12 Маусым, 2018

Жедел жәрдем дабылы

670 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Атам қазақтың тілеуі де, тілегі де адамның денсаулығы болған. «Дені саудың малы түгел, мұңы жоқ» деуі содан шығар.

Жедел жәрдем дабылы

Қазір техника мен технологияның дамыған заманы. Ұлт ағартушысы Ыбырай Алтынсарин бір замандары көрегендікпен айтқан: «Айшылық жерден жылдам хабар алғызған» деген дәуір бір кездері қиял болса, енді ақиқаттың айдынында аққудай жүзіп, халықтың қажетін өтеп жатыр.

Осындай бәсекелестіктің бәсі қызған уақытта ел ісін, жұрт тірлігін оңалту жұмысы алға озып тұр. Бұл тікелей денсаулыққа қатысты десек, артық айтқандық емес. Мұндай келелі шаруаны азаттық алған күннен бастап Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір сәт те назардан тыс қалдырған жоқ. Әсіресе адам денсаулығына ерекше мән беру керектігін қай кезде де алға тартып отырды. Әр жылдардағы Жолдауында, «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты айтулы еңбегінде «Ұлт денсаулығы – біздің табысты болашағымыздың негізі. Денсаулық сақтаудың ұлттық жүйесін ұзақ мерзімді жаңғырту аясында біз елдің барлық аумағында медициналық қызметтер сапасының бірыңғай стандарттарын енгізуге, сондай-ақ медицина мекемелерінің материалдық-техникалық жабдықталуын бірыңғайландыруға тиіспіз» десе, «100 нақты қадамда» медициналық қызмет көрсетудің алдыңғы қатарлы жүйесін енгізуді тапсырған еді.

Бірақ экологияның бұзылуынан ба, әлде тағам сапасының төмендігінен бе, болмаса әлеуметтік жағдайдың кемдігінен ба түрлі аурулар бел алып, әуреге түсіріп келеді. Соның бірі, біраздан бері жұртты әбігерге салған менингит дерті дер едік.

Осындай кеселді ауыздықтауда жедел жәрдем қызметінің жөні бөлек екені белгілі. Бір атап өтерлігі, бұл қызмет түрі Отанымызда тегін көрсетіледі.

Ал мұндай қызмет түрі дамыған елдерде қалай екен дегенге келсек, АҚШ та ақылы түрі қолданылады. Шақыра қалсаңыз 15 доллардан 1727, одан да көп доллар төлейсіз. Сол секілді ол елде жедел жәрдем шақыру бағасы әр қалада әрқалай. Ал Германияда 200-300 евро көлемінде екен. Әрине оларда бұл үрдіс баяғыдан қалыптасып, орныққан. Оған ешкімнің дау-дамайы болмайды. Сондықтан да ол елдердегі азаматтар өзіміз көп айтатын «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеуді» алға оздырып, дәрігерлік тексеруден уақытында өтуді, күнделікті демалысыңды дұрыс ұйымдастыруды, тамақ ішудің кестесін қатаң сақтауды, жүйкені орынсыз жұқартпауды күні бұрын ойластырады, жоспарлап қояды. Осындай әрекеттің нәтижесінде жедел жәрдемнің қымбат «торына» түспеуге тырысады. Бірте-бірте біз де осындай жолға түсетін шығармыз.

 Басты айтпағымыз, еліміздегі шақырылған жедел жәрдемнің дер кезінде келуі туралы еді. Уақытылы келмейтініне сын айтылады, бірақ оның әр алуан себептері бар. Соны төмендегі байламдардан іздеп көрсек дейміз.

Жедел жәрдем көлігінің ащы айқайын естігенде, көз алдыңа үлбіреген ұл мен қыз, хал үстіндегі жас-кәрі келеді. Жан дүниесі әлейім-тәлейім болып ақ халатты абзал жаннан араша тілеген жәутеңдеген жанарлар елестейді. Бірақ сол техниканың ащы даусына мән бермей, өлім мен өмір арбасып жатыр-ау мына жалған дүниеде демей, сәл ығысып жол бермей, жонын көрсетіп сіресіп қалғандарды байқағанда ол да адам еді ғой, басына бермесін дейсіз. Әйтсе де басыңа келсе баспақшыл болатының және бар.

Сондай бір жедел жәрдем көлігі қызыл жарығын жарқылдатып, «ойбайға» басып, алдында тұрған есік пен төрдей «джиптерден», сүліктей сұлу «мерседестер» мен «тойоталардан» жол беруін өтінеді. Бірақ оған ыға қоймайтындар төбе көрсетіп қалады. Интернет кеңістігінде жүрген бір көріністе, машина қозғалғанда адам тағдырына араша сұрағандар солға бұрылуға ыңғайланды. Тура келе жатқандар да шым етпеді. «Біз де асығып барамыз» дегендей, қойдай шулады.

Жаны күйзеліп, тәні ауырған адамның сол сәттегі хал-жағдайын ұқпайтын бұл неткен асығыстық, неткен қатыгездік, өзімшілдік?! Әлде бұл капиталистік қоғамда қара басын ғана ойлайтын пенделердің қыңыр қылығынан ба демеске шараң жоқ. Осындай қаптаған көліктердің кесірінен өрт кезінде, өзге де тосын оқиғалар барысында жұрт зардап шегетін жағдайлар аз болмайтынын кез келген адам білсе керек. Әсіресе зәулім үйлердің ауласындағы көлік кептелісі шиеленісіп тұр десек, қателесе қоймаспыз.

Заң бойынша жедел жәрдемге әр көлік жүргізушісі жол беруі тиіс. Сұрастырып көрсек, талай азамат жол бермегені үшін айыппұл төлепті. Дегенмен солардың қатарында айтқандары, дегендері болып, кез келген жанға есеп бере қоймайтындар да бар ма екен?

Жалпы, жедел жәрдемнің жарығын елемейтін, ащы үнін құлақтан асырып жіберіп заң талабына атүсті қарайтын азаматтарға тыйым
болуы керек. Қыл үстінде, найза ұшында ажалмен арпалысып, өмір қызығын, бір сәттік жарықты көруге құштар, жан алып, жан беріп қайсарлық танытқан адам мен жүргізушіге: «тез...тез, жүрсеңізші» деп шырылдаған дәрігердің сол тұстағы сан түрлі ой жетегіндегі болмысын, былайғы асыққандар ұғуы, түсінуі, түйсінуі тиіс. Әсіресе екпіні басым есер, еркетотай қыз, қыңыр мінез ұл, құлақтарындағы тығынды алып, ұялы телефоннан бір сәт көзін аударып, жедел жәрдем көлігіне жол берсе, тіршілік үшін жанталасқан жанға жанашыр болып, оған бір сәттік жарық дүниені сыйлауы мүмкін ғой. Данышпан Абай: «Адамды сүй, Алланың хикметін сез» дейтін еді ғой. Ендеше, адам тағдырына сергек қарау әр азаматтың қасиетті борышы деп білсек, қане.

Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»