қытай, Ресей, Иран мемле­кет­теріне сатылыпты. Депутаттар одан кейін осыдан сегіз жыл бұ­рын жұмысы тоқтап қалған «Биохим» зауытының заңды мұра­­гері мәртебесін алған «Bio Operations» ЖШС-не келіп, қал­пы­на келтірудің кешенді шара­ларымен танысты. Зауыт дирек­торы Сәбит Ахметов заманауи қон­дырғылар мен құрал-жаб­дықтар сатып алуға 11 миллиард теңге жұмсалғанын, биыл 5 миллиард теңге қарастырылғанын жеткізді. Жылына 250-300 мың тонна астық өңделіп, ұн, крахмал, балуыз, көмірқышқыл газы, этиль спиртімен қатар негізгі өнім – биоэтанол алуға бағдарланған жобаның келешегі кемел. 200 адам жұмыс істейді. «Масло-Дел Петропавл» зауыты 2 миллиард долларға қайта жаңғырту жұ­мыс­тарын жүргізілгелі жылдық қуаттылық қосымша 32 мың тоннаға көбейген. Былтыр 22 770 тонна сүт өнімдерін өңдеп, Астана, Алматы, Ақтау, Атырау, Қара­­ған­ды, Қостанай аймақтарын қам­тып отыр. «РимКазАгро» ЖШС тез өнімдер әзірлейтін жоба­ның екінші кезеңін іске қосып, 58 адам­ды жұмысқа орналастырған. Жылдық қуаты 122,5 мың тоннаға дейін ұлғайған. 

С.Мұқанов атындағы ғылы­ми-көпшілік кітапханада өткен «Өңір» депутаттық топтың көш­пелі мәжілісіне Ақмола, Қос­танай, Солтүстік Қазақстан об­лыс­­­тарының ведомство бас­шы­­лары, агроқұрылым жетек­шілері мен өкілдері қаты­сып, негізгі тақырыпқа облыс­тың ауыл­шаруашылық өнімдерін тереңдетіп өңдеудегі іс-тәжірибелері мен осы саладағы проблемалар және шешімін күткен толғақты мәсе­лелер арқау етілді. Алқалы жиын­ды депутаттық топтың жетек­шісі Михаил Бортник жүргізіп отырды. Ол кіріспе сөзінде «Төр­тін­ші өнеркәсіптік революция жағдайындағы даму­дың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауын­да ай­тылған еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы тиіс аграрлық саясатқа ерекше екпін түсіре келіп, кейбір мәсе­лелерде түйткілдердің бар екенін де жасырмады.

Жиналғандар алдында Ауыл шаруашылығы министрінің бі­рін­ші орынбасары Арман Евниев баян­дама жасап, 2017-2021 жылдар­ға арналған агроөнер­кәсіптік кешен­ді дамыту бағдарламасына ен­гізіл­ген өзгерістердің себептерін тү­сін­дірді. Елбасы биылғы Жол­­дауын­да мемлекет бизнеспен бір­ле­сіп, отандық өнімді халық­ара­лық на­рыққа шығарудың стра­те­­гия­лық жолын тауып, ілгері­лету, жерді барынша тиімді иге­ре­­тін­­дерді ынталандырып, дұрыс пай­да­лана алмайтындарға ша­ра қол­­дану, тиімсіз субсидия­лар­ды ауыл­ш­аруашылық кешені субъек­тілеріне арналған банк не­сиелерін арзандатуға қайта бағыт­тау қажет­тігін атап көр­сет­кені мә­лім. Бұл міндет­тер­ді ағымдық шар­а­­лар­мен қамта­масыз ету қиын. Осы се­бепті бағдарлама аясында жек­е­леген салалар бойынша қар­қын­д­ы дамыту мүмкіндіктері жан-жақ­ты қарастырылып, жүйелі қол­дау көрсетілетін болады, дей ке­ліп, сапалы, экологиялық таза өнім­дер өндіру, ішкі нарықты қор­ғау, сауда-ло­гис­тикалық жүйені қал­­пына кел­­тіру, экспортты жандан­дыру, қо­­лайлы нарық көздерін із­дес­тіру, ауыл­­дық аумақтарды өр­кен­д­ету, түп­кі нәтижеге жауап­керші­­лікті арт­­тыру, элиталы тұқым шаруа­шы­­­лық­­т­арын құру жайттарына тоқталды. 

 Облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров облыстың қайта өңдеу, экспорт­тық әлеуетіне қатысты алда атқа­ры­латын жоспарлармен бөліс­се, «Зенченко және К» коман­дит­тік серіктестігінің дирек­торы Геннадий Зенченко, «Молпродукт» ЖШС-нің басшысы Роза Сүлейменова, «Тайынша-Астық агрофирмасының жетек­шісі Анатолий Рафальский, тағы басқалары сөз алып, субсидияландыру, қаржыландыру, шикізаттың тапшылығы, импорт үлесінің басымдығы, отандық өнімдерді сыртқа сату мәселелеріне қатысты өз ойларын ортаға салды.

 Парламент Сенатының депутаты Ерік Сұлтанов бірде-бір ұсыныстың аяқсыз қалмайтынына сендірді. 

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше