Аймақтар • 11 Маусым, 2018

Ресейлік қазақтар Қостанайдағы киелі жерлерді аралады

355 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Конференция тақырыбы «Рухани жаңғыру және ресейлік қазақ диаспорасы: жаһандану жағдайында ұлттық құндылықтарды сақтау және жаңғырту  мәселелері» деп аталды. 

Ресейлік қазақтар Қостанайдағы киелі жерлерді аралады

Оған  Ресейдің  Қостанаймен шекаралас  Челябі, Қорған, Орынбор және Свердлов облыстарынан  қазақ диаспорасы ұйымдарының өкілдері шақырылды. Конференция жұмысына Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының қызметкері Таалпбек Тынысбек қатысып, ұйымның бүгінгі атқарып отырған жұмысы туралы ресейлік қазақтарды  хабардар етті.  

Осыдан бес жыл бұрын Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Қостанай филиалы ашылған болатын. Осы  уақытта ұйым Ресейдің іргелес облыстарындағы қандастардың ана тілін, дәстүрін ұмытпауы және ата мекенмен байланысын үзбеуі үшін көптеген жұмыстар жүргізді. Бұл жөнінде  конференцияда филиал жетекшісі Нәзира Жәрімбетова айтып берді. Сондай-ақ Қазақстан көп ұлттың құтты мекені, осы жөнінде Қазақстан  халқы Қостанай облыстық ассамблеясының хатшылығының меңгерушісі Бибігүл Аққожина,  елімізде  іске асырылып жатқан «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы жөнінде  саясаттанушы ғалым Әлімжан Бекмағамбетов айтып берді. Сонымен қатар, облыстық Тілдерді дамыту басқармасының оқу орталығы мамандары жасаған  шет ел қазақтарына арнап жасалған қаақ тілін оқыту бағдарламасымен Челябі облысының қазақтары бес жыл бойына тіл үйреніп келеді. Осы істі ұйымдастырушы Тілдерді дамыту басқармасының бөлім меңгерушісі Бақытгүл Сүйлейменова баяндады.  Ресейдің іргелес облыстарынан келген қазақ диаспорасының өкілдері де өздерінде  жас ұрпақтың  ұлттық құндылықтарды ұмытпауы үшін  жүргізіп отырған жұмыстарын ортаға салды.

«Орынбор облысында 125 мың қазақ тұрып жатырмыз. Бармасаң, келмесең жат боларсың деген. Мүмкіндігінше атамекенмен байлпанысты үзбеуге, тілді ұмытпауға тырысып, түрлі шаралар өткіземіз. Қостанайдағы конференциядан да көп мағлұмат алдық, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызын шет елде жүрген қазақтар да білуі тиіс, өйткені бұл  ұлттың ртақ проблемасы» деді Орынбордағы «Бәйтерек» қайырымдылық қорының төрайымы Сәуле Тәйкешева.

Ресейлік қазақтарға Қостанайдағы сакральды орындар көрсетілді, қол өнер бұйымдарының көрмесін тамашалады.  

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай